« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Нарықтық қатынаста істің көзін тауып, нақты еңбек еткеннің бәсі жоғары. Әр адам өз бейіміне қарай өнімді әрекет етсе, тарықпайды. Әлеуеті артып, өзгелерге жұмыс тауып беруі де мүмкін. Жаңақорған ауданының Қосүйеңкі ауылында тұратын Оспанхан Мұсаев әуез аспаптарын жасаумен шұғылданады. Оспанхан жасаған аспаптарды өнер иелері жоғары бағалайды.
– Мектепте еңбек технологиясынан дәріс беремін, жұмыстан тыс уақытта, үйімдегі шеберханада түрлі аспаптарды жасаймын. Тек музыкалық аспаптарды ғана емес, күнделікті тіршілікке қажетті тұрмыстық заттарды да жасап беремін,– дейді ол.
– О, онда нағыз бесаспап өнерлінің өзі болдың ғой, – деп көтермелеп қойдық інімізді.
Ұсталық сүйегінде бар екен бүгінгі кейіпкеріміз Оспанхан Мұсаевтың. Атасы Артайдан бастап Маханбет, Ержанға жалғасып келе жатқан шеберлік көрінеді. Ол кісілер ат салатын ер шапса, жаңа айтылған күбі, келі-келсаптың түр-түрі осы ауыл шеберлерінің қолымен шабылған еді. Сол үрдіс әлі үзілмей, ордабұзар отызынан ұзай қоймаған бұл жігітке қонған секілді. Оның үстіне шеберлігін шыңдау мақсатында Қызылордадағы жоғары білім ордасында төрт жыл оқып, технология пәнінің маманы болып елге оралды. Содан бері он төрт жыл сырғып өтіпті, бұл күндері оның тәжірибесі толыса түскен сияқты. Өйткені, Оспанхан шебер жасаған домбыра, қобыз, күбі мен келі-келсапқа сырттан да сұраныс көп. Жақында ғана Түркістан облысының Шардара ауданынан келген Құнанбай деген азамат төрт бірдей қобыздың жасалуын жата-жастана күтіп, алып кетті. Шымкент қаласынан да келіп, тапсырыс беретіндер жеткілікті.
– Мына домбыраны шиелілік қолқа салушының өтінішімен істеп жатырмын, осы демалысқа қарай келіп, алып кетеді. Ұлттық аспабымыз – домбыраны әспеттеп, аламан байқау ұйымдастырып жатқан ұлтжанды азаматтарымызға мың рақмет. Расында, Қадыр ағамыз айтпақшы: Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! –дейді шеберіміз сабырлы қалпы. Ұстаның сыр сандығынан білгеніміз, ол көбінесе әуез аспаптарын жасау машығына жиде және қара ағаштарды пайдаланады екен. Кесіп алған соң, бес-алты ай кептіріп барып ғана қажетті мақсатқа жұмсайды.
– Сол секілді тапсырыстың ерекшелігіне қарай, қарағай, қызыл ағаштар да әкелінеді, – деп шеберлік сырын аша түсті ол. Әңгімелесе келе оның айына 15-20 әуез аспаптарын тапсырыс бойынша жасап шығатындығына қанықтық, бұл, әрине, көп қажырлы, еңбекті қажет етеді. Сол қасиет Оспанхан Мұсаевтың бойында жеткілікті.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы,
Қосүйеңкі ауылы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |