Ұрпаққа үлгі тұлға

Адам өмірінде ата-ананың, сонымен бірге кейінгі толқын жастарға, ағалық ізетін көрсете білгендердің орны бөлек. Осындай ардақты жандардың қатарында соғыс ардагері, құқық қорғау саласының ардагері Иманғали Сейітовті мақтанышпен еске алуға болады. Бауырмалдығы мен парасаттылық қасиеттері арқылы елінің қадір-құрметіне бөленген Иманғали атамыздың жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде мәңгілік сақтала береді.
Иманғали Сейітов - Қызылорда облысының Арал теңізі жағалауында 1928 жылы дүние есігін ашып, соғыс жылдарында тылдың тынымсыз тірлігіне аянбай араласты. Соғыстан соң, Ташкент қаласындағы Орта Азиялық мемлекеттік университетті бітіргеннен кейін үздіксіз отыз жеті жыл әділдік саласында заңдылықты қорғау «Тура жолды ту еткен» қазылық ету жолында айрықша еңбек етті.
Саналы ғұмырын құқық қорғау органдарында қызмет етуге арнап, абырой биігінен көріне білді. 1952 жылдан заң саласының қызметкері болып, Қызылорда облыстық прокуратурасының соттағы қылмыстық істерді бақылау бөлімінің бастығы 1960-1966 жылдар аралығында Шиелі және Жаңақорған аудандарының прокуроры, Қызылорда облыстық прокурорының, Қызылорда облыстық сотының орынбасары, сот төрағасы секілді жауапты қызметтер басында болды.
Әрбір қызметте адамгершілік деңгейді биік ұстай отырып, заң талаптарын бұлжытпай сақтауды және қадағалауды, іскерлік пен ұйымшылдықты басты назарға қойды. Шәкірттерін білікті маман болуға, адалдық, әділдікке тәрбиелеп, ең асыл қасиеттерге баулай білді. Құқық қорғау саласындағы кәсіптік білімі мен біліктілігі, биік парасат-пайымы мен табандылығының арқасында әділдік пен туралықтан тайған жоқ.
1989 жылы Қазақстан Республикасына айрықша еңбек сіңіргені үшін зейнеткерлік демалысқа шыққан.
Елімізге заң саласындағы еткен елеулі еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан лайықты бағасын алды. Атап айтсақ, 1975 жылы Қызылорда облысы бойынша бірінші болып КСРО дәуірінде үшінші дәрежелі мемлекеттік заң кеңесшісі – генерал атағын иеленді. КСРО прокуратура органдарының құрметті қызметкері атағын алып, медальмен марапатталды.
Қоғам өмірін де назарынан тыс қалдырмаған Иманғали Сейітов 1960 жылдан 1900 жылға дейін аудандық, облыстық кеңестерінің депутаты болып сайланды. «Елін сүйгеннің еңсесі биік» демекші, лауазымды мемлекеттік шендер, түрлі медальдармен, құрмет грамоталары мен басқа да мадақтаулар алды.
Кейін зейнетке шықса да еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласа білді. 15 жыл бойы Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болды. Қадірменді ақсақалы ретінде халықтың әлеуметтік хал-ахуалын жақсартуға, облыстың экономикасының, мәдениетінің өркендеуіне өз үлесін қосты.
Қай уақытта болса да өзінің білімі мен ақыл-парасатын, күш-жігерін аянбай, мемлекетпен халыққа жұмсаудың ерен үлгісін көрсетті. Иманғали Сейітовтің өмір жолы мен өнегелі істері кейінгі ұрпақ үшін сарқылмас мұра болып қала беретіні сөзсіз. Облыстық сотта ашылған мұражайда Иманғали аға туралы көптеген деректер бар.
Ол сонымен қатар, сот, прокуратура органдарында ұзақ жылдар еңбек ету барысында көптеген жас мамандарын тәрбиеледі. Иманғали Сейітов ағаның шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірлерінде өз кәсіптерінің шеберіне айналған.
Жұртшылықтың лайықты құрметіне иеленген, «Тура биде туған жоқ» деген қағиданы дәйекті жүзеге асыра алған Иманғали Сейітов атамыз бүгінгі күні тірі болғанында торқалы 90 жасқа келген мерейтойын атап өтер едік. Иманғали Сейітов көп жылдар сот,  прокуратура органдарында аянбай еңбек етіп, республикаға белгілі заңгер ретінде өз үлесін қосып, заң әлемінде өз орнын тауып, биік тұғырға көтерілген азамат.
Бүгінгі күні жастар тұғыр биік, ұрпаққа үлгі тұлға Иманғали Сейітовтың сабырлықты, қоғамдағы мінез-құлықтың нормалары мен қағидаларын сақтау, мәдениет пен дәстүрге ұқыптылық көзқарас қалыптастыру қасиеттерін бойына сіңіріп,   сындарлы сәттерде салиқалы шешім қабылдай білген өз ісінің нағыз кәсіби маманы ретінде қызмет атқаруда.
Біздер ардагер ата Иманғали Сейітовтың: «Бұл жұмыс жалтақты көтермейді. Әділдік, тазалық керек, адам қай жұмыста жүргенде де адал жүріп, жұмысты таза істесе марапаттың да, абыройдың да ең үлкен сол болмақ», - деген өмірлік ұранын ұстанып келеміз.
Алайда, уақыт озған сайын Иманғали Сейітов атамыздың бейнесі қайталанбас тұлғалармен менің көңілімде айқындала түседі.


Сәуле Өтегенова,
Қызылорда қаласының
мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы.

ТАҒЫЛЫМ 20 сәуір 2018 г. 732 0