« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Хәкім Абайдың: «Парасаттылықтың мәні – ыстық қайрат. Нұрлы ақыл, жылы жүрек, білім, оның ішкі нәрі, сыртқы шырайы және әрі» деген сөзі бар. Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, білім мен ғылымға арнаған білікті ғалым, шебер ұйымдастырушы, тәжірибелі педагог Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Экология және химиялық технологиялар» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Серік Тойымұлы Әбдірахманов бүгінде кісіліктің кемел кезеңі – жетпіс жасқа толып отыр.
Серік Тойымұлы Қызылорда қаласындағы №4 С.Сейфуллин атындағы орта мектептің түлегі. Ленсовет атындағы Ленинград технологиялық институтында оқып, «Бейорганикалық заттар технологиясы» мамандығы бойынша білім алғаннан соң Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында оқу ісі шебері, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.
1981-1984 жылдары Ленинград технологиялық институтының аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Оқытушылық қызметті ғылыммен ұштастырған ғалым, онан соң Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында жалпы инженерлік факультетінің, сәл кейінірек механикалық факультетінің деканы болды.
1993-1994 жылдар аралығында Қызылорда агроөнеркәсіптік өндірісі инженерлері институтының проректоры қызметін атқарды. Серік Тойымұлы басшылық қызметте жүрсе де, өзінің ұстазға тән қарапайымдылығынан, ізденгіштігінен танған емес. Білім саласында қаншама белестерді бағындырса да, шәкірт тәрбиелеп, жастарға білім беруді басты міндеті санады.
Жоғарыда Серік Әбдірахмановтың оқытушылық қызметпен қатар ғылым жолына да ден қойғанын жеткіздік. Оның ғылымдағы жаңалығы тәжірибе жүзінде іске асты. 1996-1998 жылдарда жаңадан ашылған «Консервілеу технологиясы» кафедрасының меңгерушісі болғанда «Жігер» асханасының жанынан консервілер өндіретін шағын цех ашылып, онда аталған мамандықта оқитын студенттердің тәжірибелік, зертханалық сабақтарын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік туып, шәкірттер теориялық білімдерін іс-жүзінде шыңдады.
Сондай-ақ, Серік Тойымұлы студенттердің өндірістік тәжірибесін Алматы, Шымкент қалаларындағы үлкен өндіріс орындарында өткізуіне барынша жағдай жасады. Бұл да болса ұстаздың іскерлік қыры. Кейіннен оқу бөлімін, жоспарлау қаржы бөлімін басқарған ол 2005 жылдан бастап «Өміртіршілік қауіпсіздігі және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
Ол оқу сабақтарын қажетті ғылыми-әдістемелік деңгейде жүргізеді. Жыл сайын бітірушілердің диплом жетекшісі, магистранттарға ғылыми жетекшілік етеді. Ұстаздық жолын ғылыммен ұштастырып, ғылымның ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген Әбдірахманов 60-тан аса ғылыми еңбек, оның ішінде 2 авторлық куәлік, жоғары оқу орнының студенттеріне арналған 3 оқу құралы, 1 монография түріндегі ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбектер авторы. Жыл өткен сайын заман ағымына қарай бейімделу баршамызға сын. Осы орайда жаңа технологияны меңгере білу де басты шарт. Ол үшін соған сай келетін құрал-сайманың болуы керек. Міне, кафедраның материалдық-техникалық базасын құру мен жаңартуда Серік Тойымұлының еңбегі зор болды, өзі бастап белсене ұйымдастырды. Соның нәтижесінде төрт кандидаттық, бір докторлық диссертация қорғалды, 15 магистранттың ғылыми жетекшісі болды. Кафедрадағы қалыпты моральдық-психологиялық климаттың қалыптасуын қамтамасыз етті.
Осынау ғұмырында қаншама қызмет сатысынан өткен Серік Тойымұлы сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шығарып, ең бастысы өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығының нағыз иесі. Халқымыздың «Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек» деп дәріптеуі де сондықтан болса керек.
Ұлағатты ұстаздың еңбек жолындағы осындай ізгі істері еленіп, жетістіктері бағаланып отырады. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, 1996 және 2006 жылдары облыс әкімінің Құрмет грамотасы иегері, 2008 жылы Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, 1996 жылы Қала әкімінің құрмет грамотасының иегері болып, 2013 жылы Қорқыт ата атындағы Алтын медалімен марапатталды.
ҚР және алыс, жақын шетелдің жетекші ғылыми ұйымдары мен мекемелерінде біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, қызметтік іссапарларында болды.
Серік Тойымұлы ұлағатты ұстаз ғана емес, ол – отбасының тірегі, асыл жар, ардақты әке. Жолдасы Сәуле Ленинградтың И.Павлов атындағы медицина институтының түлегі, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер. Олар екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы. Үлкен қызы Шолпан қаржы саласының маманы. Баян – экономика ғылымдарының кандидаты, ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы экономикалық зерттеулер орталығында директордың орынбасары, ал жолдасы Берік ішкі істер саласының қызметкері. Ұлы Мәлік Ұлттық банк саласында, келіні Надира Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасында қызмет атқарады.
Тіршілікте ғұмыр кешіп, өмірде де, ғылымда да өз орныңды табу – үлкен бақыт. Қарымды еңбек етіп, өз жөніңді, өз жолыңды білу – ол да бір берекелі іс. Адам болып аяқ басқан соң, азамат болып қалыптасу – əркімге парыз. Тек ізденіс пен күрескерлік, талап пен табандылық қана адамды парықты істің парасатына бөлейді.
Н.МЫҢЖАС,
аймақтық «Рухани жаңғыру орталығының» басшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |