ТҰЛҒАЛАРҒА ТАҒЗЫМ

Қармақшы ауданы Дүр Оңғар ауылында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш белгі қойылды.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында «Қызыләскер», қазіргі Дүр Оңғар ауылының тумалары Ахмет Тұрғанбаев, Тыныштыбай Жайшылықов, Жұқа Төребаев, Сүйіндік Бекмұрзаев, Омар Баймаханов сынды атпал азаматтар жалған жалаға ілігіп, жазықсыз құрбан болды. Осы боздақтардың есімін жариялап, игі іске мұрындық болған, «отыз жетідегі» қуғын-сүргіннің құрбаны Ахмет Тұрғанбаевтың немересі Молдабек Әбдіраманұлы Ахметовке ауыл тұрғындарының айтар алғысы шексіз.

ҚР ІІМ-нің мұрағаты қорынан алынған деректер бойынша, сол кездегі қазақ халқының басына түскен жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған кейбір азаматтар елге аман-есен оралса, көбісі барған жерінде мәңгілік мекен тапты. Күні бүгінге дейін кейбірінің жатқан жері белгісі.

Иә, тарихтан тағылым, өткенге тағзым ету өскелең ұрпақтың парызы. Көнекөз қариялардың айтуынша, аты аталған азаматтар көптің жағдайына қарап, елге сүйеу, жұртқа қамқор болған.

Өткенге салауат айтып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жадымызда сақтау – біздің қасиетті борышымыз, рухани жаңғыруымыз. Киелі Қармақшыдан шыққан азаматтарды елі ешқашан ұмытқан емес. Талай тұйықтардан жол тапқан тұлғаларға бүгінде ұрпақтары құран бағыштап, рухтарына тағзым етеді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

ТАҒЫЛЫМ 31 мамыр 2018 г. 785 0