Халық арасында: "Алып таулар алыстаған сайын асқақтай түседі” деген ұғым бар. Жақсы адамдар да әсте аласармайды, қайта бүкіл бітім-болмысымен ел жадында жайнап, жаңғырып тұрары ақиқат. Күні кеше ғана арамызда жүрген абызымыз, ақылшымыз – Көмекбай Қаракөзов ағамыздың тұз-дәмі түгесіліп, мәңгілік жайына аттанып кеткеніне де 7 жылдың жүзі болып қалыпты-ау.
Қанатты құстай зулап өтіп жатқан ұшқыр уақыт-ай десеңші! Бәрі-бәрі де күні кеше сияқты еді-ау. Кезінде ол кісімен қатар ғұмыр кешкен замандастарынан, қызметтес әріптестерінен сыр тартар болсаңыз, әз ағамыздың ары да, жаны да таза, пәк, барынша іскер, жаңашыл, ел-халқына өте жайлы, өзінен гөрі өзгелердің шаруасын күйттеуге бейім басшы болғандығына көзіңіз жетер еді.
Әрине, жасымыздың алшақтығына орай біздер алдыңғы толқын ағаларымызбен қызметтес бола алғанымыз жоқ. Бірақ, болмасаң да ұқсап бақ демекші алдыңғы толқынды үлгі тұтып, соларға еліктеп өстік. Ұстаздарымыз әрдайым: аталар жолы – сұңқарлар жолы, сұңқар бол сен де, жас ұлан – деп құлағымызға құйып отыратын. Санап отырсақ, Көмекең 25 жыл бойы билік басында болған екен, сонау 40-жылдардың орта шенінен бергі кезеңде аймағымыздың 5 бірдей ауданының басшысы қызметінде болып, бәрінің де абыройын асырып, мерейін тасытқан көрінеді. Абыз ағамыздың айшықты іздерін, қолтаңбасын Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарының барлығынан да көруге болады. Асылы атам қазақ: «Игі жақсылардан айшықты із қалады, жаманнан сыз қалады» деп бекерге айтпаса керек. Көмекеңе деген елдің сүйіспеншілігі, ризашылығы болар, әйтеуір, аттары аталған аудандардың барлығы да бұл кісіні өз жерлесіміз, өз бауырымыз деп төбесіне көтереді.
Ел басқару қай кезде де оңай шаруа болмаған, оның тірлік-тауқыметіне жігіттің жігіті ғана шыдас берсе керек-ті. Бұл үшін ел басшылығына ақыл, білім, жүректілік, табандылық, шыдамдылық қажет-ақ. Бұған қоса көшбастар көсемдік те, сөз бастар шешендік те артықтық етпейтін сияқты. Осы қасиеттердің барлығы да ағамыздың тал бойынан молынан табылатын. Көмекеңді билік басына кездейсоқ жағдайда келді деп айта алмаймыз. Өйткені, бұл кісі бұған дейін әскерилердің қазанында әбден қайнап, шынболаттай ширығып, нағыз азамат болып қалыптасқан-ды. Фин шайқасынан елге аға лейтенант шенінде оралған бойда басшылық қызметке жегілген-ді.
Атасының қаны, анасының ақ сүтінен дарыған қасиет болар, әйтеуір, ағамыз антына адал, сертіне берік, жалғандыққа жаны қас, турашыл болып ержеткен-ді. Ақтық демі таусылғанша осы қалпынан еш ауытқыған емес. Көзінің тірісінде Көмекеңмен тілдескенімізде Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш арыстарын еске түсіргеніміз бар. Әңгіме ауанынан аңғарғанымыз солардың бірқатарын ағамыз да өз көзімен көрген сыңайлы.
Сол кезеңде Ахаңның газет бетінде жарияланған мына бір айшықты өсиеті жадымда сақталып қалыпты – деп жалғастырды естелігін ағамыз: "Алашқа аты жайылған, адамдар! Ақ жолдан ауытқымай көсемдіктеріңді тура ұстағайсыңдар! Өйткені, сендер адассаңдар, арттарыңнан ерген өзге азаматтар да адасады!” Қандай аталы сөз! Ахаңның осы өсиеті, аманаты бүкіл ғұмырыма жетерлік азық болды десем, артық айтпағаным болар. Бюро мәжілістерінде мен ұлықтарымыздың осындай қанатты сөздерін жиі қолданатынмын. Неге десеңіз, олар әсерлі шығатын, әрі нысанаға дәл тиюші еді...
Ерен еңбек қашан да ескерусіз қалмайды. Соның жарқын куәсіндей ағамыз көзінің тірісінде «Еңбек Қызыл Ту», "Құрмет белгісі” ордендері және бірнеше медальдардың иегері атанған. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамоталары қаншама! Еңбек өтілінің өзі 60 жылдан асып жығылады.
Әдетте екі жақсының бас қосып, отау құрып, бір шаңырақтың астында 65 жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешуі сирек ұшырасатын құбылыс. Бұл кісілердің керемет сыйластығы мен мөлдір махаббаты кімге де болса үлгі-өнеге боларлықтай. Немістің ұлы ойшылы Шиллер: "Ұлы адамдар бір-бірін үнсіз-ақ ұғыса біледі” деп жазған екен. Сол айтқандай бұл кісілер 65 жыл бойы бір-бірін іштей ұғысып келген ұғынықты жандар. Жамал апай халық ағарту саласында 47 жыл бойы жемісті қызмет атқарған ұлағатты ұстаз. Ұзақ жылдар бойы қаладағы "1 Мамыр” мектебінің тізгінін ұстап, үлкен абыройға бөленген кісі. Бұл күндері дербес зейнеткер, өмірге 7 бірдей перзент әкелген ардақты ана. Балаларының бәрі жоғары білімді, еліне абыройлы қызмет етіп жүрген жандар. Ағамыздың немере, шөбере, шөпшектері де аз көрінбейді. Бұдан артық қандай бақыт болмақ!
Көмекбай ағамыздың өз қолынан туындаған "Өмір өткелдері” және Жамал апамыз құрастырған "Маңдайға біткен маңмаңгер” атты кітаптарын парақтар болсаңыз, жүрек толқытарлық көп жайларға қанығарыңыз ақиқат. Ағамыз кезінде әскери қолбасшы Әліби Жангелдин, заманымыздың заңғар жазушысы Сәбит Мұқанов, дала академигі Ыбырай Жақаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Дінмұхамед Қонаев, Шахмардан Есенов, Кеңес Одағының Батыры, жерлесі Генадий Шаляпин, академик Қаныш Сәтбаев, тағы басқа да ұлықтармен етене араласқан көрінеді. Мұны аталмыш кітап беттеріндегі суреттерден-ақ айқын аңғаруға болады. Әлбетте мұндай шағын естелікте бәрін бірдей түгел қамту мүмкін емес.
Елге еңбегі сіңген дарабоз азаматтың өнегелі өмір жолын ұрпақтары жалғастыруда.
Ахат ЖАНАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.