БРАНДЕНБУРГ ҚАҚПАСЫНДАҒЫ ҚОЛТАҢБА

Ерлігі елге аңыз, ертеңге үлгі болған қызылордалықтар қатарында еңбек және соғыс ардагері, медицина қызметінің запастағы капитаны Колесник Любовь Сергеевна да бар. Бүгінде 90-нан асқан қария әлі күнге дейін кітап оқиды. Газет-журнал ақтарып, күнделікті жаңалықтардан қалыс қалмауға тырысады.
Любовь Сергеевна 1925 жылы Оңтүстік Қазақстанның Арыс өңірінде әскери қызметкер отбасында дүниеге келген. 1941 жылы Степанов­тар отбасы (ол кезде Люба әжейдің тегі Степанова болған) үшін қайғылы жағдай орын алды. Әулеттің тірегі – әкесі дүниеден озып, Любаны үлкен ағасы Қызылордаға алып келді. Осыдан кейін тура 18 күн өткенде соғыс басталды.
Ол жергілікті медицина техникумына оқуға түсіп, оны бітірген соң бруцеллезге қарсы күрес станциясына жолдама алған. Сонда жұмыс жасап жүріп, жасы кәмелетке толған соң май­данға аттанды. Әйгілі Г.Жуков қолбасшылық еткен бірінші Белорус майданына түсті.
Қарт майдангер майданда жеңіл жарақат­танғандардың жорық госпиталінде қызмет істе­ген. Айтқанға оңай көрінгенімен, бұл өте қиын міндет еді. Майдан даласында госпиталь үшін отын-су табыла бермейтін, жара­ланғандарға орын жетпей жатады. Барлық жұмыс жылдам атқарылуға тиіс еді. Себебі, әскер шабуылға аттанса, госпиталь соңында ілесе жүруі керек.
Қатардағы Степанованы жұмыстың небір қиындығы қорқыта алған жоқ. Өмірі әскерде өткен әкесінің тәрбиесі оның кез келген жағдайға бейімделіп, Отан алдындағы борышын адал атқаруына жәрдемдесті. Тіпті, бомбалау кезінде де жүрегі шайлықпады. Госпиталь жеңіл жараланғандарға арналғанымен, мұнда ауыр жарақатпен де сарбаздар көп түсетін. Оларды тылдағы госпитальдарға санитарлық пойыздармен жөнелткенге дейінгі күтімі – госпиталь дәрігерлерінің мойнында. Сондықтан, қызметкерлер тәулік бойы тыным­сыз жұмыс істеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқтал­ғанына 73 жыл өтсе де, бір жағдай жадынан ешқашан өшпейді. Бір күні оның өзімен жасты құрбысы Полина жаралы жауынгерлер тобын госпитальдан пойызға алып бара жатқан. Олардың жолында мина жарылып, барлығы Любаның көз алдында жан тапсырды...
...Майдан тоқтаусыз жүріп жатты. Ол майдан өлім мен өмірдің арпалысы еді. Госпиталь шабуылға шыққан әскер соңынан жылжи берді. Ең ауыр ұрыстар Белоруссия үшін болған еді. Жау ақтық демі қалғанша қарсыласты. Жараланғандар да көп. Ал госпитальді тоқтаусыз нөсер жауған батпақты жерге орналастыруға мәжбүр болды. Жаралы жауынгерлердің астына ағаш бұтақтарын төсеп, жаңбырдан қалқалау үшін плащ-палаткаларды пайдаланды. Дәл сондай жағдай Польшадағы майданда да болды. Тек Германияның Ной-Репен қалашығында ғана Любаның госпиталі бомбалаудан аман қалған шағын ғимаратқа орналасқан еді.
Бір қызығы, сол кезде жараланғандар қата­рында немістер де бар. Люба әжей немістердің совет солдаттары мен медбикелеріне үрейлене қарайтынын еске алды. Дегенмен, сол кезгі бұйрық бойынша, жараланғандардың барлығына бірдей көмек көрсету міндеттелген.
Любовь Сергеевна Ұлы Жеңіс күнін осы қалашықта қарсы алған. Ол госпитальда 1945 жылдың қыркүйегіне дейін қызмет етіп, Қызылордаға қайта оралды. Елге қайтар алдында бейбітшілік туралы сөзін Берлиннің ең әйгілі рәмізі – Бранденбург қақпасына жазып қалдырған.
Люба әжей Қызылордаға келген соң локомотив депосына фельдшер болып орна­ласып, зейнетке шыққанша сонда еңбек етті. Сонымен қатар, көп жылға дейін кеңес әскерінің ерекше есебінде болды. Себебі соғыс жағдайы туа қалғанда запастағы майдангерлер алдыңғы қатарда болуға тиіс еді.
Майдандағы ерен ерліктері мен бейбіт күнде ел игілігіне еткен еңбегі үшін Любовь Сергеевна көптеген марапаттар алып, медаль­дар тағынды. Демобилизациядан соң көп ұзамай тұрмыс құрып, Колесник тегін алған Люба әжейдің күйеуі Николай Севастьянович те майдангер. Ол да жарты ғасырға жуық уақыт локомотив депосында еңбек етіп, 2006 жылы дүниеден озды. Бүгінде балалары Ресей мен Украинада тұрады. Бес немересі бар.

Айнұр СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ,
 «Сыр бойы».
ТАҒЫЛЫМ 04 мамыр 2018 г. 599 0