« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бала күнімде үйде ақ чемодан тұратын. Бірақ ішін ашып көргенім жоқ. Құнды дүние болар деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе оның ішінде атамның Фин, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлігі үшін алған орден-медальдары мен құжаттары сақтаулы тұрғанын білдім. Сонда кеудемде мақтаныш сезімі орнады. «Мен Ұлы Отан соғысы батырының немересімін!» Иә, расында солай.
Атам Жақсылық Адайбаев 1917 жылы Жаңақорған ауданы, Политотдел колхозында дүниеге келген. Сол кездегі ең жоғары білім саналатын 7 жылдықты бітірген. Оқуын одан әрі Ташкент қаласында жалғастырыпты. Ел атамды сауатты кісі болған деседі. Ол 1938 жылдың күзінде Жаңақорған аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен Қызыл әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын адал атқарады. 1941 жылы соғыс басталды. Суыт хабар әне-міне туған жерге қайтамыз деп тұрған Қызыл әскер жауынгерлеріне оңай тимеді. Олар майданға араласады. Жас жауынгер жан берісіп, жан алысқан шайқаста бірнеше мәрте жарақат алғанына қарамастан Отаны үшін өр кеудесін оққа тосты. Қан майданның бел ортасында талай жаумен шайқасып, ерлігі, мергендігімен көзге түсті. Атқыштар бригадасының командирі болды. 1942 жылы майдан даласында алғы шепте жүріп Коммунистік партияға өтеді. Көктен де, жерден де қарша бораған оқтан аяғынан және басынан ауыр жарақат алды. Бірақ солдаттардың аздығынан қайта ұрыс даласына аттанды. Жарақат алған жауынгерлердің көбісі қайта майданға осылай кетіп жатты. 1944 жылы майданнан босатылып, балдаққа сүйеніп елге оралды.
Елге келісімен майдангер жігіт әжем Гүлсім Бижігітовамен шаңырақ көтерді. Біршама лауазымды қызметтер де атқарады. Тұралап қалған ауыл өмірінің жандануына елеулі үлес қосты. Ағайындардың айтуынша, ол өте қабілетті кісі болған. Бірліктің №4 фермасында есепші қызметін де абыройлы атқарған. Аудан жұрты оның өз ісіне ұқыпты, жаны таза, әділдікті ғана қалайтын жан ретінде бағалаған. Сонымен қатар жалғандыққа жаны қас болған. «Өтірік айқан адам, санасыз адам» деп айтып отырады екен. Осы тұста үлкен келіні Айзат Әлібаеваның атамның көзін көрген және тәрбиесін алған жалғыз келін екенін айта кеткен жөн. «Қабағына қарап бәрін аңғарып отыратынмын. Енем де еріне өте қатты құрмет көрсететін. Бар жағдайын жасайтын. Олар мені қызындай жақсы көрді. Ешқашан алдын кесіп өткен жоқпын. Атам нағыз үлгі тұтарлық ерекше адам болды. Бүкіл аудан жұрты сыйлайтын. Үйден қонақ үзілмейтін. Дастархан кеңге жайылатын. Бәрі де атамнан ақыл сұрап, болмаса шаруаның көзін табуға кеңес алуға келетін. Ол кісі өте еңбекқор әрі намысшыл еді. Оның жақсы қасиеттері өн бойында тұнып тұратын. Әсіресе, балаларын қатты жақсы көретін. Қыздарын еркелетіп, атын атамайтын. Бар білген ақылын айтып, дүниенің бір кірпіші болып қаланып, өз орындарыңды табыңдар дейтін. Және де көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Осындай сыйлы әулетке келін болдым» – дейді Айзат Әлібаева.
Атамның тағы бір қасиеті бал арасын ерекше күтіммен өсіргендігі. Ауыл шетінде бақ болған, сонда осы кәсібін жандандырса керек. Кішкентай жәндіктің бабын тауып, дүйім ауылға жегізген. Өкініштісі, балалары бұл кәсіпті жалғамады. Ауылдағы ескі сарайда омарташы атамның бал айдайтын құрылғылары әлі күнге сақтаулы тұр. Мен атамды көрмесем де ауылдың ақсақалдарының айтуынан оның жақсы адам болғанын біліп, марқаятынмын. Ұлы Отан соғысына ағалары Арқабай және Сәдуақаспен бірге аттанып, өзі ғана аман оралған екен. Екі ағасы сол кеткеннен хабар-ошарсыз қалған. Ал, атамның әкесі және аталары кезінде ауқатты кісілер болған. Үйір-үйір жылқы ұстаған екен. Бірақ 1928 жылы бай-кулактарды кәмпескелеу кезінде қуғынға ұшыраған. Содан атамның әкесі жұбайының тегіне өткен. Онысы қуғындалудан аман қалу болса керек. Тағы бір айта кетерлігі, әулеттегі азаматтарды бай-құлақтың баласы болғандықтан мектепке де алмаған. Бір жағы балаларының сауатын ашу үшін осы қадамға барған сияқты. Ауыл қарияларының айтуынша, қазіргі Сырдағы жылқылар сол аталарымыздың асыраған жануарының тұяғы деп айтып отырады. Ал, әжем Гүлсім де тылда еңбек етті. Майданға жөнелтілген астық пен киім-кешек, қару -жарақта осы кісілердің қолынан өткен. Белі қатаймаған қыз ауыр жұмысқа ерте араласты. Соғысқа аттанған әкесі мен ағасының елге аман-есен оралуларын тіледі. Бірақ олар соғыстан қайтпады. Анасы оны атам Жақсылыққа қосып, қамқор болуын өтінген. Міне, содан екеуі шаңырақ көтеріп, бақытты ғұмыр кешеді. Атам өмірден озған соң балаларын өзі жетілдіреді. Бір мысал келтіре кетейін, атам қайтар шағында үй көтереді. Бірақ ол аяқсыз қалады. Себебі, соғыстан алған ауыр жарақаты асқынып өмірден озады. Шиеттей бала-шағамен қалған әжеме ауыл адамдары «енді мына үлкен тамды қалай көтересің?» деп сынай сұрақ қойса керек. Сонда әжем ертең осы үйді бітіріп, бәріңді қоныс тойына «шақырамын» депті. Содан күндіз-түні тынбай еңбек етіп, ересектеу балаларымен бірге кесегін құйып, тамды бітіріп, кірген екен. Жайын жайлап болған соң әлгі кісілерді шақырып, ас беріпті. Міне, әжем осындай қайсар жан еді. Балаларын жастайынан еңбекке баулыды. Ұл-қыздарына өнегелі тәрбие берді. Әке орнына әке, шеше орнына шеше болды. Бәрін өз орнына қондырды. Совхозда сауыншы болып, зейнетке шықты. Артында қалған ұл-қыздары да ата-ананың үмітін ақтады. Жалпы, атам мен әжемнің 3 ұл, 6 қызы бар. Немерелері де жоғары оқу орнын аяқтап, бір-бір саланың маманы атанып отыр. Әжем кіші ұлының атын Қорғанбай деп атағанда келісе кетіпті. Өмірге әкелген ұл-қыздарыма қорған болсын деп ырымдаса керек. Бізге бейбіт өмірді сыйлаған батыр аталарымызға мың тағзым. Артында ұрпағы барда олардың есімі мәңгілікке өшпейді.
Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ,
майдангердің немересі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |