ҚАЛҚАБАЙ ӘБЕНОВТЫҢ ҚАЛАМАҚЫСЫ

1978 жылы журфактың үшінші курсын бітіріп, Қызылордаға облыстық «Ленин жолы» газетінен тәжірибеден өтуге бір топ студенттер келдік. Жоғарғы курстан Жолтай Әлмешов, Серік Пірназаров, Бейбітбек Бүркітбаев сынды жігіттер болса, бізден Марат Жүрсінбаев екеуміз. Үлкен орақ науқанына сәйкес келгендіктен екі айдай қарашаңырақта майталмандардың ортасында «қалам сілтеген» болдық. Қазанның басында оқуға жиналып, мінездеме алуға редакцияға келдік. Редактор Қалқабай Әбенов бәрімізді қабылдады. Орынбасарларымен қоса жауапты хатшы Шора Ералиевті шақырып алды. Қалекең өзінің байсалды да байыпты даусымен әңгімесін бастады.

– Ертең осы балалар біздің орнымызды басып, газет шығаратын болады. Сендер үлкен мектептен өттіңдер. Шәке, мына студенттердің газетте шыққан материалдары бар, шықпағаны бар бәрін есепке алып, әрқайсысына 200 сомнан қаламақы жаз. Бұлар оқуға бара жатыр ғой, бухгалтерияға тапсырма беремін, қолдарына беріп жіберсін. «Ленин жолында» практикада болдық деп айтып жүреді – деді редактор.   

Отырғандар басын изесіп, «дұрыс қой» десті. Біздер болсақ сасып қалдық, ондай ақшаны кім көрген. Ауылдан алып шыққан азын-аулақ қаржымыз бар, шала байып қалатын болдық. Ағаларымыздың батасын алып, редактордың кабинетінен көңілді шықтық. Кетерімізде Әділхан, Әскербек сияқты жас журналистерге «жолаяқ» жасауды да ұмытпадық.

Сонымен, газеттің 200 сом қаламақысын алып Алматыға жеттік. Ол кезде бұл аупарткомның хатшысының айлығымен парапар. Қатарластарымыздың арасында байы да, базарлысы да біз болып, бір айдай думандадық. Алматының төрінде «Қалқабай Әбеновтың қаламақысы» деп мақтанып жүрдік.

Сол әулие ағаларымыздың айтқаны айдай келіп, кейін бәріміз де осы газетте қызмет істеген едік.


Жұматәли ӘБДІРАМАН,
«Сыр бойы».
ТАҒЫЛЫМ 19 маусым 2018 г. 806 0