Қоғамның ең қымбат жемісі – дені сау адам болса, сол адамның денсаулығы жолында дәрігердің дәнекерлігі қашанда айрықша бағалы. Кезінде бір ғұлама "Ар-намыстылық, қарапайымдылық, сыпайылық, киім киюдегі ынсаптылық, құрмет көрсету, шешімділік, тазалық, ой молшылығы, өмір үшін қажет пен пайдалы атаулының барлығын білуі, ырымшылдық пен қорқынышты теріске шығару – дәрігердің басты қаруы” деген екен. Ал мұндай құндылық өз кәсібіне жан-тәнімен берілген адамның бойынан мінсіз байқалып тұрса керек.
Осыдан 50 жылдан астам уақыт бұрын үлкен жауапкершілік жүгін мойнына алып, антына адал қызмет еткен Әлімхан Баубековты шын мәнінде, нағыз дәрігер санатына жатқызуға болады. Өйткені, ол кісінің алғаны алтын емес, елдің алғысы, өз әріптестерінің алдында жиған абырой-беделі. Дәрігерлік өнермен ұштасқан саналы ғұмырында Әлімхан аға талайдың сырқатына шипа іздеді, білімі мен білігін, өмірлік тәжірибесін хал-қадірінің жеткенінше сарқа салды. Ең бастысы, есімімді ел біледі деп биік мінберлерді аңсап, лауазым қуған жоқ. Туған жерге, елге деген жүрек жылуын аянбай төкті. Табан аудармастан төл мекенде қызмет жасады.
Алғаш 1958 жылы Түркістан қаласындағы мед¬училишенің фельдшерлік факультетін бітірген жас дәрігер еңбек жолын Жаңа¬қорған ауданына қарасты Бірінші Май (қа¬зіргі Жаңарық), Қыраш, 26-разъезд елді ме¬кендерінде бастады. Үш жылға тарта уа¬қытта өмір сабағының бір¬шама соқпақтарынан өт¬кен¬¬нен кейін білім теңізіне терең бойламаққа бекініп, 1961 жылы Ақтөбе қаласындағы дәрігерлік институтқа оқуға түсті. Өмірлік жар, сүйеу болар қосағы, өз ұрпағының абзал анасын да сол өңірден кездестірді. Ең ғажабы, Әлімхан аға да, жұбайы Вера апай да бір саланың мамандары. Әлекең Бірлік ауылдық ауруханасында 40 жылдан астам қажырлы еңбек етсе, соның басым бөлігінде бас дәрігер болды. Ал Вера апай 30 жыл қызмет жасап, ден¬саулық сақтау саласының ардагері атанды.
"Ер болсаң, еңбегіңді ел танысын” деген бар. Абзал дәрігер аудандық, облыстық денсаулық сақтау бөлімдері мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің арнаулы алғыс хатымен марапатталды. Бірақ, Әлекең үшін ең үлкен алғыс – халықтың алғысы. Сол үшін де бұл кісінің елге деген ілтипаты зор. Әсіресе, соңынан ерген шәкірттеріне мейлінше жағдай жасап, көмек көрсетуге, білімін ұштауға құлшынып тұрады.
Әлекең сондай-ақ, үнемі тұрғындарға денсаулық хақында насихаттап жүреді. Кеңес сұрай келгендерге де тартынған емес. Ұзақ жылдар бойы істеген жұмысының қызметтік әдебі болар, адаммен сөйлесу барысында оның жүзінде шырай төгіліп тұрады. Үлкенге де, кішіге де құрмет жасау¬дан жаңылмайды.
Биыл Әлімхан ақсақал мен Вера жеңгейдің отасқанына тұп-тура 50 жыл толыпты. Жарты ғасырға жуық отбасылық өмірінде қос дәрігер бес бала тәрбиеледі. Үлкен ұлы ұстаздық жолын таңдаса, қалғаны ата-ананың жолын қуған. Келін жұмсап, немере сүйген ақсақалдың ермегі немересін ертіп, ел арасын аралау. Қолы қалт етсе кітап оқып, шахмат та ойнайды. Біраз жас¬ ты еңсергенімен Әлімхан ақсақалдың бойында ширақтық бар. Үнемі салауатты өмір салтын ұстанып, белсенділікті жоғары бағалайды. Ал белсенділік өмірде жақсылыққа бастайтын басты жігер болса керек.
Қ.ӘБІШ.