БІРІНШІ КЛАСТЫҢ ЖЕТЕКШІСІ (Алақандай эссе)

Грузиннің әйгілі жазушысы Нодар Думбадзенің «Кукарача» повесінің желісі бойынша түсірілген фильмде автордың «Күні бойы балалық шағым, ауыл балаларының қамқоры – уческелік милиционер Кукарача ойымнан кетпеді» деп толғанатын тұсы бар еді. Сол айтқандай, бүгін күн ұзаққа баяғы бірінші класқа («сынып» деген сөзге үйрене алмадық) барған сәтіміз, алғашқы ұстазымыз есімізден шықпай қойды. 

Сонау алпыс тоғызыншы жылдың қоңыр күзін көз алдымызға келтірген жәйт Қызылордадан жеткен «Алтынгүл апай қайтыс болды» деген хабар еді. Ол біз үшін ең құрметті адам еді. Біздің бірінші «А» класының жетекшісі еді. Қолымызға алғаш қалам ұстатып, жазуды үйретіп еді. Бәлкім, кейін өмір бойы өзімізге серік болған қаламға деген құмарлығымызды да осы кісі оятқан шығар.

Алтынгүл апайымыз сол кезде жасы жиырмадан енді ғана асқан жас келіншек болатын. Педагогикалық училищені бітіріп, елге келген бойы екен. Бірақ мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған біз секілді көгенкөздерге ол оқыған-тоқығаны мол, көрген-түйгені көп, салиқалы кісі болып көрінетін. Әйтеуір, педучилищенің түлегі Алтынгүл Жетпісәлиеваның сол сәттегі бейнесі көл-көсір білімді ұстаз кейпінде жадымызда жатталыпты. Ол бізді өз перзентіндей аялады, сабақты ұғынықты тілмен түсіндірді. Біз ол сөйлеп тұрғанда құлағымыз қалқиып, тек қана тыңдап отыратынбыз.

Апайымыздың шынында да сол дәуір үшін жаңашыл педагог екені рас-ты. Олай дейтініміз, ауылымызға ат басын бұрған журналистер мектепке арнайы соғып, алдымен сол кісіні іздейтін. Бір күні бір жігіт келіп сабағымызға қатысқаны есімізде. Әрі апайды тыңдап, әрі әлденені блокнотына жазып алып отырды.  Екі-үш күннен кейін аудандық «Толқын» газетінің тұтас бір бетін алып, ұстазымыз туралы көлемді мақала шыға келсін. «Табалдырықтан биік тау жоқ» демекші, ол тұста біз «Толқыннан» басқа басылымды білмейтін едік. Одан беделді  газет бар деп те ойламайтынбыз. Себебі, атақты «Қаратерең жастарының вальсі» деген әннің сөзін жазған ақын Серік Сейтмағамбетов сонда қызмет істейді. Ендеше, одан артық қандай газет болуы мүмкін?!

Мына қызықты қараңыз, мақала тек Алтынгүл апайымыз туралы ғана емес екен. Ішінде бәріміз де жүрміз. Журналист сабақтағы болған жәйтті сол күйінде жазыпты. Әсіресе, мына бір тұсы әлі көкейімде сайрап тұр:

«Ұстаз шәкірттеріне көз тастады:

– Роза, қазір қай сабақ?

– Ана тілі.

– Бауыржан, қандай тапсырма берілді?

– «Одақ» атты өлең...»

Ерекше жақсы көретін апайымыз туралы мақаланың жариялануы, онда есіміміздің аталып, баспаханадан қорғасын әріптермен басылып шығуы бізге қатты әсер етті.  Бірінші әлде екінші кластың баласы не білуші еді, сол мақаладағы жазылған дүниенің бәрін толық түсіндік деп айта алмаймыз. Бірақ ұққанымыз – біздің Алтынгүл апайымыздың тек мектептегі ғана емес, аудан көлеміндегі ең тәуір мұғалімнің бірі екендігі.

Ол шынында бала біткеннің жүрегін жаулаған ұлағатты ұстаз еді. Сол кездегі дәстүр бойынша бірінші класты қабылдап алған мұғалім оқушылары төртінші класқа жеткенше үздіксіз жетекшілік міндет атқаратын. Осы кезеңде мұғалім оқушыларға әбден бауыр басып кететіні соншалық, соңында қимай қоштасатын. Қаратереңнің кішігірім бір әуежайды құрайтын ұшқыштарын да, баршаға танымал журналистерін де, құлашын алысқа сермеген суретшілерін де сол ұстаздар оқытып еді. Солардың арасында Алтынгүл апайымыздың орны бөлек-ті. Ол қырық жылдай уақыт ішінде бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп шығарды. Актері де, актрисасы да, қаламгері де, тәлімгері де, есепшісі де, еңбеккері де, кәсіпкері де, баспагері де бар менің қатарластарым солардың санатында. Алтынгүл қолға ұстатқан алтын қалам бәрімізді биікке бастады.

Істі қалай аяқталатыны оның қалай бастағанынан белгілі десек, Алтынгүл апай қаратереңдік ұландардың білім бұлағының тұнық болуына өлшеусіз үлес қосты дей аламыз. 

Онсыз да ұлттық педагогиканың ері мойнына кетіп тұрған заманда тағы бір тамаша педагог өмірден өтті. «Бірінші кластың жетекшісі» деген қарапайым ғана ұғымды керемет биіктетіп кетті ол...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 10 маусым 2018 г. 1 523 0