Жұртқа Жеңіс сыйлаған майдангерлер ерлігі біздің жүректерімізде мәңгі сақталады және фашизмді жеңген батырлардың өшпес даңқы уақыт озған сайын жарқырай бермек.
Тұтқиылдан тиген жауға қарсы соғыста қаһармандық танытқан жерлесіміздің бірі Әлжан Жалғасбаев еді.
Жалғасбаев Әлжан 1920 жылы 5 мамырда Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Ақарық колхозында дүниеге келген. 1926 жылдары ата-анасы қайтыс болғаннан кейін Қазалыдағы балалар үйінде тәрбиеленді. 1934 жылы жолдамамен Жамбылдағы педагогикалық училищеге түсті. Осы оқу орнын бітірген соң Жамбыл облысының Свердлов ауданының орта мектебінде мұғалім болды.
Әлжан ата – соғыс қарсаңында офицер атанған санаулы қандастың бірі. 1941 жылдың маусымынан 1942 жылдың желтоқсан айына дейін Өзбекстан ССР-нің Бұқара қаласындағы Подольск артиллериялық училищесінде оқып, әскери Академия жанындағы Фрунзе атындағы білім жетілдіру курсын бітірген.
Құрамында Ә.Жалғасбаев бар батарея соғысқа Орел қаласында кірді. Алғашқы күні-ақ неміс ротасын жойған батарея командирі болып біздің кейіпкер тағайындалды.
Ұрыс қызған шақтардың бірінде жаяу әскерді қорғаған бұлар жаудың 10-ға жуық отты нүктеде тұрған зениттік батареясын талқандады.
Ардагер естеліктерінде мына бір оқиғаны ерекше айтар еді. Бірде Шауляй түбінде оларға немістердің тұтқиылдан шабуыл ұйымдастырайын деп отырғаны белгілі болыпты. Оң жақ фланга бойында тұрған танкілердің тұрағы әлсіздеу екендігін ескерген Ә.Жалғасбаев сол тұсқа шахматты түрде үш жерден сержант Юдин, аға сержант Иванчика және сержант Щербаковтың зеңбіректерін, қояды. Ал сол жақ фланга аға сержант Серяковқа тапсырылды.
Таңертең немістер шабуылға шығып, бірден 4 танкі жіберіпті. Осы ұрыста Юдин мен Щербаков жаудың 3 танкісін жояды. Немістер енді сол жақ флангіге күш салуды ойлап, 8 танкі жіберді. Аға сержант Серяковтың зеңбірекшілері жауға қарсы тойтарыс беріп, 2 танкіні жоқ қылды, қалғандары теріс бұрылып кейін қайтты.
Келесі күні Серяковтың зеңбірекшелеріне қарсы 12 жау танкісі шықты. Зеңбірек командирі Серяков, нұсқаушы (наводчик) Федоров және зеңбіректі оқтаушы (заряжающий) Иванов жаудың 5 танкісін жойды. Жараланған Серяковтың орнына зеңбірекшілерді басқарған Федоров жаудың 2 танкісін жарып, жауды тоқтатты.
Неміс басқыншыларының қарқынды шабуылына қарамастан, Жалғасбаевтың бөлімшесі кері шегінбестен 3 күн бойы жауға тойтарыс бере алды.
Осы соғыста ерлік көрсеткені үшін бөлімше сарбаздары ең үлкен наградаға ие болды. Аға сержанттар Серяков пен Федоров және сержант Иванов Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Жауынгер Жалғасбаев бастаған бөлімше Шығыс Пруссия жорығына, Кенигсберг қамалын алуға, Брянскке, Прибалтикаға және 3-ші Беларусь майданына қатысты.
Майданда бес рет жараланған Әлжан атамыз түрлі марапат иеленіп, 12 мәрте Сталиннің алғыс хатын алды.
Отты жолдан өткен жауынгер соғыстан кейін ұзақ жылдар білім саласында жемісті еңбек етті.
Т.ӘЛЖАН,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері.