Жалғанның жарығына келген әркім де тіршілікте өзінше із салады. Біреу байлығымен мақтанса, тағы бір жан қоғамның рухани жұтаңдамауына жан-тәнімен қызмет етіп, ұлттың ұмыт қалған құндылығын жиып-теріп жүреді. Дәл бүгінгі күні материалдық тұрғыда бақуаттылардың бәсі озып тұрғаны рас, бірақ осы екі топтың ел алдындағы еңбегі таразы басына түсе қалса, руханиятқа қызмет еткеннің еңсесі биіктеп шыға келетіні тағы анық. Аймақ журналистикасының ардагері Өтеген аға Жаппархан жайлы жазарда жасаған байламымыз осы болды.
Елде социалистік жүйе әбден орныққан 1938 жылы сол кезеңнің салтына сай «Коммунизм» атауын иеленген колхозда туыпты. Ауылдағы көп қатарлары ойынға ойысқанда бұл қағаз шимайлағанды жақсы көретін. Сосынғы ермегі – жыр тыңдау, естігенін қолма-қол жаттап алатын қасиет бала жасынан жұқты.
Бірде ауылға белгілі жырау Рахмет Мәзқожаевтың жолы түсіпті. Сол тұстағы үрдіс бойынша кешкісін шаруасын жайғап болғандар жырау түскен үйге қарай ағыла бастайды. Жырау ұзақ жырдың кіріспесін бір қайырып тастағанда жұрттың бас-аяғы тегіс жиналып болған еді. Бір қызығы, сапырылысқан сол жұрттың арасында бала Өтеген де жүрді. Үйдің іргесінде жатып, жырды көкейге құя берді. Қысқасы, жырау ауылына қайтқанша бала да үй бетін көрмеді десе болады. Оның насихат өлеңдері мен Ұлбике мен Күдерінің айтысы бала көңіліне осылай жатталды. Жарықтық Рахмет шынымен де даңғыл жырау еді. Бүкіл түркі халқына кең тараған «Көрұғлы» дастаны 1973 жылы Мәзқожаевтың нұсқасы бойынша жеке кітап болып басылып шықты.
Шәкіртінің бойындағы ұшқынды қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Молдаш Достанов ағайы байқапты. Жас баланың шимайының арасынан шымырлау бір-екі жол тауып алған Молдекең мол қазынаға кезіккен керуеншідей қуансын. Сол күннен бастап ұстазы баланы баули бастады, бірте-бірте мұның да жазуы ширай берді.
Осының әсері болар мектеп партасында отырып жазғаны аудандық газеттің редакторы, ақын Тілеген Шопашевтің назарына ілікті. Алғашқы мақаласының газетке жарияланғаны Өтекеңнің өзіне деген сенімін нықтай түсіп еді. «Журналист болам!» деген талаппен арлы-берлі ағылған көлігі аз, сол кезгі өлшеммен жер түбіндегі «Коммунизмнен» Тасбөгеттегі «Коммунизм таңы» газетінің редакциясына келуі жиіледі. Бұл өзіне шарапатын тигізген Тілеген Шопашев ағасының Жазушылар одағына ауысып кеткен кезі. Оның орнына келген Сыдық Алдабергенов жас баланың бойындағы қаламға деген құштарлықты қапысыз танып, бірде кабинетіне шақырды. Барса, мұның жазған дүниелерін алдына үйіп қойып отыр екен.
– Ал, бала, бізде штатта жүргендердің өзі мынадай материал жазбайды. Күніге бір келетін автобуспен қатынап жүрген сен бәрінен озып тұрсың. Бізге жұмысқа келесің бе?
Редактордан мұндай ұсыныс күтпеген бұл сасып қалып, бас изей бергені есте. Сыдық ағасы да әңгімені ұзартпай, кесімді сөзді айтты.
– Онда былай болсын, тоғызыншы сыныпты тауысуға айналыпсың. Қалған білімді кешкі мектептен алсаң да, тақияңа тар келмес. Өзіңді бүгіннен бастап «Коммунизм таңының» қызметкерімін деп есепте. Ал, іске кіріс!
Сенімнің салмағын сезінген жас тілші енді редакция мен баспахананың арасын жол қылды. Бір жылдың бедерінде қаламы төселген тілші, білікті баспаханашы болып шықты. Қазақ журналистикасының талай марқасқаларын түлеткен қарашаңырақ – Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түскенде де Өтекеңе аудандық газетте қызмет істегенінің пайдасы көп тиді.
Ол кезде оқу бітіргендердің жұмыссыз қалуы сирек. Жас маман облыстық радиохабарлары мен телевизия басқармасына қызметке орналасты. Аз жылда радионың бас редакторы болды. Радионың «Алтын қорын» Сыр сүлейлерінің мақам-сазымен байытты. Қияндағы ауылда тұратын талай өнер иесін елге таныстырды. Жыр жүйрігі жыраудың немересі Көшенейдің күміс үнін алғаш рет облыстық радиодан естіген жұрттан келер хаттар да жиілей берді. Өтекеңнің жүрегіне жыр жауһарын жинаған Сыр шайырларының мұрасына адалдығы осылайша қалыптасты.
Қазір ардагердің жеке қорында 25 жырау 60 сағатқа жуық орындайтын атақты «Шахнама» дастаны, «Сыр сүлейін сұрасаң» атты музыкалық антология, ақын Қуаныш Баймағанбетовтің жыр-термелер жинағы сақтаулы тұр.
