АДАЛДЫҚПЕН АБЫРОЙҒА БӨЛЕНГЕН ...

Ол 1942 жылы Сырдария ауданы, Октябрь ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс болды. Содан болар, ерте есейді. Күнделікті отбасының тірлігіне қарайласып, арасында ауылдағы сан-салалы жұмыстарға араласатын. Ал 1959 жылы ауылдағы орта мектепті бітірген ол келесі жылы Механизаторлар дайындайтын училищеге оқуға тапсырады. Мұнда оқып жатқандар да өзі қатарлы өрімдей жігіттер еді. Бәрі елжанды, еңбекке құштар жастар. Алға қойған мақсаттары да бір – адал еңбек ету. Осында оқып жүргенде әскер қатарына шақырылған кейіпкеріміз 1961–1964 жылдар аралығында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп оралады.
Ауылға  келісімен көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасқан Амангелді шаруаға тез-ақ төселіп кетті. Жас жігіттің жұмысқа деген талабы мен табандылығын басшылары да байқаған еді. Сондықтан болар, бірте-бірте оған жауапты жұмыстарды тапсыратын болды. Алайда ол қайсыбір жұмыстың да қиындығынан жасқанбайтын, қайта бойын­дағы бұла жігер  ширығып, шыңдала түсетін.
Иә, қысы-жазы толастамайтын ауыл тірлігі жас маманды көп ұзамай-ақ иіріміне тартып әкетті. Ертелі-кеш егістің басында жүріп, еңбектің қай түрі болсын, белсене араласатын. Осындай қауырт жұмыстардың  ортасында жүргенде ауыл шаруашылығы және өндіріс саласына жастарды тарту мақсатында комсомол жастар бригадасының үндеуі жарияланды. Бұл 1966 жыл болатын. Ауыл жастары бұл бастамаға ұйымшылдықпен үн қосып, келер жылы ауылда механикаландырылған күріш звеносы құрылды. Осы звенода еңбек ете жүріп, егіс жұмыстарының жайына егжей-тегжей қаныға түскен жас жігіт Амангелді Ахметов 1970 жылы звено жетекшісі болып бекітілді. Ол кезде жиырма бес жаста еді. Жас та болса, жұмыстың жайын жетік білетін жігіт сол жылдары  егілген 250 гектар күріштен 70-75 центнерден өнім алды. Әрине, бұл тынымсыз еңбектің  нақты нәтижесі болатын. Осыған орай ол «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады.
Еңбек қарқыны еселеніп, жауапкершілік жүгі де арта түсті. Айталық, ол уақытта звено жетекшілері егінді күтіп-баптау, орып-жинау жұмыстары мен өнімінің қорытындысына басшылармен бірдей жауап беретін. Сондықтан көктемгі, күзгі маусымдық жұмыстарға барынша мән беріліп, жұмыс барысына тұрақты түрде талдау жасалып отыратын. Бұл уақытта жұмыс тәжірибесі толыға түскен күріш звеносы жалпы егілген 180 гектар күріштің әр гектарынан жыл сайын 80-85 центнерден жоғары өнім алуға қол жеткізді. Көп ұзамай комсомол жастар звеносының күріш өсірудегі іс-тәжірибесі облыс көлемінде кең таралды.
Ол еңбек майданында  ерекше қырынан танылып, өз ісін ұтымды ұйымдастыра білді. Өңіріміздегі күріш өндірісіне сүбелі үлесін қосқан звено жетекшісі А.Ахметов 1976 жылы «Ленин» орденін иеленді. Сондай-ақ, әр жылдары Бүкілодақтық ВДНХ көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарын жеңіп алды. Ал 1980 жылдың көрсеткіші бойынша мемлекетке миллиард пұт астық тапсыру міндеттемесін іске асыруда оныншы бесжылдықтың жоспарын асыра орындағаны үшін екінші мәрте «Ленин» орденін иеленіп,  «Социалистік Еңбек ері» атанды.
Жалынды жастығын туған жерін түлетуге арнаған абыз ақсақал 1995 жылдан бері дербес зейнеткер. Еңбегімен еңсесі биіктеп, ұрпағына ұлағатты із қалдырған Амангелді аға отанасы Шырынкүл апаймен жеті бала тәрбиелеп жеткізіп, бүгінде немерелерінің қызығына кенеліп отырған жайы бар. Ол ұрпақтарының алдында адал еңбектің абыройы жайлы әрдайым әңгімелеп келеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,  
«Сыр бойы».
ТАҒЫЛЫМ 24 сәуір 2018 г. 616 0