« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасымыз Н.Назарбаев 2017 жылы Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының үшінші жаңғыруын жариялай отырып, экономиканың жаңа драйвері ретінде қуатты агросектор құру жөніндегі перспективалық міндет-терді жүктеді. Ал ең бастысы, аталған бағытта жаңа мемлекеттік агро-өнеркәсіп кешенін өркендету бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Осы кезде біздің есімізге кезінде Қызылорда қаласының дәл іргесінде орналасқан қаракөл қой шаруашылығы тәжірибе станциясы мен Аманкелді атындағы экспериментальды қаракөл қой совхозының біріктіріліп, ғылым мен шаруашылықты ұштастырған бастама түсе кетті.
Кезінде асылтұқымды жоғары статусқа ие, бірыңғай сұр түсті, бұхар типті 40 мың қаракөл қойын өсірген аталған шаруашылық бүкіл Қызылорда облысының және республиканың қаракөл қойын өсіру жөніндегі өндірісінің локомотивіне айналып, ғылыми-тәжірибелік жұмыстардың орталығы және совхоз директорларын оқытатын бірден-бір үйрену мектебі болғандығы көпке аян.
Аманкелді атындағы экспериментальды қаракөл қойын өсіретін кеңшарды мақсаты ортақ, салалас ғылыми-тәжірибе стансасымен бірге 20 жылға жуық басқарған ғалым-зоотехник, биология ғылымының кандидаты Нұрман Әліұлы Жүндабеков алғашқы күндерден-ақ жалынды жұмысы, қарымды қызметімен көзге түсіп, ерекше құлшынысымен есте қалды.
Оның қарауындағы тәжірибе стансасы әуелде тікелей Мәскеудегі «Союзкаракульпром» ғылыми-өндірістік бірлестігіне, кейіннен Шымкенттегі Қаракөл қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына ал одан соң Қазақ КСР Ғылым академиясына тікелей қарасты болды, солар арқылы ғылыми басшылық жасалып, қазынадан қаржыландырылды. Ал кеңшар шаруашылық есеп бойынша жұмыс істеп, негізінен өзін-өзі қаржылай қамтамасыз етті.
Жас ғалым-директордың жұмысты жаңа талапқа сай ұтымды ұйымдастыруының нәтижесінде кеңшар облыс және аудан басшылығының қолдауымен сол тұста жан-жақты үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Алдымен Аманкелді ауылы мен Сырдария ауданының орталығы Тасбөгет пен екі аралықта даңғыл асфальт жол төселді, қоныс ішіндегі шаңдағы шығып жатқан көшелер жөнделді.
Атап айтқанда, өткен ғасырдың 70-80 жылдары 1100 гектардан астам жер инженерлік жүйеге келтіріліп, жоңышқа, жүгері мен бидай егілді. Үлкен жем-шөп цехы салынып, толық рационда түйіршік мал азығындық қоспалар шығарды. Табиғи жайылымға қосымша көпжылдық теріскен мен изен егіліп, Австралияның үрдісі бойынша әр екі гектарлық шаршыларға бөлініп, ал барлығы 13 мың гектарлық аумақ қоршалынды. Бұл арқылы келешекте шопан кадрлары жұмысының тиімділігі мен өнімділігін арттыру көзделді.
Аз ғана уақыт аралығында ауыл адам танымастай болып өзгерді, тыңнан түледі, өркениетті даму дәрежесіндегі елді мекендер көшіне қосылды. Әлеуметтік және тұрмыстық инфрақұрылымды дамыту барысында совхозда германиялық үлгімен екі қабатты коттедждер, 624 орындық мектеп пен әкімшілік кеңсе ғимараты, озық үлгідегі 300 орындық Мәдениет сарайы, балабақша, пошта үйі, 50 мейманға арналған қонақ үй тұрғызылып, елді мекенді электрлендіру, көшелерін асфальттау, таза ауыз сумен қамтамасыз ету толық шешілді. Уақыт сынынан сүрінбей өткен аталған құрылыс нысандары күні бүгінге дейін сыры да, сыны да бұзылмай, тап күні кеше ғана соғылғандай сол баяғы қалпында ауыл адамдарының игілігіне қызмет жасауда. Бұндағы елдің сол үшін де атқарушы азаматтарға айтар алғысы шексіз, ризашылығы телегей теңіз.
