ОТТЫ ЖЫЛДАР ЕСТЕЛІГІ ЖАДЫНДА

 Тоқсан сегіз жастағы Бөрібай атаның үйіне әдейілеп барғанымызда бізді үшінші қабаттан төменге өзі түсіп қарсы алды. Жүрісі ширақ, ойы орнықты, сөзі салмақты. Мұның себебін бейнетті көп көргенінен болар деп топшыладық.

Бөрібай Құлманов бүгінде Қызылорда қаласында тұрады. Небір зұлматты жылдар естелігі жадында күні кешегідей жаңғырулы. 1932 жыл нәубеті оның отбасын да айналып өтпеді. Мектепте оқып жүрген кезінде әке-шешесінен бірдей айырылып қалып, жетім балалар үйінде тәрбиеленді. Жетіжылдық біліммен ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түскен жасөспірім 1940 жылы агроном-химизатор мамандығын алып шығады. Техникумды бітірген бойда әскер қатарына шақырылып, Ресей Жоғары Кеңесі атындағы жаяу әскери училищесінде оқиды. Үшжылдық курстан соң Алматы партия мектебінде және ауыл шаруашылығы институтында білімін жалғастырды.

Ойланып отырса, әскери училищені бекерден-бекер жеделдетіп оқытпапты. Соғыс кезіндегі іс-қимылдар мен қару қолдану әдіс-тәсілдерін үйретудің астарында үлкен мән-мағына жатқан екен. Көп ұзамай екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетті. 1941 жылдың қараша айында Калинин майданына аттанған 373-ші дивизия құрамында қызылордалық Бөрібай Құлманов та бар еді. Дивизия Ржев қаласының Торжок стансасына жетіп, одан әрі шамамен жиырма шақырым жердегі немістер басып алған аймаққа жақын барып орналасты. Жау қолындағы Сосновка селосын азат ету жолындағы атыс екі күн бойы созылды. Сұрапыл соғыста жауынгерлер талай рет кеудесін оққа төсеп, жау арасына барып басшылар берген қиын тапсырмаларды жымын білдірмей орындады. Селоны дұшпанның құрсауынан босату бұларға оңай тиген жоқ. Қаншама адам денсаулығынан айырылып, қаншама адам қан майданда қаза тапты.

Мақсат орындалғаннан кейін қайтыс болған солдаттардың орны толықтырылып, қару-жарақ қайта жасақталды. Іле-шала атқыштар дивизиясына Петровка елді мекенін неміс басқыншыларынан азат ету тапсырылды. Бұл тапсырма алдыңғысына қарағанда қиынға соқты. Осы ұрыста Бөрібай ата жон арқасынан оқ тиіп, ауыр жарақат алды. Есінен танып жатқан жерінен оны село тұрғындары тауып алып, сондағы бір үйге апарып, көмектерін аямапты. Кейін госпитальдан госпитальға ауысып жүріп жеті ай емделді.

Ауруынан айығып шыққасын Алматыдағы Шерстюк басқаратын 32-ші бригаданың 29-шы полкіне жіберілді. Миномет ротасының командирі ретінде әскерге шақырылған азаматтарға соғыс тәсілдерін үйретіп, майданға жіберуге үлес қосты. 1945 жылы өзі дайындаған солдаттардан батальон жасақтап, өзі де бірге Белорус майданына аттанды. Бұл жолы да майдангер тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, сенім үдесінен шыға білді.

Адамзат тарихындағы сұрапыл да жойқын Ұлы Отан соғысы аяқталып, Гитлер тізе бүккен 1945 жылдың 9 мамырын бүкіл ел қуанышпен қарсы алып, мәре-сәре боп тойлап жатса да Бөрібай ата үшін соғыс жалғаса берді. Кеңес одағының айрықша тапсырмасын алған ол Қытай Халық Республикасының Синь Цзянь өлкесіндегі қақтығыстарды басу ісіне араласты. «Бұл туралы кезінде біз жақ ашқан емеспіз. Себебі тәртіп, талап солай болды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ашып айта бастадық», – дейді. Өмірінің алты жылын жау шебінде, майдан даласында өткізгеніне ардагер еш өкінбейді. Осылайша ол балалары мен немерелеріне – ұрпағына бүгінгідей бейбіт өмір сыйлауға үлес қосқанын ойласа, бойын мақтаныш сезімі билейді.

Майдангердің костюміндегі орден-медальдар отты жылдардың көзіндей, ерлігі үшін айтылған алғаусыз алғыстың өзіндей боп сыңғырлайды. Мына бір «Қызыл жұлдыз» оған Ржев қаласының түбіндегі соғыста көрсеткен ерлігі үшін, ал мына бір «Отан соғысы» ордені Польша мен Германияның Штеттин қаласын жау құрсауынан босатуға қосқан үлесі үшін берілген. Одан да басқа марапаттар жетіп артылады. Өткен жылы Мәскеу үкіметінің шешімімен сырбойылық екі ардагерге «Мәскеу үшін шайқасқа – 75 жыл» төсбелгісі тағылды. Соның бірі – Бөрібай Құлманов. Әңгімелесу кезінде қарт майдангер марапатын көрсетіп, Мәскеу қаласын жаудан қорғауда және неміс фашистеріне қарсы соғысып, Мәскеуді жаудың қолынан аман алып қалудағы қиян-кескі шайқастардың естелігін жадында жаңғыртты.

1946 жылы елге жеңіспен оралғасын еңбекке етене араласты. Облыстық партия комитетінде ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, МТС директоры, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары секілді жауапты қызметтерді атқарды. Қазалы аудандық партия ұйымын басқарды. Жауапты қызметтерде жүріп, Алматы жоғары партия мектебі мен ауыл шаруашылығы институтын бітірді. Одан кейін мемлекеттік, халықтық, партиялық бақылау жүйесінде ұзақ жыл басшылық қызметтер тізгінін ұстау арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты.

Ардагер өзімен жарты ғасырдай бірге тату-тәтті ғұмыр кешкен жары, марқұм Фатима әжемен бірге үкілеп үш қыз өсірді. Олардың екеуі медицина саласында тер төгіп жүрсе, біреуі білім саласында қызмет етеді. Немере-шөберенің қолынан су ішу бақыты бұйырған Бөрібай атаның жалғыз ғана тілегі бар. «Елі іргесі бүтін, аспан ашық болса екен» дейді майдангер.

Н.ҚУАНДЫҚ.

ТАҒЫЛЫМ 06 мамыр 2018 г. 638 0