ШАРБОЛАТТАЙ ШЫҢДАЛҒАН ӨМІР

 Белгілі азамат Қасқыр Наметша сонау қазан төңкерісі басталған өткен ғасырдың 1917 жылы дүниеге келген. Сол өкіметтің тар жол, тайғақ кешкен тағдырымен біте қайнасып, кейін қазақ елінің тәуелсіздігін көру де бұйырды. Сүлейлердің отаны Қармақшының Өндіріс ауылында туған оған Тұрмағамбет ақынның өзі Шахнама деп азан шақырып ат қойған деседі. Шамасы, сол уақытта шайыр Фердауси шығармасын көкірегінде тербетіп жүрсе керек. Бірақ  жеңгелері баланы пысықтығына қарап Қасқыр деп атап, ақыр аяғында құжатқа да осылай жазылыпты.

Қайран анасы өмірдің бар ауыртпалығын көрді. Қарындасы Күләйім екеуі әкеден ерте айырылады. Дегенмен, ағалары Байғара мен Тасқара жетімдерге жебеу болып, Тұрмағамбеттің медресесінде білім алады.  Отызыншы жылдары коллективтендіру, одан кейін аштық пен қуғын-сүргін басталды. Елді аштық жайлағанда ағайындар жер ауып, Ташкент арқылы Ауғанстан шекарасына келеді. Бұл жерде он бес жасар Қасқыр арғы бетке өтуден бас тартып, оны тыңдаған ағалары да  туған жерге кері оралады. Сол сүргінде шекара асқан туысқандарымен Қасқыр ағамыз елу жылдан кейін табысыпты. Сонау қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің өзінде шетелдегі ағайындарымен хат алысып, іздегендердің өзі оны маңдай тіреп келген. Неткен ержүректілік десеңізші! Ұрпақтары атасының жазбаларын жинақтап, «Көкірегі қазына Қасқыр» атты кітап шығарыпты:

«1932-1933 жылдары ашаршылық салдарынан, біздің ауылдың көптеген ағайындары шетелге қоныс аударуына мәжбүр болды. 60-шы жылдарға дейін біз олардың тағдырлары туралы мүлдем хабарсыз болдық. Сол уақыттарда, бір отбасы шекараны бұзып, елге оралды. Шекарада тұтқындалғанда, елде кімдерді білесіңдер деген сұраққа олар Қызылорда облысы Қармақшы ауданында Қасқыр деген туысқанымыз бар деп жауап берген. Сол уақыттан бастап мен шетелге кеткен ағайындарды әртүрлі жолдармен белсенді іздей бастадым. Олардың көбісі Ауғанға, Иранға, Түркияға және Араб елдеріне қоныс аударғаны туралы хабардар болдық. Бір мезгілде, біздің ағайындардың қамқоршысы Қанибай деген ағамызды бала-шағасымен Ауғанстанда тұратынын білдік. Заманның қиыншылығына қарамастан, ағайындардың көбісімен хат алысып тұрдым».

От ортасындағы он жыл

Ол 1939 жылы Қызыл Армия қатарына алынғанда алдағы соғыстың ызғары сезілетін. Украина, Белоруссия, Прибалтика майдандарындағы шайқастарға қатысып, әскери жорықтарда жан алып, жан берісті. 1945 жылы коммунистік партия қатарына қабылданды. Фашистік Германияны жеңгенімізбен, солдат Қасқыр үшін соғыс аяқталмаған еді, ол Маньчжурияға аттанды.

Содан туған жеріне 9 жылдан кейін 1948 жылы оралды. Майдангер солдат шинелімен жарты Еуропаны, Қытайды жүріп өтіп, бірнеше рет жараланып, жалғыз ұлын күткен анасымен сағына қауышты.

Қасқыр ағамыз соғыс жайлы көп айта бермейтін. Өйткені, ол он жыл от пен оқтың ортасынан жүріп өлім мен өмірдің салмағын бағалаған солдат еді. Өзі техникалық барлау ботальонында ефрейтор шеніндегі жауынгер талай рет өлім аузынан қалды. Бірде барлаушылар тобы жау тылына «тіл» әкелуге аттанды. Бұл қауіпті де қиын тапсырма болатын. Жауынгерлерге жаудың әскери қару-жарағы мен нысандарынан орналасуы туралы мәлімет әкелумен қатар, «тіл» жеткізу тапсырылды. Басшылық бұл тапсырмаға тәуекел етіп оншақты адам жіберіп, ең болмаса біреуі тірі келер деп үміттенеді. Сол жалғыз адам – барлаушы Қасқыр Наметша болған еді.

Соғыстан қалған «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген тәмсіл бар еді. Ағамыз кітабында сондай бір оқиғаны көз алдына елестетіп, алдымызға соғыс шындығын әкеледі.

«Соғыста Алла тағаланың арқасында, талай өлімнен аман қалдым. Әсіресе мынау оқиға ойымнан кетпейді. 1942 жылы Москва қорғанысының Калинин майданында немістердің танкілеріне төтеп беріп жатқан кезде, мен зеңбіректің наводчигі едім. Бір кезде командир маған «Сен қазақсың, сен аттарды жақсы білесің. Ендеше, оларды өзеннің қасына барып дайын ұстап, біз шегінген жағдайда әзір болып тұр» деді. Мен бұйрықты орындауға бара жатқан кезде, немістің тигр танкісінің атқанын анық байқадым. Үлкен жарылыс болды, құладым. Өз-өзіме келіп, жан-жағыма қарағанда, командир және әскери жолдастарымның мерт болғанын көрдім. Осы жерде Құдай мені сақтады. Егер маған командир бұйрық бермегенде, мен де солардың қасында қаза болатын едім».

Өндірістің іскер ұйымдастырушысы

Елге оралысымен еңбекке араласты. Ал жары Флоридамен қосылуының өзі романтикалық киноға лайық хикая еді. Ақтөбенің медучилищесін бітіріп екі жыл жұмыс істеуге келген сұлу татар қызына ағамыздың көзі түседі. Бойжеткен күн сайын почтаға барып, қайтуға шақыру қағазын күтіп жүр еді. Қағаз келсе ғашығынан айырыларын білген ағамыз ретін тауып, оны қолға түсіріп, алып қалады. Сонымен жастар отбасын құрып, Руслан, Сержан, Роза және Талғат есімді балалар дүниеге келді. Сөйтіп, он жылдай от ортасында жүрген майдангердің шаңырақ көтеріп, бала өсіру жайындағы басты арманы орындалды. Ал Флора апай соғыстан кейін халықтың денсаулығын сақтау жолындағы қиын күндерде қажырлы еңбегімен көпшілік құрметіне бөленді.

Қасқыр Наметша ауыл шаруашылығы өндірісінің білікті де іскер ұйымдастырушысы болды. Қарапайым жұмысшыдан бастап, бригадирдің орынбасары, зоотехник, гидротехник, агроном, партия комитетінің жетекшісі қызметтерін атқарды. Колхоз басшыларын дайындау жөніндегі Шымкент ауыл шаруашылығы мектебін бітіргеннен кейін 1957 жылы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Үйдің де, жұмыстың да бар ауыртпалығы Флораның иығына түсіп, оқуды тастауға тура келеді. Қасқыр елге оралғаннан кейін тұрмыс оңала бастады, отбасының жағдайы да түзелді. Іскер азамат көп жылдар бойы Қармақшы аудандық астық қабылдау мекемесінің директоры, май зауытының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Қармақшы астық қабылдау мекемесі ол басшылыққа келгенге дейін артта қалған кәсіпорындардың бірі еді. Науқан кезінде астықты уақытылы қабылдап, оны кептіріп, сақтап Қызылордаға жөнелту оңай шаруа емес еді. Дегенмен, жаңа директор іскерлігі арқасында жұмысты тез жолға қоюмен қатар, кәсіпорындағы облыстағы көшбасшы мекеменің біріне айналдырды. Кәсіпорынға  тиісті құрал-жабдықтар алынып, жаңа нысандар салынды. Облысқа іссапары кезінде Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев астық комбинатын көріп, директордың қызметін жоғары бағалайды. Басшының есімін естіген оның «Қасқыр болсаң қасқыр екенсің, өте жақсы» деген сөзі әлі ел аузында.

Қармақшы аудандық астық қабылдау мекемесін 15 жылдай басқарған кезінде Жосалыда көптеген өзгерістер болды. Кәсіпорын қаражатымен су құбыры желісін тартып, балабақша, медициналық пункт, дүкендер мен монша салып, көшеге жарық тартты. Елдің әлеуметтік жағдайы көтеріле түсті. Мекемеге қоймалар мен ғимараттар және қырыққа тарта пәтерлер салынды. Тұрғындарды көгалдандыруға тарта отырып, оның бастамасымен Сырдариядан канал қазылды. Аяқсу мәселесі шешілген тұрғындар шарбағына жеміс ағаштарын, бау-бақша өсірді. Алпысыншы жылдардың аяғында мұндай жағдай аудан орталығы түгілі облыста жаңалық болып саналатын. Кенттің осы аумағын халық «Қасқыр ауылы» атап кетті.

Кітабында ағамыз өмірден түйген ойын жеткізеді:

«... Жапан түздегі қараша үйде дүниеге келіп, әкемнің қамқорлығынан ерте айырылсам да, анамның қасында оның соңғы күніне дейін болдым. Тайғара, Байғара әкелерімнің қамқорлығын көрдім. Қанды-қасап майданнан аман-есен елге келіп, татар қызы Флорамен бас қосып, төрт баламды, немере-шөберелерімді сүйдім. Туған жерге ағаш егіп, гүл өсіріп, соғыста жүргенде берген сертімде тұрдым. Елдің, ағайындардың ортасында болып, оларға қызмет жасаудан шаршаған жоқпын. Елдің жақсы-жайсаңдарымен, жұртқа белгілі адамдармен жақын болдым. Адамдарды сыйладым, олар да мені құрмет тұтты. Жол, үйлер, әр түрлі өндіріс, әлеуметтік нысандар салдым. Өз басыма ғана емес, жұртқа пайдалы еңбек еттім.

...Менің мақсаттарым негізінен орындалды. Менің анам қара жұмысты істеп, ашаршылық пен жоқшылықты көріп, өмірінің соңғы жылдары мына игіліктерге жетті:

Киіз үй мен кепеден кейін анам төрт бөлмелі қыштан жасалған жарық үйде 13 жылдай өмір сүрді; өзінің төрт немересін, жиен немересін Ұзақты бауырына басқан, Байғара әкеміздің қызы Кенішті бағып, рақаттанып өмір сүрді; еңбек үшін, бұрын көрмеген Кеңес үкіметінің зейнетақысын алып отырды; өмірінің соңғы жылдары теледидарды көре бастап, оны өте қызық көретін; газ плитасына да қызығып, су қайнатып, шай ішуді жақсы көретін. Анамның осыған жеткеніне мен үнемі іштей қуанатынмын».

Майдангер «Отан» соғысының І-дәрежелі орденімен, ондаған ерлік медальдарымен марапатталған. Көп жылғы жемісті еңбегі үшін Қ.Наметша «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, есімі Қазақ ССР-нің Алтын кітабына жазылған. «Қазақстан ауыл шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді.

Жары Флора екеуі немере-шөбере сүйіп, бақытты ғұмыр кешіп, 1998 жылы дүниеден озды. Тағылымды да өнегелі ғұмыр кешкен ардақты азаматтың кейінгі ұрпаққа берер тәлімі мол еді. Өмірден түйгені мен көргені көп ағамыз ойын қойын дәптеріне түсіре берген екен. Ұрпақтары оны жинақтап, «Көкірегі қазына Қасқыр» деген кітапша шығарыпты. Ақсақал өткен өмірін ой елегінен өткізіп, бірге қызметтес болған азаматтар жайлы да мәнді пікірлер қалдырған. Мемлекет және қоғам қайраткерлері Ж.Тәшенов, И.Әбдікәрімов, Е.Көшербаев, өнер майталмандары Тұрмағанбет, Көшеней, Мардан, тағы басқалар туралы жазған толғамдары мазмұнды. Ел мен қоғам дамуы жайлы, ұлттық құндылықтар туралы ойлары өмірден екшеліп алынғанын байқатады. Ардагер осы кітабымен-ақ өзінің тегін адам емес екенін, шын мәнінде көкірегі қазына азамат болғанын көрсетеді.

Бүкіл ғұмырын туған жерінің өркендеуіне арнаған ардақты азамат Қасқыр Наметша өмірде осылай шарболаттай шыңдалып өтті. Тағдыры өткен ғасырдың тарихымен сабақтас ардақтылар өмірі – ұрпаққа өнеге.

Жұматали ӘБДІРАМАН.

«Сыр бойы».

ТАҒЫЛЫМ 06 мамыр 2018 г. 738 0