ЖАҚСЫНЫҢ ЖОЛЫ

Әбдіманап Құтжанұлы 1967 жылы Жамбылдағы гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіргеннен кейін туған жері – Сыр өңіріне келіп, аймақтың ауыл шаруашылығын жандандыруға бір кісідей еңбек сіңірді. Алдымен төменгі салаларда су шаруашылығы мамандығы бойынша еңбек етіп, облысымыздың егін шаруашылығын өркендетуге тер төкті.
Ол үлкен жүрегі тоқтағанға дейін өңірдегі су шаруашылығы салаларының көптеген буындарында басшылық қызмет атқарды. Осы кезеңде өзінің әріптестерімен, жолдастарымен тіл табысып, адами ақжарқындығымен жұрттың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол өте ақкөңіл, әзілқой жан еді. Есте сақтау қабілеті де күшті болатын.
Егер өткен өмірге көз жіберсек, облыстың су шаруашылығында Е.Бозғұлов, Ә.Тыныбаев, С.Арыстанбаев, Е.Құтыбаев, Е.Тыныштықбаев, Т.Сырғабаев секілді азаматтар аталған саланың абыройы мен беделін асыруға күш жұмсады, осындай игілікті іс-әрекеттерімен аты қалды. Марқұм Әбдіманап Құтжанов та аталған топтың ізін басқан, олардың өнегелерін жалғастырған игі жақсылардың бірі болатын.
Оның су шаруашылығы саласын басқарған уақыты жаңа кезеңнің қарбалас шақтарымен тұспа-тұс келді. 1992 жылдың желтоқсан айында облыстық су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы болып тағайындалды. Ол бір аумалы-төкпелі кезең болатын. Жаңа қоғам орнауына байланысты осы жылдан бастап егістікке су жеткізіп беру қызметінің ақылы жүйеге көшуі және нарықтық экономикаға қадам басуы бұл саладағы мамандардың қызметін қиындата түсті. Күріш алқаптарының мелиоративтік жағдайы нашарлап, каналдардың су өткізу қабілеті төмендеп, су пайдалану мөлшері арта түсті. Бұл өз кезегінде күріш өндіруге жұмсалатын шығындардың көлемін ұлғайтып, өндірілген күріш өнімінің өзіндік құнын жоғарылатып, бәсекелестік қабілетін төмендетті.
Өндірілген өнімнің өтпеуі немесе арзанға сатылуы шаруашылықтардың кірістерін төмендетіп, бұл салада жұмыс істейтін еңбеккерлердің жалақысының уақытылы төленбеуіне әкеліп соқты. Осыған байланысты ауыл тұрғындары мен су шаруашылығы мекемелерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті төмендеп кетті. Сол кезде облысымызда 265,4 мың гектар суармалы жердің 220 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілді. Суармалы жерде 2300 шақырым магистральдық каналдар, 900 шақырым шаруашылық қашыртқылар, олардың бойын 544 гидротехникалық құрылыстар, 25 млн м3 болатын «Бесарық», «Жиделі» су қоймалары, Қызылорда, Қазалы су торабы орналасқан еді. Оған қоса ішкі шаруашылықтық 11900 шақырым су жүйелері, 10200 шақырым қашыртқылар олардың бойында 24 мың дана гидротехникалық құрылыстар болатын. Оның үстіне суармалы жердегі 200 мың гектар инженерлік жүйедегі жердің 50 мың гектары түрлі себептермен айналымнан шығып қалған. Міне, осы құрылымдардың қиындық туғызып, оны оңалтудың шараларын жасау Әбекең салаға басшылық еткен тұста орын алған еді. Ә.Құтжанов осындай қиын кезеңде саланы қажымай, талмай іскерлікпен, білгірлікпен басқара білді.
Қысқасы, өткен ғасырдың соңғы ширегі мен жаңа кезеңнің алғашқы онжылдығында өңір ауыл шаруашылығында орын алған проблемаларды иығымен көтеріп кедергілер мен тосқауылдарды жеңе білудің алдыңғы сапында болған кадрлардың біреуі осы Әбдіманап Құтжанов болатын.
Оның шаруашылық жөніндегі қайраткерлігімен қоса ақжарқын, жүрген жері ойын-күлкі, досқа адал, үлкенге ізетшіл, кішіге қамқор жан екенін де айтуымыз керек. Ол өмірден ешкімнің бетіне келмей, ізетшілдікті ту етіп  өтті.
Балаларының бірі құрылысшы, бірі дәрігер және бірі әділдік саласының майталманы. Жұбайы екеуі бірнеше немере сүйді. Оған қоса Әбекең көптеген дос-жаран тапты. Үкіметтің беделді марапаттарына ие болды. Тірісінде туған еліне сіңірген ерен еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген жоғары атақ алды.
Күн өтер, жылжып әлі талай жылдар артта қалар... бірақ аяулы азаматтың жарқын бейнесі оны білетін еңбектестерінің, дос-жаранның, жекжат-туыстардың есінде мәңгі сақталатыны күмәнсіз.

Бегеш ЖАҚЫП,
облыстық су шаруашылығы
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
ТАҒЫЛЫМ 22 мамыр 2018 г. 779 0