Өтекең кәнігі фельетоншы. Әдетте, сатира сұлулықты сүйеді деп жатады. Оған біз өз тарапымыздан сатира шындықты да сүйеді дегенді қосар едік. Өтекең қазір ұмытылып бара жатқан осы жанр арқылы талай тасыр мінезділерді тәубесіне түсірді. Өзі қызмет атқарған облыстық «Ленин жолы», республикалық «Социалистік Қазақстан» газеті бетінде көппен санасқысы келмеген кердеңдерді сынады. Бас басылымның Жезқазған облысындағы меншікті тілшілігін атқарып жүргенде құрылысы 21 жылдан бері бітпей тұрған металл құю зауыты жайлы фельетон жазды. Бас кейіпкері басқа емес, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Давыдов. Бір қызығы, осы іргетасты қалаған Давыдовтың өзі екен. Содан бері ол талай қызметтің басына су құйып тастағанымен, іргетас сол күйі ұмыт қала берген. ҚК XVI съезінің қарсаңында шыққан фельетоннан кейін Мәскеудегі қолдаушылары мен Жезқазған мысының арқасында көзінің еті өсіп, аузынан жалын шашып тұрған басшы сынға ұшырап, тәубесіне түсті.
Ақиқат пен жалғандық таразы басына тартыла қалғанда шындық жағында жүрдi, әдiлдiк iздеген жұртқа қаламының себiн тигiздi, осыған шүкiр дейдi. Бас газеттiң Қызылордадағы меншiктi тiлшiсi болып қызмет iстедi. «Социалистiк Қазақстанға» қызметке тұрып, «Егемен Қазақстаннан» зейнетке шықты. Газеттің жүйкеңді жейтін ауыр жұмысына жегіліп жүріп «Сол қалта», «Бір қора өсек», «Мінездер» атты 3 сатиралық кітабын шығарды.
Баспасөзден қол үзген жоқ. Заман өкпегi орай соққан кезеңдерде жазықсыз жалалы болған азаматтар жайлы жаза бастады. Сыр бойында жақсы iсiмен iз қалдырған Сәлiмгерей Тоқтамысов деген азамат қызмет iстеген. 1962 жылдың 17 желтоқсаны күнi облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметiн атқарып жүрген Сәкең жайлы «Правда» газетiне «Битая карта» атты сын мақала жарияланып, оның аяғы хатшының Жамбыл облысындағы бiр кеңшарды басқаруға жiберiлуiмен аяқталды. Аты ақиқатты айтып тұрғанмен, жалғандыққа жол берген газеттегi осы мақаланы басқа ұмытса да, Өтекең ұмытпапты. «Егемен Қазақстан» газетiнде аға есiмiн ақтап, көлемдi мақала жазды. Қоғам байлығын еселеуге үлес қосқан қойшы, Социалистік Еңбек ері Ахмет Халықовтың есімін ұмытып бара жатқан елдің есіне салды. Совет Одағының батыры Жақыпбек Махамбетовтің жарқын бейнесі жұрт жадынан өшпесін деп қалам тербеді. Халықтың өлшеусіз құрметі ардагер кеудесіне «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі болып тағылды.
Кейде мамандығына да, адамдығына да кір жұқтырмаған ағаны ұлт жауһарының жоқшысына да ұқсататын кезіміз көп. Олай дейтініміз, Сыр сүлейлерінің телегей мұрасын түгендеген ардагер кейінгі жылдары Ұлбике ақын қалдырған қазынаны зерттеуге көшті. Ұлы поэзияның ақ періштесіне баланған Ұлбике қазақтан шыққан тұңғыш айтыскер қыз еді. Ақынның өмірбаяндық деректері мен айтыстарын хатқа түсіріп, асыл қазынамызға тұңғыш қосқан Мәшһүр-Жүсіп Көпеев пен Әбубәкір Диваевтың қолжазбалар қорында ақынның қолына домбыра ұстап, өнер додасына жүрексінбей келіп, бірден жарқырап шыға келгені анық айтылады. Жүрегі дауалап шаршы топқа түскен ол біразға келгенше тілі шықпай, он екі жасқа толғанда бірден өлеңмен сөйлеп кеткен деген дерек те бар. Оның Күдері қожамен айтысы әйгілі орыс ғалымы В.Радлов құрастырған «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері» деген тарихи кітапқа еніп, кейін неміс тіліне аударылған қымбат мұра қатарынан саналады. Осы айтысты бала күнінде жаттаған журналист жалғанның жарығында 24-ақ жыл өмір сүрген Ұлбикенің 190 жылдығына орай бірқатар басылымдарға мақала жариялады. Өнер жүйрігінің мерейтойы ресми түрде аталып өтпегенімен, Өтекең оның рухы алдында өзінің перзенттік борышын осылайша орындады.
Қоғамдағы қай құбылысқа да бейжай қарай алмайтын ардагерді ойлантатын нәрсе көп. Қазіргі баспасөзге байланысты түйгенін қағазға түсіріп қоятыны бар. Ретті жерінде жас әріптестеріне ұсыныс-пікірлерін айта жүреді. Бұрын білінбеген түрлі дерттердің дендеп кеткенін де зерттеп көрді, біразының себебін тапқандай да болды.
Осы Қызылорданың солтүстігінде Көксу атты үлкен сала бар. Егер соны суға толтырса, шаһардың ауасы тазара түсер еді. Бұл ұсынысты біраз жерде айтты да. Жуырда оңтүстік ауылдарда құс азайып кетті дегенді естіп, жаны түршікті. Осы мәселені түбірлей зерттеп, жазуға отырды.
Шопашевтің шапағатын көрген, Алдабергенов алақанының жылуын сезінген, «СҚ»-ның сұсты редакторы Қыдырбекұлынан қолдау тапқан Өтекең де өзінен кейінгі толқынға өнеге көрсетті. Биыл сексеннің сеңгіріне сергек шыққан қаламгер өзі тік, сөзі нық қалпында әлі де елге қызмет етіп келеді.
М. АҚЫНҰЛЫ.