« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген гидротехнигі Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев ағамыз жөнінде қалам тербеу көптен ойда жүрген. Соның сәті бүгін келген секілді.
Ел басқарған, үлкен билік тізгінін ұстаған кісілердің қандай адам болғанын, беделінің қаншалықты екендігін халық біледі. Халық жақсы кісінің есімін естен шығармай әрдайым жадына сақтайды. Оның игі істері мен ізгі сөздерін көпшілікке өнеге ретінде айтып жүреді. Билік, ел басқару дегеніміз жоғары жақтың нұсқаулары мен тапсырмаларын сол мезетінде орындау ғана емес, азаматтың ажарын көрсететін, беделіне бедел қосатын нәрсе оның еңбекқорлығы, жүрегінің тазалығы, айналасындағы адамдарға деген ілтипаты. Жеке басының емес, елдің жайын ойлайтындығы, ел үшін тер төгетіндігі. Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев ағамыз осы үлкен парызды ұғынған жан еді.
Ағаның әріптестері оны тек басшы деп қана емес, әр нәрсеге байыппен қарайтын, әрбір істе елдің мүддесін көздейтін, көкірегі сәулелі қазақтың үлкен азаматтарының бірі ретінде құрмет тұтты. Жаны жайсаң, жүзі жарқын, кішіпейіл, кісіні өзіне үйіріп тұратын абзал азаматты төңірегіндегілер жатырқамай, өз адамдары санады. Жұрт Әбекеңнің қызметтегі өсу жолдарына қызыға қарайтын. Оның өсу жолдары таңдандырмай қоймайтын. Мәселен, Қызылорда облысының Қазалы ауданын, одан республика экономикасының ең маңызды салаларының бірі – Мелиорация және су шаруашылығы министрлігін басқарды. Одан кейін Талдықорған облысының бірінші басшысы болды. Әрине, мұның бәрі оп-оңай аспаннан түскен жоқ. Іскерлігінің, елді басқару өнерін жетік меңгергендігінің, халықтың ықылас – құрметіне бөленгенінің арқасы.
Түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт бабамыз өмірге келген Сыр бойында тарихқа, шежіреге бай Қазалы аталатын өңір бар. Әбубәкір ағамыз осы жерде дүниеге келген.
Қазалы кезінде Самарқанда 40 жыл билік құрып, әмір болған, Шер-Дор мен Тіллә-Хари атты қос медресе салып, жоңғарларға қарсы Орбұлақ шайқасында ержүректілігімен танылып, 20 мың әскермен қол бастап келген даңқты қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің, атақты Жаңқожа батырдың, Алшынның Әйтекесі атанған айыр тілді Әйтеке бидің атамекені. Ғани Мұратбаев секілді Шығыс жұлдызын, Роза Бағлановадай әйгілі жезтаңдай әншіні, талай қайраткер әкелерімізді өмірге әкелген киелі топырақ.
Реті келіп тұрғанда ардақты азаматтың өмірбаянына қысқаша шолу жасап өтейік.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Әбубәкір аға 14 жаста болатын. Амалсыз мектептен қол үзуіне тура келді. Колхозда әртүрлі жұмыс атқарып, отбасына қолғабыс жасады. Соғыс аяқталғаннан кейін ғана орта мектептегі оқуын қайта жалғастырды. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының гидромелиоративтік факультетіне түсіп, 1953 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Нәтижесінде инженер-мелиоратор мамандығына ие болды.
Оқу орнынан кейінгі еңбек жолы Ақмола облысында басталды. Облыстық Су шаруашылығы басқармасының аға инженері болып қабылданды. Бір жылдан кейін Новочеркасск ауданының Астраханка селосына қоныс аударды. Жаңадан ашылған шабындықты көлдетіп суару бойынша мамандандырылған Жоғары Есіл басқармасының аға инженері болып қызметке кірісті. Бұл кезең тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына сәйкес келді. Осы үш жылда абыройсыз болған жоқ. Біраз ысылды, тәжірибе жинады, ел таныды.
