РЖЕВТЕ ЖЕРЛЕНГЕН СҰЛУТӨБЕЛІК САРБАЗ

Даңқты қолбасшы Суворовтың «Соғыс соңғы сарбаздың мүрдесі табылып, жерленбейінше аяқталмайды» деген сөзі бар екен. Жеңістен кейінгі жетпіс үшінші көктем туып, жер әлем осынша рет қайта жаңарса да, майданнан қайтпаған боздақтарды іздеу толастар емес. Бұл мехнатты тірлікті атқаруда Ресейдегі іздеу отрядтары көп іс тындырды. Туған жердің топырағы бұйырмаған қаншама майдангердің дерегі табылды.

Нұрмағанбет Әбдіреевтің Сұлутөбеден майданға аттанғаны оның туған бауыры Раушанбектің еміс-еміс есінде. Алматыдан дайындықтан өткен соң соғысқа  кететіні туралы хабарды естігенде анасы Қызылордаға жолға жиналды.

– «Сұлутөбеден пойыз тоқтамайды, көре алмай қаламыз» деп заулап жатқан қызыл эшелондарды бағып жүріпті. «Осы аптадан қалмаймыз-ау» деген хат келді. Шешем баласын құшағына соңғы рет қысатынын сезді ме, осы кездесуді тағатсыздана күтті. Кейін ағамнан келген біраз хатты архивке өткіздім. Өйткені оқыған сайын көңілім құлазып, көз жасыма ерік беремін. Нұрмағанбет ел ішіне қадірлі азамат болды. Жора-жолдас пен ағайынды сыйлай білетін жігіт еді,  – деді қария.

Н.Әбдіреев туралы «Боздақтар» кітабында «1923 жылы туған, қатардағы жауынгер, комсомол мүшесі, білімі орта. 1941 жылы әскер қатарына алынған, №274 атқыштар дивизиясының 961-атқыштар полкі құрамында пулеметші ретінде соғысқа қатысып, 1942 жылы 12 тамызда қаза тапты. Калинин облысы, Ржев ауданы, Глебово деревнясында жерленген» деген дерек бар. Ағайындары осы кітаптағы мәліметтер арқылы 2016 жылы іздеуді бастады. Әскери комиссариатқа 2011 жылы Северодвинск қаласындағы «Десантник» іздеу отряды сарбаздың сүйегін тапқаны туралы хабар жіберген. Бірақ Қызылорда облысында «Әбдіреев» тегіндегі 11 адам соғыста жоғалған ағайындарын іздеп жүр екен. Оның үстіне Раушанбек ақсақал тәуелсіздік алғаннан кейін тегінен «ов» тіркесін алып тастаған. Хабардың кешігіп жетуінің бір сыры сонда болса керек. 

«Десантник» іздеу отрядының мүшесі Евгений Парыгин Раушанбек қарияның қызы Қазынаға ватсап желісі арқылы сарбаз сүйегін қалай тапқанын, қалтасынан шыққан заттардың суретімен қоса жолдапты. Хатта «Нұрмағанбеттің сүйегін мина шұңқырынан 69 жылдан кейін таптық. Шамасы, мина жарылысынан қаза болған. Қасында тағы бір солдат бар екен. Аяқ тұсынан ақ қайың өсіп кетіпті. Амал жоқ, қайыңды құлатуға тура келді. Қазу жұмыстарын 2 күн бойы жүргіздік. 2011 жылы 14 қазанда түс ауа бастадық та, ертесіне сағат 16-да аяқтадық. Сарбаз туралы дерек винтовка гильзасында сақталыпты. Шеті шіріген гильзаны түртіп қалғаннан-ақ ішіндегі қағаз көрінді. Кәдімгі қарындашпен «Кзылординский обл. Сыр-Даринский район, ст. Соло-Тюбе. Соло-Тюбинский с/совет, Сыр-Даринский РВК. Абдреев Нурмаганбет, рядовой 1923 г. Каз. Республика, Кзылординская обл.» деп жазылыпты. Нұрмағанбет 1942 жылдың 30 шілдесі мен 23 тамызы аралығында болған Ржев-Сычев басып алу операциясы кезінде 1942 жылдың 10 тамызында қаза тапқан» делінген.

– Серқұл Мырзахметов деген нағашым да соғыста мерт болып, Белково деген деревняда жерленген. Ағам соңғы хатында «Серқұл да кеше оққа ұшты. Менің қасымдағы көмекшім де қаза тапты. Тағы көмекші беретін шығар» деп жазыпты. Кеңес Одағы кезінде әке-шешем әскери комиссариатқа барып іздеу салғанда, «Боздақтарға» жазылған деректен басқа ештеңе табылмады, – деді Раушанбек ақсақал.

Расында соғыстың аласапыран шағында деректер де ала-құла болды. Полк командирлері әлгіндей мина шұңқырына өлген солдаттарды көміп кетеді де, тізімдегіден кім жоқ соны жерледік деп есеп береді. Бәлкім, содан болар, «Нұрмағанбет Глебово деревнясында жерленді» деген дерек қате болып шықты. Полунино деревнясында жерленді деген де мәлімет бар. Шындығына келгенде ортадағы Харино деген жердегі тоғай ішінен табылды. Нұрмағанбет табылған мина шұңқыры Глебоводан 4 шақырым, Полунинодан 5 шақырым жерде.

Іздеу отрядының жасаған еңбегіне қарап отырып осынша жанкешті жұмысқа берілген адамдардың табандылығына риза боласың. Әр сарбаздың ағайын-туысын тауып, оларды танып-білуге ықыластары ерекше. Е.Парыгин тағы бір хатында «Мемориалда жылына бір рет жерлеу рәсімі өтеді. Бұл дегеніңіз жыл сайын бөлек бауырластар зираты пайда болады деген сөз. Әр бейіттің басына жерленген жылы жазылған. Нұрмағанбеттің сүйегі 2012 жылдың 22 маусымы күні жерленді» депті.

– 2016 жылы іздеуді бастағанда алдымен сол жақтың әскери комиссариаты мен ауылдық кеңесіне хабарластық. Сол жылы 16 қазанда 8 адам болып Ресейдің қазіргі Тверь облысы, Ржев қаласына жолға шықтық. Туған жердің топырағын апарып Нұрмағанбет атамыздың басына салдық, аруағына дұға бағыштап, белгісін орналастырдық. Ол жақтан топырақ алып «томпайған топырағыңды көрсем, арманым болмас еді» деп баласын жоқтап өткен Күлмиза әжемнің басына әкеліп қойдық, – деді Қазына әңгімені жалғастырып.

Сол жолғы сапарда іздеу отрядының басшылары Жеңіс күні қарсаңында жерлеу рәсімі өтетінін айтып, соған қатысуға шақырыпты. Былтыр 7  мамыр жақындағанда Тверьге тағы жол түсті. Раушанбек қарияға бұл жолы ағасына арналған «Застава святого Ильи Муромца» әскери-патриоттық қайырымдылық қорының «Шагнувши в бессмертие» медалі табыс етілді.

– Жерленіп жатқан мыңдаған сарбаз сүйектердің көбісінің дерегі жоқ. Аты-жөні анықталғандар тым аз. Сол жерден қазақстандықтарды да жолықтырдық. Жерлеу рәсімінде сарбаздарға көрсетілетін құрметтің барлығы да жасалды, – деді Қазына.

Ржев  – 800 жылдан астам тарихы бар ескі қала. Куликов шайқасынан бастап талай нәубетті бастан кешірген. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қанды қырғынды тарихта  «Ржев қанқасабы» деп атайды. Биыл Жеңіс күні қарсаңында ондағы қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалды кешен қайта жөндеуден өтті. Ржев түбінде №100 және 101 атқыштар бригадалары мен 6 қазақстандық әскери құрама соғысқан. Сол жерде қазақстандық жауынгерлердің 80 проценті қаза тапқан. Сыр бойынан аттанған Нұрмағанбет сарбаздың да сүйегі жат жерде жатқанмен, оны іздеушілер, құрметтеушілер бар. 

Ржевтіктер Қызылордадан барған қонақтарды арнайы етік кигізіп, сарбаздың сүйегі табылған ну тоғайдағы батпаққа апарды. Онда соғыс сарбаздарын қастерлеудің қаншама жыл бойы қалыптасқан үрдісі бар. Сондықтан ағайындары жат жердің топырағын жамылып жатқан сарбаздың сүйегін туған елге әкелу туралы әңгіме қозғамапты. Адамзатқа жер ортақ, ендеше Жер-Ананың тыныштығы үшін жан қиған Нұрмағанбет Әбдіреев сияқты батырлар рухы ұрпағын желеп-жебеп жүргей.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

ТАҒЫЛЫМ 11 мамыр 2018 г. 595 0