Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының 3-курсында оқып жүрген кезім. 1973 жылдың мамыр айында бір топ студентті, ішінде мен де бармын, барлығымыз қатты құрметтейтін, өзімізге тарих пәнінен лекция оқыған, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болған Мәди Құрманұлы Кереевтің кабинетіне жинады. Ол кісінің көңілі жабырқау күйде екені байқалып тұрды.
Бізге ол институттың өте дарынды түлегі Аралбай Махамбетов 42 жасында қайтыс болғанын жеткізді. Оның институт қабырғасында студент болып жүрген кезінде-ақ белсенділігімен көзге түсіп, тарих факультетінің комсомол комитетінің, ал Мәди Құрманұлы оқытушылық қызметке ауысқаннан кейін оның орнына небәрі 20 жасында институттың комсомол комитетінің хатшысы болып сайланғанын, кейіннен Қызылорда қаласының жастары оны қалалық комсомол комитетінің І хатшысы етіп сайлағанын айтты. Оқу орнының өмірінде өзіндік із қалдырған Аралбай Махамбетовті ақырғы сапарға шығарып салу, марқұммен қоштасу рәсіміне қатысу үшін жастардың тобын жасақтағалы отырғанын жеткізген еді. Осы топтың ішіндегі бірнеше жігіт қаралы шеруде ағамыздың үлкейтілген портретін, алған марапаттарын – орден, медальдарын, әртүрлі мекемелерден, ұйымдардан жолданған қаралы веноктарды алып жүрдік.
Қаралы шеру марқұм тұрған Чехов көшесі №29 үйден (сол кездегі облыстық аурухананың қарсы бетінде, қазіргі З.Шүкіров көшесі) басталып, өзінің оқыған, қызмет атқарған орындарына – облыстық партия комитеті, педагогикалық институт, №1 мектеп ғимараттарының алдына аялдап, Журба көшесінен өтіп, сол кездегі облыстық драма театрына тоқтады. Осы жерде марқұммен қоштасу рәсімі, қаралы митинг өткізілді. Одан әрі қаралы шеру орталық алаңда, қалалық партия комитетінің алдында болып, одан әрі орталық мұсылмандар бейітіне беттеді. Маған қоштасу рәсіміне әртүрлі ұлттың өкілдерінен егде жастағылар да, жастар да, ерлер мен әйелдер де көп қатысқандықтан, бір сөзбен айтқанда, марқұмды түгел облыс жұртшылығы қимастықпен шығарып салғандай көрінді.
20 жастағы кезіміз болса да, пендеге осындай құрмет көрсетіліп, мәңгілік мекеніне шығарып салуға осыншама халықтың қарасы жиналғанын бұрын-соңды көрмегендіктен қайран қалғаным бар еді. Небәрі 42 жас – қамшының сабындай қысқа ғұмыр сүріп, халық жадында ұзақ уақыт қалатындай із қалдыру екінің бірінің маңдайына жазылған бақыт емес. Бүгін ойлап отырсам – одан кейін марқұм болғандарға дәл мұндай көпшіліктің ыстық ықыласын, қимастық сезімін білдіруін осы уақытқа дейін кездестірмеппін.
Кейіннен ұстазымыз М.Кереевтің тарихтағы тұлғалардың рөліне қатысты бір лекциясынан соң оңашада: «Сіздің замандасыңыз Аралбай Махамбетовтың қысқа ғұмырында осынша деңгейде халық құрметіне лайық болу ерекшелігі неде деп ойлайсыз?» – деп сұрадым. Ол кісі әдетінше ойланыңқырап алып, беторамалымен жанарын сүртіп: «Ол энциклопедиялық ойлау қабілеті жоғары тұлға болды, оның жүрегі де, қолдары да таза, ол қарапайым да ақжарқын болды, яғни, нағыз тұлға еді» – деп жауап берді.