Шабындықты көлдетіп суару нысандарын игеруге, тың шаруашылықтарын ауызсумен қамтамасыз ететін құдықтар, скважиналар қазуға, су насостарын орнатуға, су тоғандарының құрылысын салуға қатысты. Жаңадан құрылған тың шаруашылықтарының жерге орналасуын анықтауда маман ретінде білімі мен тәжірибесін аямады.
1956 жылы ел қамбасына құйылған алғашқы миллиард пұт астық бүгінгі арамызда жүрген ардагер ағаларымыз бен апаларымыздың есінде болар. Әбубәкір ағамыз да осы миллиардқа тамшыдай болса да үлес қосқанын мақтаныш ететін.
Ақмола облысында қызмет етіп жүргенде ауданға басшылық жасаған Тәшенов, Липитюк, су шаруашылығының Дьяченко, Крылов, Малород сияқты инженер мамандарынан тәлім-тәрбие алды. Облыстың барлық аудандарында болып, жер жағдайларымен, елдің ішімен кеңінен танысты.
Алғашқыда жүрексінгенмен, өмір жолы Ақмоладан басталғанына еш өкінген жоқ. Осылай жүре берер ме еді, туған жері Қазалыға оралуына бір себеп болды. Ол әкесінің өтініші еді. «Баламды елге қайтарыңдар» деп республиканың Су шаруашылығы министріне бірнеше рет өтініш білдіріп хат жазған. Ақыры әке өтінішін орындауға тура келді.
Туған жерге келген соң аудандық су шаруашылығы басқармасына жұмысқа орналасты. Осы жерде бір жайды тілге тиек ете кетейік. Негізі Әбубәкір ағамыз қызметке қызыққан емес. Өмірінде ешуақытта қызмет сұрап, ешкімге өтініш жасамаған екен. Мұны айтып отырғанымыз, Қазалы аудандық су шаруашылығы басқармасының бастығы Ғ.Болатов Әбекеңді жұмысқа қабылдағаннан кейін бірден бос тұрған бас инженерлік орынды ұсынады. Бірақ бұған ағамыз келіспейді. Бұл туралы Әбубәкір аға естелігінде былай дейді: «Келіспеген себебім, Ақмола мен Қызылорда облыстарының суландыру жүйелерін салыстыруға болмайды. Ақмола облысында егіннің түсімі тек жаңбырға ғана байланысты болса, Қызылорда облысында тіршілік нәрі ағынды суға тәуелді. Облысты қақ жарып Сырдария ағып жатыр. Қандай да бір егістік немесе шабындық болсын, Сырдың әрбір тамшы суы тамырына барғанда ғана өнім береді. Мұның өзі бұл өңірде сусыз өмірдің де, тіршіліктің де жоқ екенін білдіреді. Сондықтан жер жағдайының және ауа райының ерекшеліктеріне байланысты суландырудың мен үшін жаңа технологиясын меңгеру қажет еді. Суармалы жерді пайдалану, сумен қамтамасыз ету, суды шаруашылықтарға нормамен бөлу, су жүйелерін дұрыс пайдалану, оны уақытында тұнба лайдан тазалау және басқа да толып жатқан жұмыстардан менің хабарым жоқ болатын. Осылардың бәрімен іс жүзінде танысу үшін төменгі жұмыстан бастағанды жөн көрдім. Оң жаға не сол жаға магистральдық каналдардың біріне жетекшілікке сұрандым». Мекеме басшысы бұған да көнбейді. Не керек, ақыр аяғында басқарманың суды пайдалану бөлімінің аға инженерлігіне тоқталады. Әбекеңнің орнында басқа біреу болса бас инженерліктен қашпас еді. Қайта екі қолын көтеріп келісімін берер. Ал ағамыз болса олай етпейді. Жауапкершілікті түсініп, ұсынған қызметтен бас тартады. Алайда, бір жылдан кейін басқарманың бас инженерлігіне көтеріледі. Екі жылдан соң басқарманың бастығы болып шыға келді.
