БІЛІМ ҚУҒАН ҚАЗЫНАҒА ЖОЛЫҒАДЫ

Ұстаздық қызметінің өзіне төртінші ондық айналған Бағила Ертайқызы анасы Ділданың: «Өсем, өнем десең, өтірік айтпа, уәде бердің бе, оны бұзба» деген ақылын есінен бір сәт те шығарған емес. Атадан өсиет, анадан қасиет дарыған қазақ қызы бала кезінен қалыптасқан осы қасиетті қаншама кесе-көлденең бөгесіндер кездессе де бұзбауға тырысады. 

Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің биология факультетінің 2-ші курсын тәмамдап, 1981 жылы курстық жұмысын ерте тапсырған Бағила мен Орыншаны кураторы бір ғылым кандидатының ғылыми жұмысына көмектесуге жекті. Ол кісінің ізденісі Сыр бойындағы өсімдіктердің биогеоценозына (тіршілігіне) қатысты болса керек. Міндеттелген шаруаны тыңғылықты атқаруға қалыптасқан екі жас шәкірт Ботаника институты экспедициясының қызметкерлерімен бірге жолға шығады. Қызылорда қаласына пойызбен келген соң, автобуспен оңтүстікке қарай тағы 3-4 сағат жол жүреді.

Экспедицияның діттеген жері Сырдарияның жағасы, қалың тоғай, бұлар бұрын көрмеген жиде, жыңғыл мен шеңгел. Шілденің кезі – күн ыстық, кейде тыныс ала алмайтын қапырық басады. Бұлармен қатар Түркіменстаннан келген мия тамырын жинап, ізденушілер де жұмыс жасап жүрді. Қалыңның арасынан естілетін шибөрінің шуылы мен шилан қоңыздың шырылы бір тыным таппайды. Үрейлендіреді. Оның үстіне қалың маса гулеп, шіркейі бет-ауызды шиедей талайды. Бұл жақтағылар масахана ішінде жатады екен, екі құрбыға да амал жоқ, сол дәке үйді паналауға тура келді. Алыстан көрінетін күре жолдан анда-санда гүжілдеген автокөліктің дауысы естіліп, сәлден соң бәрі де жым-жылас болады. Білетіндер: «Қарғалының автобусы ғой», – деп қояды. Осы сөз ғана Бағиланың құлағында қалыпты. Сонымен екі аптадай ғалым ағаларының іс-тәжірибесіне қажетті материалдарды дайындап, елге қайтуға рұқсат алды. Қиыншылықтан құтылғанына қуанған қос құрбының «Енді бұл жерді желкеміздің шұқыры көрсін» – дегендері де бар.

Бағила Ағыбаева өзі қалап түскен университеттегі оқу озаттарының бірі болды. Мектепте білім нәрімен суарған ұстаздары математик Көбетай Жолдасов, Айдархан Сүйіндіков, орыс тілі пәнінің мұғалімі Юсуф Қасымұлы, неміс тілінен дәріс берген Бек Владимир Давыдович, химиядан Фатима апайы мен биолог Серік ағайының үмітін ақтады. Айтпақшы, кейіпкеріміздің орта мектепті бітірген жылы туған ауылындағы көкөніс қалбырлау цехында бір жыл еңбек етіп, шыңдалғаны да бар. Туған өлкесі Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Шолақтау аталатын ауыл. Табиғаты да керемет, ауыл адамдарының ынтымағы жарасқан жер. 

Комсомол белсендісі еді. Осы іскерлігі және сабақтағы жақсы үлгерімі үшін 1984 жылы Алматы қаласында өткен республикалық комсомол слетіне делегат болып қатысқаны қатарластары арасында беделін өсіре түсті. Өзі де қоғамдық жұмыс десе жанып тұратын алғыр болатын. Университетті үздік дипломмен бітірді. Алматы қаласында орналасатын жұмысы да дайын еді. Алайда, «мен кезбеймін, несібем кезеді» демекші, Бағила Ертайқызы сонау қиырдағы Жезқазған қаласынан бір-ақ шықты. Облыс орталығындағы «Қазақ мемлекеттік жер жобалау институтының» жергілікті филиалына  қызметке орналасты.

Бағила мен Орынша оқуға түскеннен бір бөлмеде жатты, бірге жүрді. Кейін оқуды бітіргеннен соң да бірге жұмыс істейміз деп уәделесетін. Сол сөзінен шыға алмаған Бағила сол қалаға жолдама алған Орыншамен бірге Жезқазғанның дәмі тартты. 

Қанша айтқанмен жатжұрттық бойжеткен емес пе, тең-теңімен, тезек қабымен дегендей, осы жерде Жезқазған политехникалық институтының 5-ші курсында оқитын шиелілік Нұрмахан Спановпен танысып, көңіл жарастырады. Келер жылы келін болып, Шиеліге келіп, осында түпкілікті қалуына тура келеді. Гиганттағы №148 қазақ орта мектебіне орналасып, биология пәнінен дәріс бере бастады. Бұл әйгілі 1986 жылдың күзі болатын-ды. Бірде автобекет маңында «Қарғалы, Қарғалы» деген жүргізушінің дауысын естіп, өзінің баяғыда жастық желігінде қайта көрмеймін деген өлкеге біржола келгенін бір-ақ білгені бар. Тағдыр деген осы.

Өз ісіне бекем, білім саласында тәжірибе жинақтаған білікті маман 2003-2006 жылдары сол ауыл мектебінде мектеп директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасарлығына жоғарылатылды. Ал 2007-2013 жылдар аралығында директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары лауазымын атқарды. Қазіргі уақытта да Бағила өзінің сүйікті пәні биологиядан дәріс беріп келеді.

Өз ісінің шебері үнемі ізденіс үстінде жүреді. Шәкірттеріне білім беру үрдісін жаңарту мен тереңдету, замана талабына сай тұлға тәрбиелеудегі еңбегі үлкен. Жоғарғы орындар арқылы бұл еңбектері лайықты бағаланып, бірнеше марапаттарға да ие болды. «Педагогтың кәсіби деңгейін өсіруде әдістемелік жұмысты ұйымдастыру жолдары» атты жинақта оның  іс-тәжірибесі республика көлеміне таратылды. Сондай-ақ, «Зерттеуші» республикалық ғылыми білім беру орталығы ұйымдастырған байқауда үздік шығып, бірінші орынды иемденді.  Ал ғылыми еңбегі «Ғылым және білім ғасыры» журналында жарияланып, көпшілікке таратылды.

2014 жылы «Оқытудың модульдік технологиясын биология сабағында қолдану» оқу-әдістемелік құралын шығарды. Өз шәкірттерінің жүрегіне жол тапқан ұстаздың осындай айтулы еңбектері мол-ақ. Бағила сонымен бірге шахмат, дойбы ойнаудың шебері. Бірнеше жарыстарға қатысып, үздік шыққаны да оқушыларына үлгі.

Мұғалімнің өзге мамандықтан бір ерекшелігі – жақсы ұстазды үнемі шәкірттерінің іздеп, сәлемдесіп тұруы. Қал-жағдайларын білісіп, қамқорлық танытуы дер едік. Мәселен, белгілі актер, Шымкент қаласындағы цирк директоры Арман Әлиев және басқалары апайын іздеп, хабарласып тұрады. Шәкірттері Бинаш Қиянбекова, Сәуле Камалова ұстаздық жолға түсті. Ал Сейсенбек, Батырхан, Сәкен, Марат, Әзімхан есімді оқушылары түрлі салада өнімді еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, мектепті әр жылдары «Алтын белгіге» бітірген Ғани, Бибінұр, Айнұр, Аружан есімді шәкірттері де ауылға келсе, ең әуелі апайларына соғады.

Енесі Қаншайым көргенді адам еді. Жас келінді тәрбиелеу барысында білгенін үйретуден танған емес. «Сөз қуған бәлеге жолығады, жол қуған қазынаға жолығады. Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің. Тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің», – деп отыратын. Сол үлкен кісі айтпақшы, Бағила Ағыбаева талай өткелектерден өтіп, өмір сынына төтеп беріп келеді. Сүйікті жары Нұрмахан екеуі бір ұл, екі қыз өсіріп, бұл күндері немере сүйген саялы шаңыраққа айналды. 

Қазына дегені осы болар.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылы.

ТАҒЫЛЫМ 17 сәуір 2018 г. 652 0