Мен де институтты бітіріп, еңбекке араласып кеттім. Бірақ, қашанда мені Мәди Құрманұлы ұстазымның Арекеңе қатысты «тұлға» деп берген бағасы оның мән-мағынасын тереңірек, кеңірек білуге итермелеп тұрды, яғни халқының өшпес құрметіне ие болған Аралбай Махамбетов феноменін түсінуге тырыстым.
Міне, Аралбай Махамбетовтің тұлға ретінде қалыптасу кезеңдерін айшықтайтын орамды ойлар мен пайымды пікірлерді, оның балалық шағы, мектептегі оқушылық кезеңі, студенттік кезеңі, қызметтегі жылдар, отбасылық өмірі, ұрпақ тәрбиесі, ағайын-туыспен, дос-жаранмен қарым-қатынасы жайлы бағалы естеліктерді 2013 жылы жарық көрген «Сыр сарабдалы Аралбай» атты естеліктер жинағынан тапқандай болдым.
Ол 1931 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы Қошым көлі жағалауында (қазіргі «Қоғалыкөл» ауылы) дүниеге келді. 1948 жылы Қызылорда қаласындағы «1 Май» орта мектебін күміс медальмен бітіріп, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1952 жылы табысты аяқтайды. 1952-1954 жылдары өзі бітірген педагогикалық институттың оқытушысы, комсомол комитетінің хатшысы, Қазақстан Лениншіл Коммунистік Жастар одағы Қызылорда қалалық комитетінің бірінші хатшысы, 1955-1963 жылдары – Қазақстан Компартиясы Қызылорда қалалық комитетінің ұйымдастыру-партиялық бөлімінің нұсқаушысы, меңгерушісі, ал 1963 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Компартиясы Қызылорда облыстық комитетінің аппаратында бірнеше қызметтерді – саяси ағарту үйі меңгерушісінің орынбасары, ұйымдастыру-партиялық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, облыстық партиялық комиссия төрағасы лауазымдарын атқарған.
...Қызылорда қаласынан 50 шақырым жердегі, табиғаты сұлу, қасиетті қойнау – осы өңірде орналасқан ондаған көлдердің ең айдындысы – Қошым көлінің маңайы еді. Қалың жыңғылды жазық, мәуесі майысқан жиделі тоғай, шөбі шүйгін көкорай шалғын, ғасырлар куәсі іспетті кәрі сексеуілді шағыл құмдар, және осыған лайық жүгірген аңы мен ұшқан құсы, ойнақтаған балығы мол ертегідегідей осы жерде Ахмет Яссауи бабамыздың шәкірті әрі ілімін жалғастырушы, бүкіл өңірге аты әйгілі Құлболды ишан Сұлтанұлы жерленген.
Міне, осы киелі өңірде ХХ ғасырдың 30-жылдары Аралбай Махамбетов дүниеге келген.
Бұл топырақта қазақ өнері мен мәдениетіне, әдебиетіне өзіндік қолтаңба қалдырған жазушылар Қ.Мұхамеджанов, Ә.Жәмішев, атақты театр және кино актрисасы С.Майқанова, қазақ ағартушысы, ислам зерттеушісі С.Лапин, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қожықовтардың ата-бабаларының кіндігі кесілген.
...Кейіпкеріміз бір жасқа толмай жатып әкесі Махамбеттен айырылады, ал төрт жылдан кейін шешесі Ұлбала да қайтыс болып, тұл жетім қалады. Жетімін жылатпаған баба дәстүрімен әке-шеше орнын жоқтатпай, үлкен ағасы Ізбасар мен оның жұбайы Мәрия Аралбай мен оның апасы Рабиғаны өз қамқорлығына алды. Аралбай аға соңғы демі біткенше ол кісілерді шын көңілімен, балалық сүйіспеншілік сезімімен жақсы көріп, ардақтап өткен.
Ізбасар өткен ғасырдың 20-жылдары теміржол училищесін бітіріп, 1963 жылға дейін 40 жылдан астам уақыт осы бір күрделі де жауапты салада абыроймен еңбек етіпті. Өмірдің бұл жолын таңдауына оның өз әкесі бағыт берген көрінеді. Ол ғасыр басында-ақ «отарбаның» келешегінің зор екенін, болашақтың маңызды қатынас құралы боларын көрегендікпен болжай білсе керек.
Махамбеттің үлкен ағасы Досжан барынша діндар, шөппен ем-дом жасаумен айналысқан. Інісі Әшірбек егіншіліктің қыр-сырын меңгерген, жердің құнарын жақсы танитын, қолымен не ексе де көктей беретін шаруақор адам болыпты.
Махамбет қауымдастары арасында беделі зор, үлкен құрмет иесі болған. Даулы мәселелерді ақиқат жолымен шешетін, сөзі мірдің оғындай өткір болыпты. Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде Аламесек ауылдық округінің болысы болып сайланған екен.
30-шы жылдары Қызылорда қаласындағы қазіргі И.Журба атындағы көшенің бойынан салынған Ізбасардың үйі адам аяғы арылмайтын, қаладан жырақ ауылдарда тұратын ағайындар мен аталастардың еркін қона жатып, тіршілігімен айналысатын, мал және егін өнімдерін, отын әкеліп сатып, ауылдарына тірлікке қажетті кездеме-тауар, ұн-жарма, қант-шәй, тағы басқа алып қайтар «керуен сарайы» іспеттес еді. Бұл шаңырақта әрқашан тазалық, тәртіп, үлкенге құрмет көрсету қағидалары мүлтіксіз сақталатын.
Аралбай ағаның ауылдағы ағайындар арасында болуы олар үшін мерекеден кем түспейді. Ол оқыған кітаптары жайлы тартымды етіп әңгімелеп, орыс тілін үйренулеріне көмектесетін, кейде түннің бір уағына дейін қазақтың «Батырлар жырын», «Рүстем-Дастан» жырын, «Мың бір түн» ертегілерін оқып беріп, сусындатады екен.
«Аңғарымпаздығын, табиғатты, жан-жануарлар дүниесін терең зерттеп, білетінін содан-ақ байқауға болады. Өзіміз маңайын жайлап отырған көлді айналып шығып (әдетте күніне екі рет, таңертең және кешке) таңдаған орнына салса болды, қармағын балық қаба бастайтын, ал қырғауылдардың суатқа баратын жолдарын анықтап алып, жылқының қылынан құрған тұзағына қызылды-жасылды қырғауылдар топырлап түсетін де, үйге қайтқанда қанжығасы құс пен балықтан кенде болмайтын», – деп тамсана әңгімелейді екен замандастары.
Ауылдастары таңданыстарын жасыра алмай, «осы сен осынша балық қармағыңды қабуы үшін не істейсің?» деп сұраса, «Қарап жатпай, түнімен дуа оқимын» деп әзілдейтін көрінеді.
17 жасында №1 орта мектепті медальмен бітірсе, 19 жасында жоғары оқу орнын «өте жақсы» деген бағамен, қызыл дипломмен аяқтады. Мектепте, институтта бірге оқыған Хамит Ембергенов ағамыз Арекеңнің кез келген пәнді жетік білгенін, жолдастарына қиналған сұрақтарын түсіндіруге әрқашан дайын болғанын еске алады. «Институтта тарих факультетінің орыс тілінде оқитын тобында болды, мектепті қазақша бітіргеніне қарамастан, оның орысша жазған шығармаларының сауаттылық пен мазмұндылық деңгейіне орыс тілі пәнінің оқытушысы Галина Хан деген апайы қатты таңданатын, басқаларға үлгі ететін»,– дейді ол кісі естелігінде.
...Оқып жүрген кезінде институттың тарих факультетінің, ал кейіннен институттың комсомол комитетінің жетекшісі болды, ал 21 жасында қалалық ұйымға жетекшілік етті.
Өте білімдар, барынша қарапайым жас жігітке жергілікті партия органдары назар аударды. Партия қызметін қалалық партия комитетінің нұсқаушысы болып бастап, үнемі лауазымдық өсу үстінде болды.
Ол өзін барлық қызмет атқарған салаларында өзі үшін халқының мүддесін, оның бақытын жоғары санаған, жауапкершілігі жоғары, адал қызметкер ретінде көрсете білді. Адамдармен қарым-қатынаста қарапайым болды, олардың мұң-мұқтажын, талап-тілегін ыждағаттылықпен тыңдай білді, өзінің ақыл-кеңесін, қажет жағдайда көмегін беруге үнемі дайын тұрды.
Айрықша есте сақтау қабілеті, керемет жан-жақты білімділік, қарапайымдылық, кез келген тақырыпта әңгіме өрбіту қасиетін, міне, мұның барлығын Аралбай аға өзінің аса бай жеке кітапханасынан іздеп табатын. Кітапхана қорында сирек кездесетін кітаптар мол болатын. «Үлкен энциклопедиялық сөздік» (1948 ж.), О.Сүлейменовтің алғашқы басылымындағы «Азия» кітабы, Абайдың, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ә.Тәжібаевтың, Ш.Айтматовтың 1957-1960 жылдары шыққан кітаптары, «Атақты адамдар өмірі» сериясының томдары, мәдениет, бейнелеу өнері жайлы түрлі-түсті иллюстрациялы кітаптар, қазақ өнерінің алыптары Е.Өмірзақов, Ж.Омарова, Е.Серкебаевтардың дауыстары жазылған грампластинкалар болды.
Тарих, философия, медицина, техника, ғылым, ауыл шаруашылығы тақырыбындағы кітаптар, сан түрлі елдер жайлы жолсерік анықтамалықтар жинақталған аса бай кітапханасында И.Ю.Крачковскийдің 1920 жылы басылып шыққан аудармасымен «Құран» кітабы да бар болатын.
Ол үшін кітап, білім деген ұғымдар егіз және кез келген адаммен оның әлеуметтік жағдайына қарамай, әңгіме-дүкен құруға қажетті бағдаршам секілді еді.
Сталиннің жеке басына табынушылықты жойғаннан кейін (1956ж.) кезінде жазықсыз репрессияға ұшырағандардың тек Октябрь революциясының 50 жылдығы қарсаңында, 1967 жылдан бастап құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік туғаны белгілі.
Аралбай Махамбетов облыстық партия комитетінің партиялық комиссиясының төрағасы (1967-1973 ж.ж.) бола жүріп, адамдардың тағдырын айқындауда барынша нақты және шыншыл болу жолында өзінің күш-жігерін, уақытын аяған емес. Бірқатар сталиндік зұлмат кезеңінде нақақтан күйген боздақтарымыздың ісі партиялық тұрғыдан қайта бағамдалып, тапталған ар-намысы арашаланды, қаза тапса да ақталды.
Коммунистің нақақтан жала жабылып, тапталған ар-намысын қалпына келтіру өзі жоқ болса да оның ұрпақтары үшін аса маңызды еді.
Аралбай ағамыз өзінің адалдығы және адамгершілік тұрғысынан тәртіптілігі арқасында ел арасында зор құрметке ие болды. Ол кісіні көптеген қызметтес әріптестерінің сол уақытта «партияның ар-ожданы» деп атайтыны тегін болмаса керек.
