КӨР ҚАЗҒАНДАР

Естіген құлаққа салмағы қорғасындай ауыр осы бір жад әңгімесін Айдарлы аулының ақсақалдары айтып беріп еді.

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнгі аяулы аталарымыздың рухына арнап айтылған ізгі ниет-тілектер марқұмдардың сауабын еселей түссін.

                                                   ***

1937 жылдың 27 қыркүйегі күні талма бесінде қорабын березентпен жапқан бір машина “Аққұм” колхозына гүрілдеп келді де, дәл Жанұзақтың есігі алдына тоқтады. Ішінен төрт адам секіріп түсті, түрлері өрт сөндіргендей.

– Жолдас Мірахметов, сен тұтқындалдың!

Неге? Кім бұйрық берді? Не істемек? Мұндай сұрақтарды ешкім де қойған жоқ. НКВД қызметкерлері де оны түсіндіріп жатпады. Машинаның жағымсыз үні алыстай берді...

Олар мұнан әрі №2 ауылдан да бірнеше адамды әй-шәйсыз көліктеріне тиеп алып, Қызылорда қаласының іргесіндегі “Қошқар ата” қорымының жанындағы құм етегіне келіп тоқтады. Тоғыз тұтқын, төрт сұр шинель киген жендет. Олар тұтқындардың қолына күрек берді. Тоғыз адам өз көрлерін өздері қаза бастады.

– Тез бол, күн батып барады? – деп асықтырды біреуі.

Баратын жеріңнен қалып қоясың деп жаны ашып тұрған адам секілді. Өз көріңді өзің қазу қандай ауыр. Дүниеде мұнан асқан азап бар десе, оны мына тоғыз адамның жай-күйін түсінбеген біреу айтсын. Осы шұңқыр қазылып бітпесе екен, құм сусып құлап, титықтатып таң атса екен дейді олар. Бірақ тоғыз соқталдай азамат, тоғыз күрек қимылы көр емес, көлдің орнын аршып тастауға жететін күш. Әне-міне дегенше шұңқырдың ені төрт метр, тереңдігі екі метр бола қалды.

– Сапқа тұрыңдар! – деп саңқ етті бір дауыс.

– Байғонов Қалмаш!

– Мен...

– Тышқанбаев Омар!

– Мен...

– Қауымбаев Қайыпназар!

– Мен...

– Мірахметов Жанұзақ!

– Мен...

Осылайша тоғызын да түгендеп алды.

Мына азаматтар фәни дүниеге шыр етіп келгелі өзінің аты-жөнін талай рет ататты, сөз жоқ, соның біріне қуана қарады, біріне ренжи қарады. Бірақ солардың бәрі дәл қазіргі атын атағаннан басқа, тым басқа.

Бүгін олардың атын атаған дауыс соншалықты суық әрі қорқынышты. Қылдан да жіңішке тағдырды табанына тірек қылып тұрған тоғыз жан сол сәтте қандай ойда болды екен.

Жанұзақ бәлкім, соңында қалып бара жатқан қос құлыны – Ғафурдин мен Раузаның рәуіш бейнесін бір елестетіп өтті ме екен. Қу тірлігінде қанша жайдары адамдармен жүздесті. Олардың бәрін көз алдына әкеле алмайды, әрине. Ал, қос көзінің соңғы рет көріп тұрғаны сұр шинелі аяғына төгілген мына төртеу. Адам боп көз біткелі мынадай сұрықсыз түсті көрген емес. Дүниенің ең соңғы түсі сұп-сұр болады екен-ау.

Кенет... тұла-бойына мұздай сүңгі бойлай кіріп, оттай ыстық жүрегін кеудесінен суырып алғандай тым қысқа әрі тым ащы үн гүрс етті. Бұл дүниенің соңғы үні...

Тоғыз адам өздері қазған шұңқырға топырлай құлады. Төрт мылтық үш мәртеден атқанда тоғызы да жаһаннамдық болған шығар. Осыны ойлаған төртеудің бастаушысы шұңқырға бір сәт үңіліп тұрды да, “Көміңдер!” деді. Қараңғы түсіп кеткен еді. Шұңқырдың бетін ыспа құммен толтыра тегістеп, машина гүрілі қалаға қарай кетіп бара жатты.

Ой, Аллай! Тұз-дәмі таусылмаған пенде болса көрден де кері шығады екен. Кенет сусыма құмды суша ескектете екі адамның басы әлгі шұңқырдан қайта қылтиды. Бұлардың бірі “тасарықтық” Байғонов, екінші “жаңатұрмыстық” Тышқанбаев еді. Қалмаш Байғонов сол кезде Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болатын.

Ажалсыз екеу дариядан жүзіп өтіп, түнделетіп үйлеріне жетіп, тамақ ішіп әлденіп алды. Бірақ “нквдышылар” бұл оқиғаны тез сезді. Іздеу, аңду басталды. Олардың отбасын қинады, нағашыларына дейін әлекке салды. Барады-ау деген ағайынның бәрін де тінтіп, балағаттап, ұрып-соғуға дейін барды. Біразын түрмеге жауып тастады. Бала-шағаны шырылдатып, “қашқындарыңды тауып бермесеңдер, өздеріңді соттаймыз” деп әңгір таяқ ойнатты. Осының бәрін сырттай көріп-біліп, үш ай бойы ауыл сыртын  паналап жүрген Қалмаш жазықсыз жандарға мұнан әрі жапа шектергісі келмей, өз еркімен НКВД-нің қолына түседі. Көп ұзамай олар Омар Тышқанбаевты да тауып алады, ақыры екеуін де атып тынады.

Ал, Қошқарата қорымынан мәңгі мекен бұйырған №1 ауылдан Жанұзақ Мірахметов, Сәтен Ершоқаев, №8 ауылдан сол кезде облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы болып қызмет еткен Қайыпназар Қауымбаев, Нұрлан Мектепов, Үйсінбай Дошанов, №10 ауылдан Есмұхан Тәжиев, №14 ауылдан Дәуренбек Ершоқаев секілді 25 пен 40 жастың арасындағы арыстар еді.

Ал, Байжанов Зүбәйра сынды он жылдан алып, жазықсыз сотталып кеткендер қанша. Түрме мен ауыр жұмыс азабынан олардың жат жерде көз жұмғандары да көп.

Сол аяулы жандар өздерінің даладай кең, таза көңілдеріндегі өмірге деген құштарлықты, адалдық пен азаматтық парызды кейінгі ұрпағына аманаттап қалдырды.

                                                                               Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 

ТАҒЫЛЫМ 25 мамыр 2018 г. 717 0