ЕЛІНІҢ МӘҢГІ ЕСІНДЕ

–  Сендер мұнда оқуға келдіңдер ме, жоқ әлде, сал-серілік сайран салуға келдіңдер ме?

– Енді сабақтан қолымыз бос уақытта, аздап бой жазғанда тұрған не бар?

Біздің дәлелімізді Қылышбек ағамыз қаперіне де алмайды. Түксие қараған көз қарасымен-ақ еріксіз ықтырып, бөлмемізге тығады. Өз дегені болмаса, өзгенің айтқанына ыңғай таныта бермейтін «ағамыздың» айтқанын амалсыз тыңдаймыз. Айтып жатқаны, әрине, орынды. Әйтпесе, «аға» дейтіндей, бізден бар болғаны бір-ақ жас үлкендігі бар. 1948 жылдың тумасы. Бірақ еңгезердей бойы, үлкен көзілдірігі, тіпті қолтығындағы папкасы, дүңк ете қалатын Сайттым бітті, кестім үзілді» сөзі, бізден бір курс жоғары оқитындығы «аға» деуге айналдырып алып келеді.

Қылышбек екеуміз бір ауылданбыз. Бұрынғы Энгельс, одан кейін Жаңажол,  қазіргі Дүр Оңғар ауылының бір көшесінде қатар ойнап, ер жеттік. Сегізіншіні ауылдан бітірді де, тоғыз бен онды бұрынғы Сырдария ауданының орталығы болған Тасбөгет  қыстағындағы №11 «Плотина» орта мектебінде оқыды. Сабаққа алғыр, үлгерімді оқушы болды. Жақсы оқығанының арқасында біздің ағайынның арасындағы бірінші студент атанып, Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» дегендей, оның жолы бізге баспалдақ болды. Келесі жылы Сауытбек екеуміз  сол институттың инженер-механикалық факультетіне құжаттарымызды тапсырдық. Үшеуміздің студенттік кездеріміз, қызықты жастық шақтарымыз бірге өтті. Бес жыл бойы ағалы-інілі, ауылдас, жолдас болып жүрдік.

Өзінің тағылымы да, ұстанымы да бөлекше болатын. Бір сөзді, ер көңілді, ешуақытта да өтірік айтпайтын, өтірік айтқан адамды жақтырмай, бойын ондай жаннан аулақ ұстайтын. Мектепте де, институтта да басқаша қақ-соқпен шаруасы жоқ, анау-мынау іске онша-мұнша араласа бермей, өзімен-өзі оқшаулау жүретін. Тағы бір жақсы қасиеті, қандай бір жұмысты бастамасын, аяғына дейін жеткізуге тырысатын. 

Оқу бітірген соң Қиыр Шығыста екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп, әскерде лейтенант шенінде қызмет етіп келді. Сол былайғы өміріне жақсы әсер етті ме деп ойлаймын. Елге келіп қызмет атқарғанда да қарамағындағылардан әскери нақтылықты, қатаң еңбек тәртібін талап ететін. Тапсырылған істі тап-тұйнақтай қылып, ыждағаттылықпен жұмыс істегенді жақсы көретін.  Осындай талап деңгейінен көрінуі оның аудандағы бірнеше шаруашылықта қызмет атқарған кезінде мықты агроном екенін дәлелдеді. Сөзге еріп, айдауға жүре бермейтін. Өзі біліп, дұрыс екеніне көзі жетіп тұрса, анау тапсырды екен, мынау бұйырды екен деп ығында кетпейтін. Өзінің табиғат берген қалпынан таймайтындығымен қатар дос, жолдас дегенде жанын беретін. Кешеге дейін мектепте, институтта бірге жүрген достарымен, одан кейін қызмет бабында көңіл жарастырған жолдастарымен үнемі қатысып, сыйласып тұрды. Еш уақытта олардан ажыраған емес,   өмірден өткенше тығыз араласты.

Ер көңілділігімен қатар, қаншама қиыншылықтар мен қайғы кездессе де, майыса бермейтін емендей мықтылығы  бар еді. Нендей ауырлық түссе де бордай езілгенін көрген емеспін. Төрт бала тәрбиелеп өсірді. Соның бірі қайтыс болғанда, маған телефонмен өзі хабарлады. Мен таңғалдым, адамға өзінің баласының қазасын естірту деген оңай емес. Сонда маған «құдайлық істі көтермесек, несіне еркек болып жүрміз, ертең жерлейміз, кел» деген. Оған Алланың берген табиғаты, қайсарлығы осындай еді.

Қылышбек туралы ойлай бастасам, баяғы қазақтың батырлары елестейді. Батырға тән ақкөңіл аңғалдығы да бар еді, бірақ адамды алалап, руға, туысқа бөлген емес.  Біздің Жаңажол ауылында ондаған ру бар. Қылышбек шаруашылықты басқарып тұрғанда оларды бөліп, бұра тартпайтын, немесе біреуге ала бөтен бүйрегі бұрған жоқ. Соның арқасында ауылымыз сүттей ұйып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осындай дәрежеге жетіп отыр. Сондай ынтымақтың арқасында Жаңажол ауылы облысқа танылды.

Жалпы өмірде агроном ретінде, басшы ретінде, ағайынға ақылшы ретінде еңбегі елеулі болатын. Төребай би деген аталарымыз, Дүр Оңғар деген жыршы-термеші, жырау әкелеріміз болған. Міне, осы тұлғаларды еске алуда, олардың ат-есімін ұлықтауда Қылышбектің еңбегі орасан. Барлық ұйымдастыру, ұйыстыру шараларының бел ортасында жүріп, шығындарына дейін өзі көтерді.  Егер осы Қылышбек болмаса, ол аталарымыздың аты шығар ма еді, шықпас па еді?  Жаңажол ауылын Дүр Оңғар атымен атау жөнінде де көп күш жұмсады. 

Тағы бір қасиеті, еш уақытта да бір жұмысты мен істедім, менің  де үлесім, еңбегім бар деп айтпайтын, тіпті теледидарларға да түспеуге тырысатын, газет-журналдарға да сұхбат берген кездері аз. Облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болды, сонда да өзін жариялауға, жарнамалауға онша құлықты емес еді. Бірақ, оның атқарған жұмыстарын күллі облыс білетін, ол туралы көпшілік айтатын, жұрт мақтайтын. Еңбегін елеген елі оның төсіне «Барыс» орденін тақты. Жетпіске келер шағында өмірден өткенімен, осындай елі үшін, туған ауылы үшін атқарған еңбегімен мәңгілік ел есінде қалды.

 

 

Нұрмұрат ЕРМАНОВ,

«Қызылорда облысының

құрметті азаматы».

ТАҒЫЛЫМ 28 маусым 2018 г. 656 0