Ұйымдастырушылық қабілеті мол, адамдармен тіл табыса білетін, өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтын азамат қызмет баспалдақтарымен көтеріле берді. Алғашқыда Қазалы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болса, бір жылдан соң Қызылорда облыстық су шаруашылығы басқармасының бас инженері, бастығы, мұнан соң облыстық «Қызылордасуқұрылысы» тресіне басшылық жасады.
1972 жылы оған Қызылорда облысындағы іргелі аудан – Қазалы ауданына басшылық ету тапсырылды. Әрине, үлкен қызмет. Бірақ көңілі онша қалаған жоқ. Өйткені, өз мамандығымен жұмыс істегенді жаны қалайтын. Сонымен бірге, анау-мынау емес, облыстағы білдей бір трестің басшысы. Бұл қызметке әбден төселіп қалған. Алайда жоғарғы жақтың айтқанын орындау міндет. Онсыз тағы болмайды.
Қазалыға басшылыққа келгенде ауданның шаруасы тым қарбалас болатын. Алыстағы Қарақұмда, Қызылқұмда мал бағылады. Бұған қосымша егіс те бар. «Басықара» су тоспасы енді пайдалануға беріліп жатқан. Аз өнім беріп тұрған пәленбай мың гектар жерді тегістеу керек болды. Сол кезде ғана көп өнім алуға болады. Бос жатқан жер жетерлік. Оларды неге игермеске? Су шаруашылығының білгір маманын ауданға жіберуде осындай себептер болған секілді.
Алдағы атқарылар іске Әбекең білек түре кірісіп кетті. Оның тікелей басшылығымен ауданда бірнеше қуатты ПМК, бірнеше совхоз ашылды. Ол кісінің облыста істегені, одан бөлек талай басшы қызметкерлермен етене таныстығы ауданға айтарлықтай пайда әкелді.
Осындай жұмыстардың арқасында халық арасында абырой-беделі арта түсті. Сол кезеңде ауданның қоғамдық-саяси өміріне араласып жүрген азаматтардың белсенділігі артып, олардың ауызбіршілігі мен тұрақтылығы берік қалыптасты. Сол уақытта ұлағатты азаматтан тәлім-тәрбие алған мамандар кейін халық шаруашылығы салаларын басқарып, өнегелі істермен көзге түсті.
Енді Әбубәкір Әлиұлының Мелиорация және су шаруашылығы министрі болып тұрғанда жүзеге асырылған кейбір жұмыстарға тоқталып өтейік. Жыл сайын жоспар бойынша 900 млн сомға дейінгі құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі игерілді, 500 шақырым болатын су құбырлары тартылды, 10-12 мың гектар көлеміндегі суармалы жер инженерлік жүйеге келтірілді, мал санын көбейту үшін жайылымдар пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығының әр салалары бойынша өндірістік базаларды іске қосу, үй құрылыстарын салу және т.б. жұмыстар да Әбекең басқарған министрлікке жүктелген болатын.
Аумағы жағынан үлкен, әлеуметтік тұрғыдан маңызды құрылыстардың қатарында Семей облысындағы «Шар», «Егенсу», «Қарақол», Шығыс Қазақстан облысында «Қандысу», Ақтөбе облысында «Қарғалы» су қоймаларын атап айтуға болады. «Тайпақ», «Абай», «Сырдария», «Белағаш», «Бозой», «Ырғыз», «Индер-Миялы», «Яблоневский» және т.б. су құбырлары халықтың тұрмыс-тіршілігінде маңызды рөл атқарады. Атырау облысындағы «Амангелді», Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Бүржар», Ақтөбе облысында «Қарғалы», «Шеңгелді», Семей облысындағы «Шар», Шығыс Қазақстан облысындағы «Приозерный», «Кендірлі», Қостанай облысындағы «Қаратомар» және басқа да суармалы алқаптар игеріліп, жайылымдар мен шабындықтар ұлғайтылды, ауыспалы егістіктің өрісі кеңейді. Уақыт талабына орай Атырауда, Оралда, Өскеменде 30 мың текше метрлік, Қостанайда, Семейде, Талдықорғанда 60 мың текше метрлік, Зайсанда 10 мың текше метрлік ауқымды,қуатты зауыттар салынды. Ванновка және Шамалған селоларында гидромелиоративтік техникумдар ашылып, орта буын кадрларын даярлауға үлкен көңіл бөлінді.
Бұлар Әбубәкір Әлиұлы басқарған министрліктің жасаған жұмыстарының бір парасы ғана. Мұндай қыруар істерді атқару үшін министр Тыныбаевтан асқан іскерлік, ол басқарған ұжымнан барынша ұйымшылдық талап етілетін. Анығын айтқанда министрлік орталық аппаратындағы, құрылымдық бөлімшелеріндегі және аумақтық органдарындағы моральдық ахуал, ауызбірлік, ұжымдық ұйымдасу сияқты қасиеттер барынша жоғары деңгейде болды.
Жетпісінші жылдары мақта, күріш, қызылша егістіктерінің көлемін ұлғайту жөнінде зор жұмыстар жүргізілді. Дәстүрлі суармалы егістігі бар Шымкент, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Талдықорған облыстарында сумен қамтамасыз ету ісін жақсарту шаралары іске асты. Сексенінші жылдардың басында «Бартоғай» бөгені салынып, Үлкен Алматы каналы тартылды. Мұның өзі Алматы облысы шаруашылықтарына бұрынғы суландыру жүйелерін жақсартып, жаңадан бірсыпыра тараптарға су жеткізетін мүмкіндік туғызды. Бұл үшін Қапшағайдың суы да пайдаланылатын болды.
Шығыс Қазақстан, Павлодар және Семей облыстарында Ертістің суын пайдалану арқылы жем-шөп, көкөніс, картоп егістіктерінің көлемін ұлғайтуға ұтымды мүмкіндік туды.
Ертіс-Қарағанды каналының екі жақ өңірінен көптеген жерлерді суару жұмысы сәтті ұйымдастырылды. Сол жерлерден картоп, көкөніс, сүт өндіретін жаңа шаруашылықтар бой көтеріп, ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты. Осылайша суармалы егістікті дамытумен қатар, кей жерлерде «шағын суарма» деп аталатын шараларды қолдану әдісі кеңейтілді. Шабындықтар мен мал жайылымдарын ылғалдандыру үшін жер асты су көздерін пайдалану жолдары қарастырылды. Ол үшін көптеген скважиналар бұрғыланып, тереңнен су тартатын қуатты қондырғылар іске қосылды, оларды жан-жаққа тарататын құбырлар тартылды.
Міне, қазандай қайнаған осындай іс-шаралардың, жұмыстардың бел ортасында министр Әбубәкір Тыныбаевтың өзі жүрді. Сөйтіп, 1970 жылдан 1985 жылға дейін 15 жылдың ішінде республикадағы суармалы жердің көлемі 1 миллион 370 мың гектардан 2 миллион 234 мың гектарға жетті. Соның арқасында күріш, шитті мақта, қант қызылшасы, жүгері, көкөніс пен картоп, жемдік дақылдар егісінің көлемі анағұрлым ұлғайды. Шаруашылықтар егістіктерді механизмдердің күшімен суару үшін қажетті техникалармен қамтамасыз етілді. Суарудың білікті мамандары көптеп әзірленді.
Әбубәкір Әлиұлы қай жұмысты атқарса да барын салатын. Сол іскерлігін Талдықорған облысына басшылық еткен жылдары да көрсете білді. Сол уақытта облыстың барлық саласында ілгерілеушілік болды. Мәселен, облыстағы суландыратын жер көлемі ұлғайып, 200 мың гектарға жетті. Ауа райының қуаңшылығы орын алған жылдардың өзінде аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі 7 процентке артып, соның ішінде дәнді дақылдар 8 процентке өсті. Осы жетістіктері үшін облыс 1981-1983 жылдардың қорытындылары бойынша одақтың және республиканың ауыспалы Қызыл Туларымен марапатталды.
Жетісу өңірінде Әбекеңнің қалдырған қолтаңбалары өте көп. Олар – Лепсі өзенінің бойынан салынған «Шілікті» каналының су қоймасы, Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарында қант қызылшасының өнімін арттыру жолында жасалған су жүйелері мен Қаратал ауданындағы күріш өсіру жүйелерін ұлғайту және тағы басқалары.
Панфилов ауданындағы жүгері шаруашылығын көтеру шарасы, сол сияқты облыс көлемінде сол жылдары кеңінен етек алған ауылдағы мектеп, мәдениет үйлерінің құрылысы, аурухана, балабақша жұмыстарын жолға қою және тағы басқа экономикалық-әлеуметтік маңызы бар іс-шаралардың көбі Әбекеңнің бастамасымен іске асқаны елдің есінде.
Ел игілігіне айналған Әбекеңнің қолтаңбасының бірі – «Молалы-Лепсі» автомобиль жолының құрылысы. Осы жолдың қысқа мерзімде бітуіне байланысты бұрынғы Бөрлітөбе ауданының орталығы Лепсі және Матай бекеті мен облыс орталығының жол қатынасы екі жарым есе қысқарып, Талдықорған және Текелі қалаларының тұрғындары демалыс күндері Балқаш көліне барып, суға түсуге, демалуға мүмкіндік алды.
Әбекең Талдықорғанда балық өсіру ісіне де айрықша көңіл бөлді. Облыс тізгінін қолға алған алғашқы жылдары Балқаш пен Алакөлде балық өсіретін инкубациялық цехтардың құрылыстарын тездетіп салуды бірінші кезекте қолға алды. Тек балықты өсіріп қана қоймай оны қорғау, сақтау мәселелерін де алғаш болып Әбекең көтерді. Нәтижесінде Алакөл әркім қолын сұға беретін күтімсіз мекен емес, құтты орынға айналды. Жауһардай маржан жерлеріне рұқсатсыз баруға тиым салынып, браконьерлердің жолы кесілді.
Ол өзінің қарапайымдылығымен Жетісу еліне тез сіңісіп кетті. Әсіресе, Н.Головацкий, Н.Алдабергенов, З.Тамшыбаева сияқты Еңбек Ерлерін мақтанышпен айтып жүретін.
Әбекең Жетісудың адамдарымен қатар табиғатына сүйсінуден жалықпайтын.
– «Жер жаннаты – Жетісу» деп тегін айтылмаған екен. Жер бетінде жұмақ болса, ол осы жерде шығар. Мынадай табиғаты сұлу жерде дүниеге келген, осында ғұмыр кешкен, еңбек еткен адамда арман бар ма?! – дейтін.
Артында жақсы ісі, көзге көрінер жұмыстары қалған басшыны ғана ел ықыласпен еске алады. Мұны айтып отырғанымыз, кезінде Алматы облысында жауапты қызметтер атқарған Асылмұрат Тұрғанбеков өзінің естелік-жазбасында Әбекеңнің тындырған ісіне деген ризашылығын былайша білдіреді: «Мен лепсіліктер Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаевқа ескерткіш орнатса артық болмайды деп ойлаймын. Себебі жергілікті тұрғындардың жол азабынан тауқымет тартып отырғанына көзі жеткеннен кейін тасжол салуды қолға алды. Әрине, бұл шараға үлкен күшпен қаржы бөлдірді және құрылыстың кестеге сай жүруін тікелей өзі бақылап отырды. Әсіресе, Ақсу мен Лепсі өзендерінің үстіне салынған көпір құрылыстарының жұмысын екі күннің бірінде өзі барып, сапасын көріп қайтатын. Содан болар бұл көпірлер қаншама жыл өтсе де әлі сыр бере қойған жоқ».