Аманкелді атындағы кеңшарда сұр қаракөл қойының саны 41 мың басқа жетті. Қаракөл елтірілерінің сапасы жөнінен бұл совхоздың өнімі республикада бірінші орынға ие болды. Өзге қаракөл қойын өсіретін шаруашылықтарда бір дана қаракөл елтірісінің өткізу құны 19-20 сомнан айналса, мұнда мемлекетке тапсырылған 14 мың дана қаракөлдің әрқайсысы 43 сомнан табыс кіргізді. Совхозда кәрі саулықтарды стандартты мал қораларына бордақылап бағып, етке өткізуден де қыруар пайда түсті. Бордақылау алаңында мал азығын дайындау цехында тәулігіне 22-25 тонна гранул жасалды. Мал шаруашылығының қолайландырылған, тиісті жабдықтармен жасақталған жабық цехтар салынды. Әр алуан жұмыс салалары бойынша мұнда сан мәрте облыстық семинар-кеңестер өткізілді. Шаруашылық басшылары мен мамандарын оқытатын облыстық озат тәжірибе мектебі ұдайы жұмыс жүргізді.
Ауылдың еңбек нарығы жыл бойы толық жұмыспен қамтылған болатын.
Миллионер совхоздың жаңашыл, ізденгіш, білімді директоры, биология ғылымының кандидаты Нұрман Жүндабеков өз бойындағы бүкіл білім, білігі, қабілеті мен мол тәжірибесін, іскерлік талпынысын халқына қалтқысыз қызмет жасауға сарқа жұмсап, облыс экономикасын өркендетуге өлшеусіз үлес қосты.
Кеңшарда «Шопан-ата» сауықтыру профилакторийы дүниеге келіп, бұл шипажай мен минеральды суы күні бүгінге дейін облыс еңбеккерлерін сауықтыру үстінде.
Бүкілодақтық социалистік жарыста топ жарған совхоз КПСС Орталық комитеті, СССР Министрлер кеңесі мен ВЦСПС-тің ауыспалы Қызыл туы мен ақшалай, заттай сыйлықтарын жеңіп алды. Экономикадағы көрнекті көрсеткіштері үшін кеңшар ВДНХ алтын медалымен және 2 автокөлікпен марапатталды.
Иә, қажыр-қайраты мен қарым-қабілетін қару еткен қажырлы директор тың идеялардың кені еді. Сонымен қатар ол қаперіне алған қандай да жақсы жаңалықтарды жедел жүзеге асыруға ұмтылатын. Осындай озық ой өресі оны республика, одақтан асырып, шетелдерге өзінің кәсіби саласындағы үздік үлгілерді үйренуге алып шықты. Сырт жақтағы кәсіпкерлермен екіжақты тиімді келіссөздер жүргізуге қол жеткізілді. Оларға өз мамандарын жіберіп, озық тәжірибеге баулып, шетелден мұндағы өз адамдарын үйретуге мамандар шақырылды. Ұзақ жылдар бойғы Венгрия, Чехословакия, Индия мемлекеттері мен Латвия республикасымен нәтижелі іскерлік байланыстардың негізінде совхозда қой терісін өңдеп, өнім дайындайтын арнайы цех құрылып, жұмыс істей бастады. Ал ең бастысы, Мәскеу қаласындағы Оңтүстік Кореяның «Джиндо Русь» фирмасымен бірлесіп, қаракөл елтірісін өңдеп, бағалы бұйымдарды дайындап, сату ісі жолға қойылды. Осыдан жылына 5,5 млн сом пайда табылды. Бұл бір кеңшар үшін Одақ көлеміндегі қаракөл қойын өсіруші шаруашылықтар бойынша рекордтық табыс көрсеткіші еді!
Біздің Қазақстан Республикасы дербес ел ретінде егемендігін алып, тұңғыш рет көк байрағын көтерген азаттығымыздың алғашқы жылдарында осы Аманкелді атындағы кеңшарда жүзеге асырылуға жақын жаңа жоба даяр тұрған болатын. Атап айтқанда, Венгрия мемлекетінің ірі кәсіпорындарымен келісімге қол қойылып, үлкен табысқа жол ашылған-ды. Бұл жағдайда біздің бүкіл облысымыз бойынша босқа рәсуа болып, текке іріп-шіріп, құрып жатқан мал терілерін екіжақты мүдделілікпен кәдеге жаратуға болар еді. Есесіне елімізге миллиондаған теңге кіріс кіріп, экономикамыз қосымша қомақты шетел қаржысына кенеліп, көптеген жұмыс орындары ашылар еді. Біздің бұл айтып отырғанымыз бертіндегі 90-шы жылдардың басындағы, яғни, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіне тап келді. Қай жағынан алып қарасаң да мұның өзі тіпті түске де енбейтін керемет заманауи табысты жоба болатын. Аяғын апыл-тапыл басқан біздің жас мемлекетіміз үшін де бұл нарықтың алғашқы қарлығашы болмақ – тұңғыш құрылатын халықаралық концерн ауадай қажет, аса зәру, алтындай қымбат бастама еді. Амал нешік!? Нұрекеңнің өзегін өртеген орны толмас үлкен өкініші сол болды.
Н.Жүндабеков Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінде шәкірттерге сабақ беріп, жүздеген ауыл шаруашылығы кадрларын даярлады. Облыстың агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік, нарықтық бағдарламаларының орындалуына белсенді атсалысып, құнды ақыл-кеңес, тәжірибесімен бөлісіп, байыпты ақсақалдық танытумен жүрді. Ол облыстық мал тұқымын асылдандыру мекемесін де едәуір мерзім нәтижелі басқарды. Сондай-ақ, ағамыз Сыр өңірі ат спортының алғашқы негізін қалаушы болды. Облыстық қоғамдық ат спорты федерациясын 10 жыл басқарып, аймақ абыройын асқақтатты.
Өмірінің соңғы жылдарында Нұрекең ол кәсіпкерлерге қой шаруашылығын жаңаша ұйымдастырудың ұтымды бағдарламаларын жасап, кластерлерін құруды үйретіп, жұмысты ғылыми негізде жолға қоюға келелі кеңес беріп қана қоймай, нақтылы жанды көмек көрсетуден жалыққан емес еді.
Ғылым мен тәжірибені тығыз ұштастыра отырып, тіршілік ағымындағы белсенділігін бәсеңдетпеген Нұрекең Дүниежүзілік даму банкісінің 2011-2013 жылдарға арналған ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу бағытындағы конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанды. Тақырыбы: «Қойдың қозысын ашық алаңда бордақылаудың технологиясы». Аталған банк пен біздің ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен комиссиясының ортақ ұйғарымы бойынша гранттың құны 4 млн теңгеге бағаланып, жеңімпаз-ғалым Нұрман Әліұлына табысталды.
Бұдан бөлек Нұрман ағаның кейінгі уақытта олжалаған 2 патенті бар. Біріншісі, өнертабысқа инновациялық патент «Жылқы төлін күтіп-бағуға арналған жылқы фермасының модулі» бойынша 2016 жылы берілген. Осыған дейін «Қозыны бордақылауға арналған ферманың модулі және оның құрал-жабдықтары» тақырыбы бойынша патент алды. Бұл модуль конструкциясы бойынша Сырдария ауданының Бесарық ауылында республикамызға әйгілі «Абзал и К» ЖШС-не қарасты «Дәулет» шаруа қожалығында 2000 бас қозыға арналған модуль салынды. Дәл осы патент конструкциясымен теміржолдың №17 бекетінде қыста аналық қойды күтіп сақтауға арналған жабық қораны «Балаби-Агро» ЖШС салып, пайдалануға берілді.
Өзінің 60 жылға жуық саналы өмірін ел несібесін еселеуге алғаусыз арнаған, ауыл шаруашылығының нағыз кәтепті қара нары, сирек жанашыры, айнымас фанатигі Нұрекең қандай құрметке де лайық еді.
Алланың берген тұз-дәмі таусылып, халқына қажыр-қайратын аянбай жұмсаған қайран абзал азаматтың дүние салғанына да жыл толыпты. Ол Сұлутөбедегі атамекені М.Шоқай ауылындағы әзиз ата-анасының зиратына барып жатып, мәңгілік мекенін тапты. Үздік агрокешеннің негізін қалап, озық экономикалық көрсеткіштерге жеткен сала майталманының еңбегі ел жадында жаңғыра бермек.
Қуаныш МАХАНБЕТ,
Нұрлыбай ҰЛЫҚПАНҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |