ЕРЛІГІ ӨШПЕС МӘҢГІЛІК

Екінші дүниежүзілік соғыс еліміз үшін ауыр тиді. Қаншама отбасының шаңырағы ойрандалды. Бірі – атадан, бірі – ағадан, енді бірі інісінен айырылды. Ал, дүние есігін ашып, жан-жағын енді біле бастағандар балалықпен ерте қоштасты. Сондықтан да болар, әкеге, бауырға деген сағыныш пен тағдыр тауқыметінің кермек дәмі осы жылдары еңбек еткен әрбір жанның есінен кетпесі анық.

Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бойы өсіп, бұғанасы қатпаған бала мен еңкейген кәріге дейін майдан үшін еңбек етті. Бәрінің көкірегін кернеген жалғыз ой ол – Жеңіс туының көкте желбіреуі, ағайынның Отанға аман оралуы болатын. Алайда, қар жастанып, мұз төсенген азаматтарымыздың қаншамасы майдан шебінде қаза тапты. Сонда да елде қалған жандардың үміт оты ешқашан өшкен емес. Халықтың өмірге құштарлығы, елге, жерге деген сүйіспеншілігі мен сенімі жауды талқандап, жеңіске жетеледі. Аталарымыздың қайтпас қайсарлығы осылайша кейінгі ұрпаққа бейбітшілік сыйлады. Бүгінде осы ақиқат аңызға айналып барады.

Міне, адамзат тарихында осындай өшпес із қалдырған, әрбір жанның жүрегіне жара салып кеткен, ең суық та сұрапыл соғыстың аяқталғанына 73 жыл толып отыр. Ұлы Отан соғысына, қан майданға жастары 18-19-ға толар-толмастан аттанғандардың өзі қазірде тоқсаннан асты. Соғыс ардагерлерінің қатары уақыт өткен сайын сиреп, азайып бара жатыр. Сондықтан да сұм соғыстың қасіреті мен бабалар ерлігін жазу, кейінгі ұрпаққа дәріптеу – бүгінгі күннің талабы. Майданның бел ортасында болып, кеудесін оққа төсеп, елге аман-есен оралып, халыққа қызмет еткен қазақтың қайсар ұлдары біздің өңірімізде де бар. Солардың бірі – Төлеген Жүнісов ақсақал. Ол кісі қазір тоқсан бесте.

Төлеген Жүнісов Тереңөзек ауданы, бұрынғы Жаңаарық колхозында дүниеге келіп, балалар үйінде тәрбиеленген екен. Оған себеп, 1933 жылы орын алған жаппай ашаршылық Төлеген атаны ата-анадан айырады. Ол бауырларымен жетімдер үйіне орнығады. Қас қылғанда, осы жетімдер үйінде бауырларынан көз жазып қалады. Бауырларын еске алғанда әлі күнге дейін қарияның жанарынан еріксіз жас тамады. Өмірдегі жалғыздық, бауырларына деген сағыныш, оларды бір көрсем деген арманы әлі күнге дейін ол кісінің көкірегін сыздатады. Қиналса да мойымай алға қарай ұмтылғанымен, оған өмірдің жақсылығы оңайлықпен келе қоймады. Енді ержетіп, бауырларымды тауып қосыламын деп жүргенінде бір бүйірден келген зұлмат соғыс оны қан майданға аттандырды.

Төлеген Жүнісов соғыс басталған жылы небәрі он сегіз жаста болатын. 1942 жылы он тоғыз жасында армия қатарына алынып, Өзбекстанның Самарқанд қаласына келеді. Әскерде жүргенінде білімі жетікластық болғаннан кейін 8 айға кіші командирлікке оқуға жіберіледі. Алайда, оқығанына 5 ай толғанда соғысқа аттанды. Ең алғашқы айқасты Украинаның Луговой жерінде көрді. Жаяу әскердің қатарында болған кіші сержант шеніндегі қария мұнан кейін Харьков қаласынан бастап, Прискуров, Тернополь, Львов маңындағы ұрыстарға қатысып, шайқаста алдыңғы шепте жүреді. Автомат пен қол пулеметін еркін меңгерген қазақ баласы осылайша, Украинаны жаудан азат ету жолында ерліктің ерекше үлгісін көрсетеді. Фашистерге қарсы күресте жауапты атқарған жауынгерлік ерлігі үшін майдангер «I дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталады. Бұл орден ұрыс кезінде жаудың соғыс қимылына қажетті құрал-жабдықпен жасақталған және жан-жағын, алды-артын жіті қарап, бақылай алатын «Тигр» атты қос танкісін жарып жібергені үшін беріледі. Өз міндетіне адал болған қария үшін бұл марапаттың орны бөлек.

«Менің жастық шағым майдан шебінде өтті. Қан көру, біреуді өлтіру өте ауыр дүние. Десе де, басқыншылардан Отаныңды азат ету, келер ұрпаққа жақсы күн сыйлау керек екендігін ойлаған кезде ешнәрседен де қаймықпайды екенсің», – деген қария терең күрсініп, ұзақ ойға шомды.

Кеңес Одағы соғыстан экономикалық жағы­нан әбден әлсіреп шыққаны белгілі. Сол уақыттарда экономикалық қиындықтар жұмыс қолының жетіспеуіне байланысты күрделене түсті. Әсіресе, соғыстың зардабы Қазақстанға ауыр тиді. Зауыттарда, фабрикаларда және ауыл шаруашылықтарында жұмыс күші жетіспеді. Оның бірден-бір себебі, соғыс кезінде Қазақстанға қоныс аударған маман­дардың көпшілігі туған жерлеріне кайтса, енді біраз қазақстандықтар майданда қаза тапты және соғыстан оралмады. Бұл кездерде 1930-1934 жылдардағы шаруаларды зорлап ұжымдастыру кезіндегі жаппай қоныс аударуы, республиканың ауылшаруашылық аудандарының жартысына жуығының қыры­луына алып келген аштық салдарлары да айқын сезілді.Осындай қиын-қыстау кезеңде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару біздің еліміз үшін тиімді әдіс болатын. Осы кезеңде елге оралған бойдан Төлеген қария бейбіт еңбекке бірден араласып кетті. Ешқандай жұмыс талғамады. Алдымен колхозда қара жұмысшы болып жұмыс жасап, мұнан кейін дүкенші болып қызмет атқарады. Есепке қабілетінің, икемінің барлығы біраз уақыт өткен соң бухгалтер болып жұмыс жасауына жол ашады. Содан кейін 1978 жылдан бастап темір жол саласына келіп, монтер болды. Осылайша, саналы ғұмырында еңбек­ке араласып, елінің абыройлы азама­ты атанды. Бүгінде өмір жолы ауыр болған сайын қаймықпай, алдынан келген жаудан да сескенбей, қасқайып қарсы тұра білген ақсақалдың өмірі барша адамға үлгі боларлықтай.

Майдангер «За отвагу», «Германияны жең­гені үшін», «За боевые заслуги» және «КСРО Қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл», «Еңбек ардагері» және «Астанаға – 10 жыл» секілді медальдармен марапатталған.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

“Сыр бойы”.

ТАҒЫЛЫМ 29 сәуір 2018 г. 705 0