ШӨПШЕК СҮЙГЕН ҚОС ҚАРИЯ

Шиелі ауданында тұратын Ишанқұловтар әулетінің тірегі – үлкен үйдегі қос қария. Бүгінде тамыры тереңге кеткен алып бәйтерек секілді ата мен әженің көлеңкесінен сая іздейтіндер бір қауым елге айналды. Олардың бәрінің басы қосылғанда үлкен үй той-думанға бөленеді.  Қарашаңырақтан түлеп ұшқан әр перзенттің, олардан тараған ұрпақтардың амандығын, бейбіт өмір мен берекетті тірлікті тілеп отыратын Ерғали ата мен Бахира әже ауыл-аймақтың да  қадірлісі. 

Жастайынан еңбекке араласып, майданға кеткен үлкендердің орнына жұмыс істеген Ерғали ата бүгінде 80-нен асты. Бұл кісінің жасындағы адамдар – елдің беткеұстар азаматтары түгелдей соғысқа кеткенде елде қалған аналардың көз жасын сүрткен, болашағынан үміт үздірмеген буын өкілдері. Бұғанасы қатпай жатып, бейнетті белшеден кешкендер. Бала болып асыр салып ойнамағандықтан еңбектің, ағайын арасындағы ауызбірліктің, бар мен жоқтың қадірін жете түсінеді.

Отағасына соғыстан кейінгі жылдары ғана білім алуға мүмкіндік туды. Ауылға жаңа техникалар келіп, талабы бар жас жігіттерге көлік тізгіні ұсынылып жатты. Ерғали ата да еңбек жолын 1956 жылы «Коммунизм» колхозында көлік жүргізушісі болып бастаған. Кейін «Жиделіарық» бөлімшесінде ферма меңгерушісі болды. Бұл жауапты жұмысты 30 жылға жуық  атқарды. Жылдың төрт мезгілінде малдың жайымен көшіп-қонып жүретін малшылардың, олардың алдындағы мемлекет иелігіндегі малдың жауапкершілігі түгелдей ферма меңгерушісінің мойнында. Тірлігінен шашау шықпас үшін күндіз-түні ат үстінде жүрді.

Мұндайда азаматының ең негізгі тірегі мен тылы – отбасы. Бахира әжей өмір бойы жары мен балаларының жағдайын жасады.  «Алтын алқа» иегері 14 перзентті дүниеге әкелді. Қазір 80-де, бала санын шектейтін келіндерге әр бөбек несібесін ала келетінін айтудан жалықпайды. Бір шаңырақ астында 62 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан жарын сыйлаудың үлгісін, сыйластықты бауырластыққа ұластыруды жастарға үйретіп келеді.

– Айналайындар, қиындықты біз де көрдік. Балалардың естиярына кішісін бақтырып, үй тірлігін, жұмыстан шаршап келетін отағасының  бабын жасауды бірінші орынға қойдық. Ер адамды үйімнің тірегі деп сыйлағаннан жаман болған жоқпыз, – дейді әжей жас келіншектерге.

Ишанқұловтар әулеті әке жолын жалғап, мал шаруашылығы саласында өз бизнестерін ашқан. Төрт түлік малдан береке іздеген тірліктері табыссыз емес. Бірте-бірте шаруашылықтың іргесін кеңейтіп, кәсіптерін өркендету қамымен тыным таппайды.   

  Қазір қос қария өздерінен өрген перзенттерінен 52 немере, 25 шөбере көріп отыр.  Жақында дүниеге  шөпшек келді. Сүйінші хабарға қуанған ата мен әже батасын жаудырып, қауқылдасып қалды. Ерғали ақсақалдың «Жас ұрпақ біздің көргенімізді көрмесін. Ата-аналарының бауырында еркелеп, өсіп-өнсін!» деген ақ батасын ақ жаулықты әже жалғады. «Көбейіңдер, қарақтарым, біздің жасымыз бен жолымызды берсін!» деді.  Үлкендердің ақ тілегі, ғибратты да ұзақ ғұмыры  дүниеге келген сәбиге жұғысты болғай.

М.МЕРЕЙ.

ТАҒЫЛЫМ 10 маусым 2018 г. 760 0