« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өткеннің өнегесін ұмытпауға, тарихтың тәлімін ұлықтауға үндейді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді насихаттаумен қатар елі үшін еңбек етіп, артына үлгі болар іс қалдырған азаматтарды бүгінгі буынға үлгі етуге шақырады. Тегінде азамат қайраткер болып, аспаннан түсе қалмайды. Көп оқып, көп ізденістің ізінде жүреді. Өз қызмет саласын бес саусақтай меңгерген, Арал ауданындағы балық шаруашылығының үздік ұйымдастырушысы Төлебай Орынбаев ағамыз сондай жан еді.
Төлебай аға жастайынан Қуаңдария мемлекеттік моторлы қайықпен балық аулау станциясында (МРС-та) балық аулау нұсқаушысы қызметін атқарыпты. Кейін Қасқақұланның белгілі тумасы Шамау Ибрашев екеуі Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Анапа қаласындағы үшжылдық балық шаруашылығы колхоздары төрағаларын дайындайтын оқуға түседі. Ол кезде балық шаруашылығының дипломды кадрлары жоқтың қасы. Екі азамат бұл оқуды 1958 жылы ойдағыдай бітіріп елге келеді. Төкең мен Шамау ағамыз араларынан қыл өтпестей ағалы-інілі дос болған азаматтар еді. Екеуі де балық шаруашылығының ыстығы мен суығына берілген ерен майталмандары болды.
1965 жылдың ақпан айында мен Арал аудандық партия комитетінің өндіріс, көлік-байланыс бөлімінің меңгерушісі болып бекідім. Ол кезде кадр мәселесіне қатаң қарайтын кез. Оның бер жағында, бірінші хатшы Тәкей Есетов облыстық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеген, облыстың бірінші басшысының талабын жақсы біледі. Үш-төрт ай өтпей-ақ Т.Есетов мені шақырып алып «Құдайберген, балықшы колхоздарының басқармалығына беделді, іскер, тәжірибесі мол бір адамды обкомға ұсынайық. Біздерді келешек ұятқа қалдырмайтын болсын, мұқият қара, дайында» деп тапсырма берді. Сол тұста таңдауымыз Төлебай ағаға түсіп еді.
Ол кезде Төкең аудандағы «Райым» балық колхозын басқаратын. Балық колхоздарында жоспарды орындау үшін балықшыларды маусымына қарай теңізге, көлге, дарияға 1-1,5 айға көшіріп отырады. Бұл айтуға оңай болғанымен, атқарылуы өте қиын шаруа. Төкең соның бәрін дау-дамайсыз ұйымдастыра білді. Жұрттың тілін тапты, бастықпын деп шіренбей, шаруамен келген жұртты риза етуге тырысты. Төкеңе бүгінге дейін райымдықтардың ықыласының бірде-бір кемімеуі соның айғағы деп білемін.
Мен 1956 жылы Гурьевтегі Бүкілодақтық балық шаруашылығы техникумын бітіріп келгесін, мамандығым бойынша балық аулау нұсқаушысы болып Төлебай ағаның қызмет істеген жерлерінде, «Қызыл балық», «Аманөткел», «Райым», «Шевченко» балық колхоздарында жұмыстарда болдым. Және де Қуаңдария мемлекеттік моторлы қайық аулау станциясын үш жылдай басқардым. Сонда Төкеңе деген халықтың зор ықыласын көрдім. Төкеңді дархандығы үшін халық жақсы көретін. Өзі орысшаға да, қазақшаға да сауатты. Сөзге жүйрік. Жұмысшыларына кек сақтамайды. Кешірімді. Жастың да, үлкеннің де тілін таба біледі. Жұмыс десе, түрегеліп тұрып ұйықтайтын жанкештілігі және бар. Ауыра қалса, жолда жүріп емделеді, күн-түн жүрсе де, түнделетіп келсе де, таңғы сағат 6-да тіп-тік, тап-таза жұмысшылардың алдында тұрады. Ол жүрген жерде халықтың көңілі көтеріңкі.
Төкең 1967 жылдан аудандағы ең ірі Бөген мемлекеттік балық аулау базасының бас инженері қызметінде болды. Мұнда да басшылық, ұйымдастырушылық қабілетімен көрініп және ел ішіндегі беделі ескеріліп, Бөген машина-мелиоративтік станциясына директорлыққа бекітілді. ММС деп аталатын бұл мекеме аудандағы балық ауланатын көлдерді суландыру жұмыстарымен айналысатын. Бұл қызметті ол зейнет жасына дейін атқарды. Одан соң екі жыл тәлімгер ретінде тағы да еңбек етті.
Еліне еткен ердің еңбегі ескерусіз қалмайды. Себебі Төлебай аға сол ММС мекемесіне директорлық қызметке келгеннен бастап өзінің туған жері Қаратереңдегі Кәрітұма көлін бөгеттеуді талай басшының алдына мәселе етіп көтеріп жүретін. «Кәрітұма бөгеттелсе, су сақталады. Көлде балық көбейеді, аң-құс, шөп те молаяды, қыста мұз қатқанда қамыс іші малға пана болады. Бұдан басқа Тоқпанға, Қасқақұланға, Құйылысқа баратын жол қысқарады» дейтін еді, жарықтық. Осы жұмысты Төкең ақыры бітіріп, туған жеріне игілікті іс істеп кетті. Қаратереңдіктер де ерен ұлдарының бұл еңбегін ескеріп, бөгетке «Төлебай бөгеті» деп ат беріпті. Азаматтың туған жерге туын тіккені осы емес пе?!
1974 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып жүргенімде аудандық оқу бөлімінің бастығы Ебейсін Исаев, аудандық сауда бөлімінің басшысы Тілес Бохаев үшеуміз Бөген арқылы Қасқақұлан елді мекеніне бара жатып Төлебай ағаға жолықтық. Сапар мақсаты – келешегі жоқ кіші елді мекендерді жабу туралы Арал аудандық партия комитеті бюросының қаулысын халыққа түсіндіру. Төкең шаруамызға қаныққасын, ақылын айтты. Үйден шығарда «Қарағым, Құдайберген, бара жатқан жерлерің киелі де, қасиетті жер. Халқы момын, сыпайы. Сіздерге қарсы сөз айтпас» деп еді. Аға айтқандай болды да шықты. Ел шешімді түсіністікпен қабылдады.
Өмірде екі ақиқат бар дейді. Ол тумақ және өлмек, ал осы екеуінің арасы күрес. Өзі басқарып тұрған ұжым мен жұмыс үшін жанын аямаған басшының бірі Төлебай Орынбаев ағамыз еді. Сондықтан да ел оның есімін қастер тұтып, көңіл төріне қонақтатады. Азаматын ардақтай білген елдің еңсесі еш уақытта төмен болған емес.
Құдайберген САРЖАНОВ,
ҚР өндірісіне еңбегі сіңген қайраткер.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |