« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
– Соғыс басталғанда небәрі 17 жаста едім. Мектепте оқып жүрген кезім. Бұл зұлмат күн барлық шаңырақты шарпып жатты. Біздің отбасымызға да оңай соқпады. Себебі, қан майданға алдымен Мәлік ағам аттанды. Онан кейін мен кеттім. Бірақ барлық жанға қасірет әкелген соғысқа өзім сұрандым. Өйткені, менің санамда елімді, жерімді жаудан аман алып қалу ғана тұрды. Отбасымды жасы келген әкем мен ағама табыстап осылайша кете бардым, – деп Әбдірауық ата әңгімесін әріден бастады. Әбдірауық Сатыбалдиев 1925 жылы Қармақшы ауданының, Бозарқаш ауылында дүниеге келеді. Мектеп есігін Бидайкөл ауылында ашып, ағасының қолында оқиды. 1938 жылы 6-8 сыныптарды Бозарқаш ұжымшарында оқып, 9-сыныпты 20 шақырым жердегі Бестам мектебінен бітіреді. Сол уақыт 17-ден 18 жасқа қараған шағы болатын. Нағыз асыр салып жүретін бозбалалық кезең еді. Бірақ ойын-сауыққа мойын бұрғызбады. Себебі, соғыс деген ұлы сұрапыл елге жетіп, жау жағадан ала бастаған болатын. 1942 жылдың аяғында 4 рет әскер қатарына шақырылып, 9 сыныптық білімі бар уыздай жас 1943 жылы қаңтар айында Совет армиясының қатарына қабылданады.
Әскер қатарына алынған Ә.Сатыбалдиев алдымен Саратов қаласына келіп, ол жерде командирлер даярлайтын жеделдетілген 3 айлық курста оқиды. Онда қару-жарақтар жайлы, оның ішінде зеңбіректі қалай ату керек, қалай команда беру керектігі турасында үйреніп шығады. Курсты тәмамдаған оған сержант шені беріледі. Өзінің жүріп өткен жолын, жан беріп, жан алысқан, нағыз майданға араласқан тұсын соғыс ардагері былай еске алды.
– Волга өзенінен Саратов қаласына келгенде қар қалың болды. Алдымызда 12 қатар эшелон тұр. Бұл Қиыр Шығыстан соғысқа бара жатқан солдаттар екен. Ең алдымен жолды ашу үшін сол жердің қарын күредік. Бізді осы жерде іріктей бастады. Мен 3 айлық курсқа кетіп, оны бітірісімен қайтадан Ленинград қаласына келдім. Онда 76-артиллерияның бір бөлімшесіне командир болып, Ленинградты қорғадым. Бұл менің қан майданға алғаш араласуым еді. Бірақ сол жерде жараланып, бастан соққы алдым. Бір жарым айдай емделіп, 1944 жылы ұрыс даласына қайта келдім. Ол жерде 358-дивизия құрамында болып, үлкен шабуылдарға қатыстым.
Ауыр күндерді күрсіне айтқан қария бұл шабуылда Острогожск, Воронеж, одан әрі Балтық бойы, Латвия, Эстония, Литва, Молдавия жерін жаудан босатуға атсалысады. Бұл кезде атты әскер кавалериясының құрамында болған ол осы жерде аға сержант шенін иеленеді. Мұнан соң 1945 жылы Воронеж облысы Острогожск қаласына келеді. Мұнда судан атпен өту, қару-жарақты пайдалану тәсілдерін меңгереді. Жеңіс туының желбірегенін Ригада жүргенде естіпті.
– Соғыс аяқталғанымен мен елге бірден қайтпадым. Өйткені, шілде айында 25 мыңдай солдатты қару-жарақ, аттарымызбен бірге қызыл вагонға мінгізіп, жан-жағымызға қаратпастан суыт алып кетті. Қайда бара жатырмыз, не істейміз, ешкім ешнәрсе айтпады. Араға бірер ай салған соң эшелон Жосалы теміржол станциясына келіп тоқтады, – дейді майдангер.
Туған жер көзге оттай басылады. Амал жоқ, аялдауға болмайды. Мұнда азық-түлік, аттарымызға жем-шөп алып қайта кете бардық. Бірнеше күн жүріп, Алматы, одан Семей, Новосібірден тесік таулар -тунельдер арқылы Моңғолияның Қызылқұмына өттік. Моңғолияда Хайлар деген қала бар, соны босату біздің міндетіміз екен. Сол жердегі генералдар, маршалдар азаматтық киіммен жүрді. Тамыз айында Қиыр Шығыстың армиясы ар жағынан, бер жағынан біздің дивизия Жапон самурайларын қоршауға алып, 9-10 күнде оларды қолға түсіріп соғысты аяқтадық.
Өз елін жаудан азат етіп, одан соң Моңғолияны қорғаған қария мұнан кейін Ташкентте 1 жыл болады. 1947 жылдың шілде айында, Түркіменстан республикасының Кушка, Өзбектанның Термез, тамыз айында орталық қаласы Ашхабадқа орналасады. 1948 жылы бұл жерде үлкен жер сілкінісі орын алады. Түннің бір уағында болған оқиға кезінде жердің солқылынан казарма құлайды. Әбдірауық ата үйінді астынан әупірімдеп шығады. Жан-жаққа бытырап қашқан адамдар, құлаған үйлер майдангерге соғыстан да қатты әсер етеді. Себебі, 1932 жылғы ашаршылық, онан кейін 1936-1937 жылы қуғын-сүргін секілді нәубетті жылдардың куәсі болған ол үшінші мәрте адам басына түскен тағы бір зауалды бастан кешті. Яғни, сол күнгі жер сілкінісі кезінде Ашхабад қаласында бәрі тегіс құлап, 160 мың адам тамның астында қалған екен. Бұл күндерді қария адам баласының басына тілемейді.
Соғыстан кейінгі уақыт тұралап қалған ел үшін ең ауыр жылдардың бірі болды. Жоқтан бар жасап күн кешкен халықтың тұрмысы да нашар болғаны белгілі. Ауылға келісімен ел әлеуетін көтеруге атсалысты. Жұмысы да жауапты еді. Мәскеу мен Алматыдан келген қаулыларды тіркеп, оның жүзеге асуын бақылайтын. Сөйтіп жүріп кешкі жастар мектебіне түсіп, аттестат алады. Мектепті бітірісімен 4 айлық курста оқыды. Мәскеу университетінің статистика факультетіне сырттай түсіп, экономист мамандығын алады. 37 жыл аудандық статистика басқармасын басқарды.
– Аудандық статистика басқармасын басқарған 37 жыл ішінде небір қиындықтар болды. Тұрақты отыратын ғимараттың болмауынан көшіп қонып та жүрдік. Сонда да жұмысымда қалыс қалу болмады. Бензин таситын машиналардың үстіне мініп жүріп, ауылдарға тексеруге баратынбыз. 1960 жылдары елде жағдай түзеле бастады. Көлік те, ғимарат та болды. Тіпті 1982 жылы мемлекеттік статистика органы қайта құрылып, көзбояушылыққа жол бермейтіндей құқыққа ие болдық. Дегенмен, қандай жағдай болса да, кез келген санның турасын көрсетіп отырдым. Өйткені, жалған есеп адамды орға жығады. Менің айтарым, қандай жағдайда да өз ісіңе адал бола білуің керек. Сонда ғана сен жақсы жетістікке жетесің, – дейді Әбдірауық ата.
Соғыс кезіндегі де, бейбіт өмірдегі де еңбегі елеусіз қалмады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін Отан соғысының І, ІІ дәрежелі орденімен, сонымен бірге 22 медальмен марапатталды. Мұнан өзге екі мәрте «ССРО статистика үздігі» белгісін, көптеген диплом және төсбелгілерді иленді. Жуырда соғыс ардагеріне «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
40 жыл бойы коммунистік партияның мүшесі болып, барлық ғұмырын елінің, туған жерінің өркендеуі мен дамуына арнаған зейнеткер бүгінде тоқсан үш жаста. Түрлі кезеңді бастан өткерсе де, Әбдірауық атаның қимылы да, жүрісі де ширақ. Үш баладан он шақты немере мен шөбере сүйіп отыр. Мереке қарсаңында жүздесіп, қариямен тілдескен біз атаның бүгінгі болмысына тәнті болдық. Аталы сөзін айтып, бүгінгі ұрпақтың болашағына алаңдаған қарт көңіл кейінгі ұрпаққа тек жақсылық тілейді. Аласапыран заман қайталанбаса екен дейді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |