(Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты құжаттары бойынша)
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев және Қорқыт ата университетінің ректоры Қ.Бисеновтің қолдауымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттің оқытушылары Б.Еңсепов пен У.Ибраев қаңтар айының 4-і мен 12-сі аралығында Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында болып, Орталық мемлекеттік мұрағатта жұмыс жасады. Соның нәтижесінде мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргенов туралы тың деректер мен суреттер табылды.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақ елінің білімі мен ғылымын және де жаңа социалистік мәдениетін қалыптастыруда, сонымен бірге жоғары мектептің негізін қалауда Темірбек Қараұлы Жүргеновтің еңбегі ерекше. Ол 1898 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Жаңаталап елді мекенінде дүниеге келеді. Темірбек алғашқыда Мұхаметжан деген ауыл мұғалімінен сабақ алып, кейіннен шығыс тілінің білгірі, ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтен оқуын жалғастырады. Ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтен Темірбек, парсы, өзбек, тәжік тілдерін меңгеріп, шығыс әдебиетін бойына сіңіреді. Темірбектің әкесі Қара баласының білімге деген құмарлығын байқап, зеректігін ескеріп, он жасында оны екі сыныптық орыс-қазақ Аламесек мектебіне оқуға береді. Темірбек Аламесек мектебін 1913 жылы бітіріп, сол жылы Перовскідегі Суханский атындағы қалалық жоғары орыс-қазақ училищесіне оқуға түседі. Училищені 1917 жылы бітіріп, сол жылы Уфадағы жер өлшеу училищесінде білімін жалғастырады. Бірақ 1918 жылы басталған азамат соғысы салдарынан оқу орны жабылып, ендігі кезекте Темірбек бар ынта-жігерімен саяси өзгерістер мен жаңарулар алдында тұрған елінің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып кетеді. 1918-1921 жылдары Торғай, Ырғыз, Ақмешіт өңірлерінде түрлі кеңес қызметтерін атқарады [Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты 86-қор, 1-тізбе, 671-іс]. Ол 1918 жылы Торғайда «Қазақ мұңы» газетінің жауапты хатшысы болып, 1920 жылы коммунистік партия қатарына өтеді. 1921 жылы Темірбек Орынбордағы жұмысшылар факультетіне оқуға түсіп, оны 1923 жылы аяқтағаннан кейін, оқуын жалғастыру мақсатында Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің заң факультетіне түседі. Бұл кезде университет 2 мыңнан астам студенті және 370 профессор мен оқытушысы бар ірі оқу орнына айналған-ды. Университетте оқып жүріп Т.Жүргенов түрлі қоғамдық-саяси, ғылыми ізденіс жұмыстарымен айналысып, күллі Түркістанға танымал қайраткер дәрежесіне дейін жетеді[ХХ лет Среднеазиатского государственного университета (1920-1940), Ташкент: Гостехиздат УзССР, 1940. -355 с.].
20-жылдардың басында Орта Азия аймағында мемлекет және шаруашылық мекемелерінің жұмысына жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен техникумдарда оқитын, сенімді, білікті, тәжірибелі студенттерді түрлі жұмыстар мен қызметтерге көптеп тарту үрдісі қалыптасқан болатын, оның негізгі себебі білікті мамандардың жетіспеушілігі еді және олардың бірнеше қызметтерді қатар атқару заңдылығы қалыптасты. Темірбек Жүргенов те оқуының екінші семестрінен бастап 3-4 жыл қатарынан Қазақ АКСР-ның Түркістан Республикасындағы өкілетті уәкілі міндетін, соңғы курста Қазақ педагогикалық институтының ректоры қызметі секілді жауапты қызметтерді атқарды. Қазақстан мен Түркістан Орталық Атқару комитеттеріне мүшелікке сайланады. Сонымен қатар, ол көптеген облыстық, республикалық, өлкелік мәслихаттар мен пленумдарға делегат ретінде қатысады. Т.Жүргенов университет қабырғасында жүріп сол кезеңнің басты мәселесі Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік шекарасын межелеу ісіне белсене араласып, Қазақстанның іргесін кеңейтуге және ұлттық жағынан тұтастануына зор үлес қосады. Оқуын мемлекеттік және қоғамдық қызметпен қоса қабат жүргізуі, болашақ заң қызметкерінің оқу үлгеріміне кері әсерін тигізбей, керісінше одан әрі жақсаруына, тәжірибемен ұштастыруына, құқық, саяси экономика, тарихи зерттеулерге шындап ден қойып, статистикалық, демографиялық ізденіс жұмыстарымен айналысуына көмектеседі. 1924 жылы Жүргенов өзінің «Орта Азия республикасында тұратын қазақтардың хал-жағдайы» атты тарихи-демографиялық очеркін жариялап, Орта Азиядағы қазақтардың тұрмыс-күйі мен мәдениетіне қатысты этнографиялық мәселелерді анықтауға арнайды. Жүргенов бұл еңбегінде Түркістан АКСР-ында тұратын қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мәдени дәрежесіне жалпы сипаттама береді. Университетте оқып жүріп-ақ, Т.Жүргенов баспасөз беттерінде көптеген зерттеулері мен мақалаларын жариялайды Т.Жүргенов [Т. Таңдамалы. Избранное. Алматы: Арыс, 2001. -275 б ]. 1927 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін үздік бітірген Т.Жүргеновтің Қазақстан жерін әкімшілік-шаруашылық тұрғыдан аудандастыруға қатысты жазылған дипломдық жұмысы ғалымдар тарапынан аса жоғары бағаланып, профессор Н.Н.Филатовтың алғысөзімен жеке кітап болып басылып шығады.
Орта Азия мемлекеттік университетін үздік бітірген Т.Жүргенов ұстаздық қызметке қалдырылып, мемлекеттік құқық пәні бойынша дәріс береді. Университеттен кейінгі екі жыл шын мәнісінде жемісті еңбек пен білімін толықтыру жылдары болды. Республиканың ғылымы мен мәдениетінің келелі мәселелері оны бұрынғысынша толғандыра берді. Мемлекеттік жауапты жұмыстарда жүргенде де ғылыми қызметке қайта оралуды ойынан шығарған емес. 1928 жылы ол Қазақстанның алғашқы оқу орындарының студенттеріне Михайловскийдің «Саяси экономия» деп аталатын оқулығын қазақшаға аударады. Аударманың сәтті шыққаны соншалықты, бұл оқулықты қазақ студенттерінің кең аудиториясы, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері ондаған жылдар бойы үздіксіз пайдаланады. Сонымен қатар, Жүргенов Орта Азия мемлекеттік университетінде жүріп, өзінің аудармалары, мақалалары және кітапшалары арқылы қазақтың әдеби тілін дамытуға, ғылыми терминология жасауға көп үлес қосып, аударма ісінің тәжірибесі мен теориясын байыта түсуге септігін тигізді.
30-жылдары Кеңес мемлекетінде шығыс халықтарының тілі мен әдебиетін, тұрмысы мен салт-дәстүрін жақсы білетін мемлекеттік қызметшілер, білімді азаматтар аз болатын. Әсіресе мұндай білікті қызметшілерге жаңадан құрылған Тәжік автономиялы республикасы мұқтаж еді. Осы жылдар туралы «Правда» газетінде: «Таджикистан был «полузаброшенной» пустующей страной, где «каждая провинция» представляла собой изолированный мирок», где грамотными было не было 1% населения. Отсутсвовала какая-либо связь между различными провинциями, совершенно не было дорог, все прежние караванные и вьючные
. Способы сообщения пришли в полный упадок. В республике не было «не только никакого подобия городских поселений, но и даже... ни единого европейского здания, если не считать нескольких армейских казарменных строений в Душанбе..!», - деген мақала жарық көрді.
Қиын әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық күйзелісте тұрған жас республикаға орталықтың көмегі қажет болды. Орталық комитет пен Кеңес үкіметі Тәжікстанға көмек көрсету мақсатында экономикалық, өндірістік және мәдени қажеттіліктеріне арнап көптеп қаржы бөлді. Республика үкіметінің шақыруы бойынша Тәжік АКСР-ына дәрігерлер мен мұғалімдер, инженерлер мен техниктер, агрономдар және басқа да мамандар келді.
ВКП(б) Орталық Комитеті Ортаазиялық бюросының қаулысы бойынша 1929 жылы Т.Жүргенов Тәжікстанға жіберіледі.
1929-1930 жылдары Т.Жүргенов Тәжік АКСР-ның Орталық Статистикалық Басқармасының бастығы қызметін атқарады. 1929 жылдың аяғында Тәжік АКСР-ның мемлекеттік құрылымын Тәжік КСР-і етіп өзгерту жөніндегі құрылған комиссия құрамына қатынасып, өзі басқарып отырған статистикалық басқармадан тағыда 4 білікті маманды комиссия құрамына қатыстырады [Тәжікстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты, 12-қор, 1-тізбе, 34-іс.]. Жүргеновтің бұл әрекеті Тәжік КСР-ін қалыптастыруда жергілікті халықтың өкілдері қатысып, тарихи оқиғаның жасаушылары қатарында болғандығын қалағанынан болса керек. Орталық Статистика басқармасының басшысы болып жүрген уақытында Тәжік елінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағынан тұрақтануына, мемлекеттік аппарат қызметтерінің қалыптасып, жүйелі жұмыс жүргізуіне зор еңбек сіңірді [Тәжікстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты, 10-қор, 1-тізбе, 23-іс.].
Орталық Статистика басқармасының басшысы қызметінде абыройлы жұмыс жүргізіп, таза әрі әділетті еңбек ете білген Т.Жүргеновті, 1930 жылдың сәуір-мамыр айларында Тәжік КСР-ның Қаржы халық комиссары етіп тағайындайды. Т.Жүргеновтің бұл қызметке тағайындалуы оның қаржы-экономикалық саладағы біліктілігі мен даярлығы өз септігін тигізсе керек. Қаржы халкомы ретінде елдің экономикалық тұрғыдан өсуіне мүмкіндігінше мол қаражат бөліп, жергілікті ұлт өкілдері жастарының Кеңес мемлекетінің білімі мен ғылымы шоғырланған ірі орталықтары Мәскеу, Петербор, Томск, Ташкент секілді қалаларда білім алып, жоғары білікті маман болып қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді.
Т.Жүргеновтің Тәжікстандағы қызметі республика өміріндегі аса маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келді. Бұл жылдар Тәжікстан үшін экономикалық және мәдени тұрғыдан көтерілу, серпілу кезеңі болды. Әсіресе, индустрияландыру ісі өрге басып, бұрынғы мақта тазарту зауыттары жаңғыртудан өтіп, жаңадан салынды. Душанбеде жібек түтететін фабрика, Ходжентте жібек комбинаты және тамақ өнеркәсібі орындарын салу басталды, кен өндіру өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өнеркәсібі жолға қойылды. Осы кезеңде Варзоб ГЭС-інің бірінші кезегінің құрылысы аяқталды. Т.Жүргенов қаржы халық комиссары ретінде оқу ағарту, білім, мәдениет ошақтарын көбейтуге айрықша көңіл бөліп отырды. Материалдық көмектің талан-таражға түспей, тиісті жеріне жетуін бақылап отыратын арнайы комиссия құрып, оған өзі басшылық етті.
Темірбек Жүргенов Түркістан Республикасында Қазақстан өкілі болып тұрған кезінде де қызмет бабымен Тәжікстанға жиі барып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінен, экономикалық хал-ахуалынан жақсы хабардар еді. Темірбектің ескі өзбек және тәжік тілдерін жақсы білуі оның жергілікті халықпен араласуын көп жеңілдетті. Тәжік КСР-інде Т.Жүргенов бұрынғысынша ғылыми зерделенген мақалалар жазып, мемлекеттік істердің ресми құжаттарын әзірлеп, көптеген жиналыстар мен үкімет отырыстарында тәжік тілінде баяндамалар жасап, шығармашылық интеллегенция өкілдерімен байланыс орнатып, қоғамдық өмірде барынша белсенді қызметін жалғастырды.
Айтжан ОРАЗБАҚОВ,
Бауыржан ЕҢСЕПОВ,
Уәлихан ИБРАЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың тарихшы ғалымдары.