МЕНІҢ АТАМ АСЫЛ ЖАН

Мен атамды көре алмадым. Жарық дүниеге келерден бірнеше жыл бұрын, алпыс жасында өмірден озыпты. Тек атамның маған жеткен, өз қолымен жазған қойын дәптерін көру, соны оқып, түйсіну бұйырыпты. Аманат етіп қалдырған дүниелерін, мұрасын, жиналған хаттарын, сақталған жырларын оқып отырып тамсанамын. Қарасаң көз сүйсінеді. Бейне бір белгілі қаламгер немесе ақынның күнделігінен алынған беттер секілді, ойы терең, ал жазуы маржандай... Бойындағы өнер ұшқындарын дамытып, ол саламен түбегейлі айналысқан болса, кім біледі, халыққа танымал жазушылардың бірі болар ма еді? Бірақ қалтарысы көп өмір бұралаңдары, қатыгез соғыс оның өз шығармашылығына дұрыстап көңіл бөлуіне мүмкіндік бермеді деп ойлаймын. Үш әліпбиді (латын әліпбиі, төте жазу, кириллица) қатар меңгеріп, еркін қолданған, өмірін ел қорғау мен адал еңбекке арнаған Сыздық атамның алпыс жылға ғана жеткен мағыналы өмірінің өзі саналы ұрпағы үшін тұнып тұрған өнеге дерсіз...

Атам Сыздық Нүркеев 1920 жылы Сыр өңіріндегі Бестам советіне қарасты Қаратаудың теріскей бетіндегі «Еспе» («Сарышырпы») деген жерде дүниеге келген екен. Орта мектепті, сосын зооветтехникумды бітіріп, енді жұмысқа кіріскелі жүргенде соғыс басталып кетіп, майданға аттанады. Ұлы Отан соғысынан 1944 жылы оң аяғынан жарақат алып, ІІ топтағы мүгедек болып оралады. Әйткенмен, дәл сол кездегі қиын ахуалға байланысты майданнан оралысымен-ақ, ауданындағы РАЙЗО-да учаскелік зоотехник болып қызмет атқара бастайды. 1948-1951 жылдарда бұрынғы «Коммунизм», қазіргі Нартай ауылында №1 қой ферма бастығы болып істесе, одан кейін «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы колхозда басқарма төрағасы қызметін, сосын колхоздың ірі қара, жылқы фермаларын басқарады. Оның бір қасиеті, өте жақсы орындалған немесе орындалмай қалған жұмыстың себептерінің неден болғанын ұқыптылықпен  қадағалайды екен. Тіпті өзі орындаған әрбір жұмысына сын көзбен қарап өз қатесін өзі тауып отырған деседі. Ал ауылдың жас-кәрісі тұрмыста туындай қалған түйткіл, не кикілжіңге қатысты төрелігін іздеп алдымен милицияға емес, «Сіз айтыңызшы!» деп атама келеді екен. Одан бөлек ауылдағы тұрмысы нашар, жетімдікті көрген жас жігіттердің отбасын құрып, отау тігуіне мұрындық болып, кішігірім тойын жасап беруді дәстүрге айналдыра біліпті. Көпке үлгі болған  нағыз ауыл ақсақалы осындай болса керек.

Сыздық Нүркеұлының көзін көр­гендер: «Сөзіне ісі сай, сегіз қырлы, бір сырлы абзал жан еді» деп еске алады. Жас күнінен домбырамен «Саудашы Ишан», «Иманжүсіпке хат» жыр-қиссаларын таң атқанша жырлаған ол, туыс ағасы болып келетін Нартай ақынның қолдауымен, талай жыр дүлділдерімен өлең сайыстарына түскен және шешендік сөздер, өлең-жырлардан өзіндік мұра қалдырған. Атам әр кеш сайын оқыған түрлі кітаптарының мазмұнын жан жары мен балаларын қасына алып, мазмұндап айтып беріп отыруды дәстүрге айналдырған. Ұл-қызының көкірек көзі ашылсын деген ниет болса керек.

Атамның тағы бір қасиеті, заман­дастарымен өзара сынды жақсы көрген. Сондықтан да өзі қалай басқалардың кемшілігін бетіне батыл айта білсе, өзіне айтылған әділ сынды да батылдықпен мойындап, жөндеудің жолын қарастырады екен.

Ұлы Отан соғысының ардагері өмірлік жары Ақайдан Үрайрақызы екеуі он баланың ата-анасы атанып, оларға терең өнеге мен тәрбие, жоғары білім бере алған асыл жандар. Бірі (Сайлау Нүркеев) құрылыс саласында абыроймен қызмет атқарған инженер болса, екіншісі (Сансызбай) ішкі істер бөлімінде қажырлы еңбек еткен азамат болды. Үшінші ұлы (Ағыбай) теміржол саласын басқарған білікті маман болса, төртінші ұлы (Рахметолла) әскери қызметімен Отан алдындағы борышын адал атқарған әскери маман атанды. Ал кенже ұлы Мұхамбет – қарашаңырақтың иесі. Атамның шығар­машылыққа жақындығынан болар, Сәуле, Зәуре, Майра атты үш қызының екеуі суретшілікті таңдады. Сыздық Нүркеевтің балаларынан бүгінде жиырма жеті немере тарап, олардан  елу шөбере өсіп келеді.

Сонымен қатар, атамның мүлт жібермес аңшы, білгір із кескіш, ауа райын болжай алатын табиғат тамыршысы болғанын аудан жұртшылығы әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Өзінің әрбір ісімен өнеге бола білген ол бүтін бір әулеттің, ауылдың кеңесшісі, сүйеніші, қамқоршысы, алға сүйрейтін рухани демеушісі іспетті. Біз мұны мақтан тұтамыз...

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,

немересі.

Астана.

ТАҒЫЛЫМ 29 сәуір 2018 г. 878 0