ЗАМАНДАС ЖАЙЛЫ ЖАҚСЫ СӨЗ

Сынаптай сырғыған уақыт ағымы білінбей өтіп жатқанымен, өмір жолыңда тағылымды ісімен тәнті ететін ардақты бір адамың болады. Ондай жанның есімі қашан да санаңда сайрап тұрады. Өзіңмен кезінде тіршіліктің қазанында біте қайнасып, бірге жүрген замандастарың туралы тілге тиек еткің келсе де оның ыңғайы үнемі табыла бермейді. Бірақ, өткенсіз – бүгін, бүгінсіз келешек жоқ дегендей, өзің құрметтейтін адам туралы, оның сан қырлы қасиеті, атқарған өнегелі істері жайлы айтып отыру ешуақытта артық болмасы анық.

Мен замандасым Сағындық Оспанұлы жайында тілге тиек етуді азаматтық парызым деп білдім. Қашан көрсең де байсалды, сыр алдырмас сыпайы қалпынан айны­майтын бұл адаммен таныстығым 1993 жылдан басталды. Еліміз тәуелсіздік алған шақпен қатар келген нарықтық экономиканың ию-қию тірліктерінде табысты дөңгелетуге бәріміз де ұмтылдық. Қолымызда бар мүм­кіндікті пайдаланып, кәсіп тапсақ оның өрісін кеңейту жолында жан-жақпен байланыс орнату қажеттігін сезіне бастадық. Қанша дегенмен, «Адамның күні адаммен» деген сөз бекер айтылмаса керек.

Сол кезде облыста орналасқан «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігінде вице-президент қызметін атқа­рып жүрген болатынмын. Кімнің кім екенін біліп болмайтын күнделікті қат-қабат шаруада күрмеуі келген қысқа жіптей қызық таныстықтың куәсі болдым.

Бізге Ертіс бойында шаруашылығын енді түзей бастаған «Приречный» агрофирмасымен келісім-шартқа тұрудың сәті түсті. Егістік алқаптарын жандандырып, көкөністің сан түрін көбейте бастаған кәсіпорын үшін техникаларын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету өте қажет екен. Семей қаласына қарасты осынау өндіріс орнының басшысы, заманның жаңаша бетбұрысына жастық жігерімен жанын сала кіріскен Мұхит Тұмабаев деген азамат болып шықты.

Міне, сол Мұхиттың сенім артқан өкілі болып Сыр өңіріне келген Сағындық Оспанұлы біз үшін де бөтен адам емес екен. Қызылорда өңірінде қара алтынның өндірілуін қолға алып, дұрыс жолға қойған, елін сүйген ардақты ер, «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігінің басшысы Мұрат Саламатовпен ертеден аралас-туыстас адам екенін білдік. Маңғыстау жеріндегі қара алтынның өндірісін қарқынды дамытқан Мұрат Ғазезұлының Құмкөл мұнай кәсіпорнын тыңнан қолға алып, Қазақстан экономикасының табысқа кенелуіне қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін бұл күнде күллі қазақ біледі десем, артық айтпаған болармын. Бұл туралы алда кеңінен баяндалар, әңгіме Сағындық Оспанұлынан басталды ғой.

«Приречный» агрофирмасымен басталған осы байланысымыз бірнеше жыл бойы тоқтаусыз жүрді. Біз орташа бағамен қалауынша жанармай жөнелтіп отырдық. Ал бізге «Приречныйдан» көкөніс түрлері, картоп, сәбіз, орамжапырақ келіп тұратын. Одан біртіндеп Семейдің ұн-құрама жем комбинатынан комбикорм, өзге де зауыттардан цемент, шифер, 4 камфорлы газ плитасын, жоғары кернеулі кабель сымдарын қалауымызша алдыруды жолға қойдық. Бүгінде естелік ретінде айтуға оңай көрінгенімен, қиындығы қат-қабат осындай ірі жұмыстардың басы-қасында ұйытқы болып Сағындық замандасым жүрді.

1997 жылы «Оңтүстікмұнайгаз» өндірістік бірлестігі шетел компаниясының құрамына еніп кетті де, біздің жақсы өрістеген байланысымыз тоқтап қалды. Дегенмен, әріптестік сыйластық, жақын таныстық жоғалған жоқ. Бірлестік басшысы Мұрат Саламатов сол кездегі ҚР Мұнай-газ министрлігіне ауысып абыройлы қызмет атқара жүріп, 1999 жылы қайтыс болды. Қара жер қойнауына қимайтын асыл азаматымыздан қапыда айырылып қалғанымыз қабырғамызды қайыстырды. Тағдыр бұйрығына амалсыз мойынсұндық.

Иә, тірі адам тіршілігін істейді. Бұл күнде мұнай өндірісі саласының ардагері дейтін абыройлы өмір биігіне шықсам да, өткен жолымда орны бөлек тұлғалар туралы ойға алғаным орынды болар. Әсіресе, Мұрат Ғазезұлы Саламатов жайында үнемі еске алғанымыз жөн. Сағындық Оспанұлы осы тұрғыда аянбай еңбектену үстінде. 2002 жылы мемлекет тарапынан М. Саламатовтың 60 жылдығына орай мәңгілік есте қалдыру мақсатында Қызылорда қаласында бірқатар істердің басы қайырылды. Мұрат Ғазезұлына бюст қойылды, көше аты берілді, ескерткіш-тақта орнатылды. Осындай ірі жұмыстарды жергілікті әкімдіктің пәрменімен жүзеге асыру жолында сонау Семейде тұрып, Сағындық Оспанұлы бірге атсалысты. Қазақтың қадірлі азаматына деген Сағындықтай ел ағасының мұндай құрметін ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсетуге ұмтыласың. Ұрпақ үшін патриоттық, өнегелі тәрбие дегеніміз осы болса керек.

Сағындық замандасымның бұл тұрғыда атқарған істерінің ішіндегі іргелісі, ірісі – «Мұнайшы» қоғамдық қорының қолдауымен, қазақ мұнайының ардақтылары сериясымен 2009 жылы жарық көрген «Мұрат Саламатов» атты естелік кітабы. Мұрат Ғазезұлының қарындастары Рая, Қарлығаш пен немере інілері Өнер және Өсермен ақылдаса отырып, тәуекелге бел буып, естеліктер жинап, жарыққа шығарған кітабы – еліміздің мұнай саласында  жүрген жас мамандар үшін таусылмас, таптырмас қазына деуге лайықты еңбек.

Облыстық әкімдікке жиі хат жолдап, Саламатовтың ескерткіш заттарын молайтуға ерекше үлесін қосқанын да айтқан жөн болар. Одан бөлек Мұрат Ғазезұлының есімін Қызылорда қаласындағы басты көшелердің біріне беруге де өлшеусіз атсалысты. Сонымен қатар сол көшенің көркейтілуіне үлкен үлес қосты. Сәкеңнің ендігі мақсаты – Мұрат Саламатов туралы жақсы бір өнегелі еңбекті жарыққа шығару.

Мен осындай қажырлы жұмыс атқарып жүрген Сағындық Оспанұлын 80-ге қарай бет түзеген аға деп айтуға қимаймын. Сәкең әрдайым бабында, не нәрсеге де сергек, асқан жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайды. Үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін сұңғыла қасиеті тәнті етіп, осы мақаланы жазуыма түрткі болғанын ерекше разылықпен жеткізгім келеді.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген өнегелі сөз бар. Ал бүгінгі ой орамы Сәкеңнің адамгершілік қасиеттерінің бір парасы ғана.

                                           Есқожа БЕРГЕНБАЕВ,

                                   мұнай саласының ардагері.

Қызылорда қаласы.

ТАҒЫЛЫМ 29 сәуір 2018 г. 713 0