ТАБИҒАТҚА ТАРТЫП ТУҒАН...

Әр адам Жаратушы иемнің ғажайып бір туындысы десек, сол пендеңіздің бір-біріне ұқсамайтын мінез-құлқы, өзіндік жаратылысы бар: бірақ біреу кемел ойлы, көкжиегі кең, біреу күйбең тіршіліктің көлеңкесінен шыға алмайтын көрмәдік, ал біреу қай кісімен болса да тіл табыса білетін көшелі де өрелі, ойы озық. 
Кешегі кеңес дәуірінде әрісі Қарақұм совхозы, берісі Қандөзге дейін жол ұзарттық. Сонда Қарақұмдағы ферма меңгерушісі Қоңыратбай, ал мынау Қызылқұм етегіндегі Бесарық ауылында ферма меңгерушісі болған Қосымбай ағай алғашқы көргеннен-ақ мені өзіне риясыз жүрек жылуымен тартып кетіп еді. 
Қазидың Қарақұмына содан соң жол түспеді. Ал мен үшін Бесарық ауылының орны бөлек. Бұрынғы Сырдария ауданына қарайтын Қызылқұм етегі мен ұлы Сырдария өзені ортасындағы осы ауылдың кезінде ферма меңгерушісі болған Әкпар Ақжігітовтің де мен үшін орны ерекше. 
Екеуміз алғаш рет сайын далада, Сарысу өзенінің бойында, Сарыапанның ойында жүздескен едік. Содан бері аралас-құралас жүреміз. Әкпармен әркез жүздескен сайын бір жасап қалам: оның ар тазалығы, жүрек жылуы менің жан дүниемді нұрландырып жібереді. Өйткені Әкпар әлемі кең: оған Көкиірім – Сарыапандай дала, қасқалдағы қалың Қаракөл, қиян Қызылқұм баурайы, оның ғажайып адамдары сыйып кетеді. Әкпардың көңіл көкжиегі ғажап: онда Бесарық ауылы, бау-бақшасы, дос-жарандарының биік тұлғасы, бүкіл тамылжыған табиғаты – бәрі-бәрі бар.
Әкпар әлемінде осынау ұланғайыр даланың кешегісі мен бүгіні ғажайып көрініс табады. Осы бір қарапайым, жылы жүректі жанның мінез-құлқы да анау Сарысу даласы сияқты кең де жомарт. 
Қайсыбір жылдары Әкбар екеуміз Қаракөл асып, Таңбалы тасқа дейін жол ұзартқанбыз. Сонда Таңбалы нұрасындағы үш жүздің енші шалысқан белгісі соғылған тастағы таңбаларға қайран қалғанбыз. Бұл тастардың тарихы жайлы сары өзен иегінде Иірде отырған түйекеш Құрмаш Есімсейітов әңгімелеген.
Осы таңбалы тастарды Әкпар аяқ асты болмауы үшін сүйеп кірпішпен тұғырға қойған. Оған Сырдан арнайы силикат кірпіш апарған. Осы істің басы-қасында облыстық «Ленин жолы» газетінің бөлім меңгерушісі Ақберген Ержанов, ақын Сайлаубек Төлегенов болған. Мұны біз жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Туғал ел мен жер тарихына жанашырлық пен шынайы сезімнің бір белгісі осы емес пе?
«Биылғы қыстағы дүлей боранда киіктер Арқадан ауып, Сырға құлап, Телікөлден бері өтіпті. Апталап жауған қасап қар тілерсектерін қиған, аяқтары қызыл қан» дегенді есіткен Әкпар қатты толқыды. «Бейшара киіктер босқа набыт болды-ау» – деп ой кешті. 
Біз әңгімелеп отырған Әкпар Ақжігітов көп жыл бұрынғы Сырдария ауданындағы СССР-дің 50 жылдығы атындағы совхоздың №3 фермасын басқарды. Төл алу жоспары үнемі артығымен орындалды. Оза шауып, бәйге алды. Абыройлы болды.
Осындай білікті маман, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған жан бертінде совхозда механик, инженер қызметтерін атқарса, 4-5 жыл «Бесарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы болды. 
Ә.Ақжігітов «Бесарық» селолық тұтынушылар кооперативінің төрағасы қызметін де абыроймен атқарды. Қазір «Өркен – Сырдария» мекемесінде бас инженер. 
Кезінде Жамбыл облысындағы совхоз-техникумды қызыл дипломмен бітірген Әкпар аудан әкімінің «Алғыс хатының» иесі. Оның бұдан да басқа марапаттаулары бар. 
Әкпардың туып-өскен Бесарық ауылының табиғаты ғажап: бір шеті ұлы Сыр, бір шалғайы – қиян Қызылқұм, ал бір тұсы – Алақашарға ұласатын егістік алқап, шұрайлы мал жайылымы. Тораңғылсай қорғалымы да осында. 
Осы бір орта бойлы, дөңгелек жүзді, жауырынды келген жігіт ағасын ауылдастары ерекше құрмет тұтады. Себебі ол ауылдың тыныс-тіршілігін жақсы біледі. Әрбір отбасының қуанышына ортақтасып отырады. 
Міне бүгін де солай болды: кезінде Әкпар басқарған фермада шопан болған Әлжан келіп тұр.
– Бүгін Жангелбайдың туған күні ғой. Ертерек барып хал-жайын білмейміз бе? – деді ол көзін күнге сығырайта қарап.
 – Жангелге бармағанда ше? – деп Әкпар жинала бастады.
Иә, Әкпар әлемі  оның жасы озған сайын ұлғайып, кең өріс алып барады.
Мұхамеджан НҰРХАНОВ, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 
Сырдария ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 05 сәуір 2014 г. 1 277 0