Өзінің қысқа ғұмырында халқының тарихы іспеттес болған тұлғалармен етене жақын араласты. 1952 жылы Қызылорда қалалық комсомол комитетінің І хатшысы лауазымына тағайындалу барысында Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы, Ұлы Отан соғысына қатысушы, әскери ұшқыш, кейіннен Халық Қаһарманы атағын алған Хиуаз Доспановамен сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Атақты жазушы Ш.Айтматовпен, Өзбекстанның халық әртісі Б.Зәкіровпен, «Современник» театрының бас режиссері Г.Волчекпен, Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары М.Ықсанов, Х.Бектұрғанов, И.Әбдікәрімов, ҚКП Орталық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі О.Батырбековпен етене араласқан. Олардың әрқайсысы да белгілі тұлғалар, өз елінің, өз жерінің мақтаныштары еді. Олардың қайсысымен де болмасын өз деңгейінде әңгіме-дүкен құру үшін әр сала бойынша терең білім деңгейі қажеттігі даусыз.
Арекең тек әңгімені қоштап қана отырмай, озық ой-пікірлердің де иесі еді.
Ол бұл тұлғалардың әрқайсысымен де ұзақ жылдар бойы достық қарым-қатынаста болды.
А. Махамбетов Кеңес Социалистік Республикалар Одағының бірқатар медальдарымен, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Қазақстан Лениншіл Жастар Одағының VІ съезінің делегаты болып қатысқан, еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық, Қызылорда қалалық кеңестерінің бірнеше шақырылымының депутаты болып сайланған.
Өзінің жұмысбастылығына қарамастан, отбасына және бала тәрбиесіне көңіл бөлуге уақытын ыждағаттылықпен жоспарлап отыратынын, бұл шараларға басқа ағымдағы тіршіліктен гөрі аса маңыз бергенін інілері Сұлтан, Кеңес әрдайым еске алып отырады. Ол балалары Серік, Сәкен, Асқар, Еркінді өте жақсы көрді, сүйікті жары Қанымжанды қатты сыйлап, үнемі қолдау көрсетіп отырды.
Айықпас ауруға шалдыққаны айқын болғаннан кейін, Арекеңнің өзінің балаларына, әйеліне, ағайындарға арнау жазып қалдыруы оның тағы бір ерлігі еді. Онда балаларының анасы Қанымжаннан ұрпағын өз мүмкіндіктеріне сәйкес өмір сүруге дайындауды, қажетті білім алуына жағдай жасауды, әулетінің үлкендерімен және ағайын-туыстармен қарым-қатынасты үзбеуді сұрады. Бұл жазбалар сақталған кітапша А.Махамбетов отбасының кодексі іспетті сақталып келеді. Шүкіршілігі – Арекеңнің ұрпақтары отанасы Қанымжанның арқасында әкелерінің атына лайық болып өсіп-жетілді. Балаларының еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтар болғанын Қанымжан аналарының көзі көрді.
Бүгінгі күні әкелерінің істерін балалары Серік, Сәкен, Асқар, Еркін және немерелері лайықты жалғастыруда. Биыл Аралбай Махамбетовтың қайтыс болғанына 45 жыл, отанасы Канымжан апаның о дүниелік болғанына да 1 жыл болды.
Қысқа ғұмыр кешсе де аңызға бергісіз істері ел аузында, халық жадында қалды. Өзінің көптеген ұрпағы мен достары, әріптестерінің санасында ол биік рухты азамат, сенімді серік, адал дос ретінде сақталып келеді, сақтала берері сөзсіз.
2007 жылы Қызылорда облысының әкімдігі мен облыстық мәслихатының шешімімен Аралбай Махамбетов есімі облыс орталығындағы бір көшеге берілді. Қызылорда қаласында 2011 жылдан бастап жыл сайын Марқұмды еске алуға арналған шахматтан мектеп оқушылары арасындағы республикалық жарыс тұрақты өткізіліп келеді. Турнирге қатысқандардың бірқатары кейін дүниежүзінің, Азия құрлығының чемпиондары атанды. Солардың қатарындағы жерлестеріміз – Әсел Серікбай, Жансая Әбдімәліктер бар.
Алмасбек САРДАРБЕКҰЛЫ,
бұрынғы комсомол,
партия қызметкері.