Қазақ даласын тұтас қамтыған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін зобалаңы әйгілі Жетес бидің үлкен баласы Жүсіптен тарайтын немерелері Жыбысқы, Қази, Қазы, Жаналының отбасыларын да шарпып өтті. Әсіресе, зұлмат жылдың жүгі Жыбысқы мен Қази үшін өте ауыр болды. Ата-бабаларынан бері кіндік қаны тамған туған жеріне сыймады. Сыймады емес-ау, сыйғызбады. Сол кездегі шолақ белсенділер «Бұлар атақты бидің тұқымдары, байдың балалары» деп іздеріне шам алып түсіп, туған жерінен жерітті, ағайындарынан алыстатты, елден шеттетті. Ауыр жылдардың азабына шыдай алмаған қалың қазақтың алды Моңғолия, Қытай, Түркия елдеріне үдере көшіп, жан сауғалап жатқан шақта Жыбысқы атамыз әйелі Балша мен балалары Жақсылық, Жақып, Самыратты алып, бір түнде Аралдан қызыл вагонға мініп, Тәжікстанды бетке алды. Олармен бірге Сабырбай баласы Әуес, Жаймақан баласы Серік те көшті.
Бұл 1929 жыл болатын. Олар тәжік елінің Жылыкөл ауданына қарайтын Чапаев ауылына келіп табан тіреді. 1930 жылы бұлардың артынан «Жат жерге ағамды жалғыз жібермеймін» деп інісі Қази да, әйелі Рахима, ұл-қыздары Төлеу, Үрім, Қарлыға, Қансұлуды алып көшіп барды. Сыр өңірінен барған бұлар тәжік ағайындардың арасына бірден сіңісіп, бау-бақша егіп, ұжымдасып тіршілік етіп, ағайындай араласып кетті. Мұнда келген соң да, Кеңестің «үштігі» Жыбысқы атамыздың ізінен қалмай жүріп, 1934 жылы ақыры ұстап, бар мүлкін кәмпескелеп, сол жақтағы Жылыкөлдің абақтысына қамайды. Ауыр күндер өтіп жатады. Бұл хабар Аралдағы ағайындарға да келіп жетеді. Мұндағы ел ағалары Уәйіс Қосымов, Төлеген Медетбаев, Мақсұтқали Демесінов, Қани Шектібаевтардың жанашырлық көмегімен ол жаққа «Жүсіпов Жыбысқы шаруаның баласы» деген анықтама жіберіліп, ату жазасына кесілгелі тұрған атамыз абақтыдан аман-есен босанып, араға сегіз жыл салып 1937 жылы елге, Ескіұраға оралады.
Тәжіктер арасында әбден сіңісіп, орнығып қалған інісі Қази отбасымен сол жақта қалып қояды. Өйткені, бұл жақта қуғын-сүргін, аштықтан қашып, Сыр бойынан көшіп келген ағайындар да көп болатын.
Қазидың үлкен баласы Төлеу жастайынан колхоздың жұмысына ересек адамдай етене араласып кетеді. Басшылары қандай жұмыс тапсырса да, тиянақты орындап жүрді. Оның тілалғыштығы, іскерлігіне тәжіктер де риза болатын.
Арал қаласында 1917 жылы дүниеге келген Төлеу әйгілі Қазан төңкерісінің құрдасы еді. Туған жердің түлегі Төлеу Қазиев осылайша Тәжікстаннан Кеңес Армиясы қатарына алынып, жауынгерлік жолын 1939 жылы фин соғысынан бастады. Азапты ауыр жылдар артта қалып жатты. Сөйтіп жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс өрті де бұрқ етіп, жас жауынгер неміс басқыншыларына қарсы қан майданға кіріп кетті. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, жан алысып, жан беріскен талай қиын сәттерді бастан өткерген Төлеу Қазиев Германияға дейін барып, жаһан күткен Жеңісті Берлинде қарсы алды. Дегенмен, ол үшін соғыс әлі біткен жоқ еді. Көңілі қуанышқа толы Төлеу ізінше Жапонияға қарсы соғысқа аттанды. Осылайша үш майданның азабын тартып, ұзақ жылдар бойы отбасын көрмеген Төлеу Қазиев өр кеудесін орден-медальдарға толтырып, ағайын-туысына аман-сау оралды.
– Ол соғыстан кейінгі жылдары ел азаматтарымен бірге халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. Колхозабат ауданындағы Чапаев атындағы колхозда он бес жыл бас есепші болып, абыройлы еңбек етті. Соғыстан алған ауыр жарақат пен денесіндегі оқ жарқыншақтарының зардабынан он екі жыл сал ауруының азабын тартты. Соның салдарынан 1974 жылы өмірден өтіп, көптеген қазақстандықтардың екінші отаны атанған тәжік жерінде жерленді, – дейді Қази атамыздың немересі Гүлшаһра Исмайлова.
Әйгілі Кеңес дәуірі аяқталып, одақтас елдер өз тәуелсіздігін алып жатқанда туған жерін аңсаған қандастарымыз қазақ жұртына жан-жақтан ағылып келіп жатты. Осы уақытта тәжік еліндегі Қазидың ұл-қыздары – Төлеу, Тілеумұрат, Қарабала, Үрім, Қарлыға, Қансұлудың отбастары араға 63 жыл салып, Қазақстанға қайтып оралды. Жамбыл облысының Байзақ ауданына, Шымкент қаласына көшіп келді. Содан бері де міне, 26 жыл өтіпті.
Дегенмен, жер ауып келген талай ұлт өкілдеріне қамқор құшағын ашқан қазақтар сияқты қуғын-сүргіннен үдере көшкен сол қазақтардың өзін өгейсімей, өз бауырына тартқан тәжік ағайындарын бұлар әлі күнге ұмытқан емес. Олар да солай.
Соның бір айғағы, Ұлы Отан соғысының ардагері, колхоз құрылысының белсенді ұйымдастырушысы, ауыл ардақтысы болған Төлеу Қазиевтің туғанына 100 жыл толуы құрметіне жергілікті басшылықтың қолдауымен туған ауылы Чапаев колхозында спорттық үлкен шара өтті. Онда 2003-2004 жылдары туылған мектеп оқушылары бірнеше команда құрып, футболдан бәсекеге түсті. Оған Қазақстаннан ардагердің балалары Мырза, Махруза Қазиевтар да арнайы шақырылып, шараның ойдағыдай өтуіне үлестерін қосты. Спорт жарысына ауылмен бірге ауданнан да жанкүйерлер, тілеулестер көптеп қатысты. Футболдан жолдастық кездесуден соң, ауылдастарына еске алу асы беріліп, жауынгердің рухына Құран бағышталды.
– Жарыс қорытындысында алты команда арасында І орынды №33 мектеп оқушыларының командасы жеңіп алды. Қазақстан мен Тәжікстан халықтары арасындағы достықты нығайтуға байланысты осы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып өткізуге атсалысқан барша тәжік жастарына, ауылдастарға алғысымыз шексіз, – дейді соғыс ардагерінің кенже баласы Мырза Қазиев.
Міне, сонау ашаршылық пен қуғын-сүргінді зұлмат жылдардың зобалаңын тартқан ағайынды Жыбысқы, Қази әулеттері араға ұзақ жылдар салып, тәуелсіздік таңы атқанда барып табысып, туған жер, ағайынмен қауышып, бүгінде олардан тараған барлық ұрпақтар бақытты өмір кешуде.
Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі.