ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ БАЙҚАУ ЖҮЛДЕГЕРІ

Елбасының «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жайлы Жарлығының бес жылдығына орай Алматы қаласында өткізілген сайыс мәресіне жетті. Қаладағы 8 ауданнан қатысқан 131 шаңырақ арасынан 16 отбасы ақтық жарысқа шықты.

Қала әкімдігінде өткен шара соңында Алматы қаласының тұрғыны, «Жалағаш ауданының құрметті азаматы»,  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 100 жылға жуық үзілмей келе жатқан оқытушылар династиясының жалғастырушысы, ардагер ұстаз Сәбит Иманғалиевтың отбасы жүлдегер атанды. Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев жеңімпаз әулетті құттықтап, республикалық байқауға жолдама берді.

Жүлде алған Сәбит Иманғалиев пен Зүбайра Қыстаубаеваның отбасында 5 бала бар. Оның үшеуі (Бауыржан, Гүлназ, Сәтжан) ғылым кандидаты. Отбасы мүшелері барлығы 17 кітап жазған. Ең көлемдісі – еліміздің астанасы болған Қызылорда, Алматы, Астана қалалары көшелерінің тарихы. Отағасының үш тілде жазылған бір кітабы Германия мен Түркіменстандағы халықаралық кітап көрмесіне қойылған. Жұбайы  Зүбайра – «Қазақстан білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ол 9-11 сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы. 

Әулетте қазақы дәстүр, ұлттық тіл, өзара сыйластық, ата-ананы құрметтеу сияқты мәдени тәрбие қалыптасқан.

«СБ» ақпарат.

ТАҒЫЛЫМ 10 маусым 2018 г. 674 0