Бұл азаматтың шын жүрек сөзі. Бұған кінә таға алмайсың. Осындайда ойлайсың, тас тұғырдағы ескерткіштен не пайда. Шын мәнінде Әбекең көзі тірісінде-ақ атқарған қыруар істерімен өзіне-өзі ескерткіш орнатып кеткен абзал азамат.
Жалпы, кезінде ол кісімен қызметтес болған азаматтар ағаның адамгершілік, азаматтық қасиеттері жөнінде жылы лебіз білдіреді. Бұл сөзімізге қоғам қайраткері Роза Кәрібжанованың мына сөзі дәлел бола алады: «Әбекеңнің адамға деген сергек көзқарасы үнемі сезіліп тұратын және еңбеккерлер де мұны жақсы түсіне біліп, бүкпесіз сөйлесіп, өз проблемаларын жасырмай айтатын. Бірақ, мәселе кемшілікке тірелгенде, ол аса талапшыл болып, жанымызды қоярға жер таппаушы едік. Міне, осындай жағдайдың өзінде де ол нағыз адамгершілік пен игілік қасиетін көрсетіп, өзгені де құрметтеу сезімін жоғалтқан емес. Тіпті тексеру барысында да ол кісі нақты көмектесіп, нағыз әкелік қамқоршылық жасайтын».
Әбекең көңілді отырыстарда ән салғанды жақсы көреді екен. Даусы өте зор, кең тынысты болыпты. Бұл жөнінде атақты әншіміз Роза Бағланованың естелігінде мынадай жолдар кездеседі. «Әбубәкірдің ән салғандағы даусын естіп, қайран қалдым. «Ел іші – өнер кеніші» деген рас екен ғой. Оның дәл мұндай талантты әнші екенін ертеректе білсем студент кезінде-ақ қамқорлығыма алып, бағыт сілтер едім. Мұндай қуатты, адамның көңілін көлдей етіп, жанын қытықтайтын дауыс сирек кездеседі». Розаның: «Әбубәкір неге сен әнші болмадың? Әнші болсаң менен де мықты болатыныңа көзім жетті» деген сауалына Әбекең: «Кемеші келсе, қайықшы судан шығады». Біздікі осындай отырыстарда қолданатын әдет қой» деп қарапайымдылық көрсетіпті.
Әбубәкір аға туған еліне адал қызмет етті. Осының арқасында абырой мен беделге кенелді. Мұны төмендегі елге танымал азаматтардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің пікірінен де анық аңғаруға болар еді.
Бәйкен Әшімов, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1970-1984 жылдардағы төрағасы:
«Қаншама жыл қойын-қолтық араласқанда, жеке басын сипаттағанда Әбубәкір Тыныбаев мейлінше қарапайым, ақкөңіл, айналасына сәулесін түсіріп жүретін мәдениетті, ал іске келгенде өз мамандығын қапысыз меңгерген, ұйымның ұйытқысы бола білген жаны жайсаң азамат еді. Біз білетін Әбубәкір Әлиұлының өмірдегі, еңбектегі азаматтық бейнесі осындай болатын».
Кеңес Аухадиев, Алматы облыстық партия комитетінің 1978-1985 жылдардағы бірінші хатшысы:
«Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев мемлекет пен қоғам алдындағы өзінің азаматтығын жіті сезініп, жастарды мәдениетке, еңбекке баулып, еңбек адамдарын жұмысқа жұмылдырып, туған елі үшін аянбай тер төккен абзал жандардың бірі болатын. Ол білгірлігі мен іскерлігінің арқасында қарапайым инженерден облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін көтерілген еді. «Отыз бес күз, отыз бес қыс, отыз бес көктем, отыз бес жаз, осал емес-ау отыз бес жас!» деп Мұқағали ақын жырлағандай, Тыныбаев өткен бұл аралық та осал өмір емес-ті. Сапырылысқан үлкен өзгерістерге толы саналы ғұмыр болатын.
Ол қай салада қызмет атқармасын ылғи жақсы қырынан көріне білген еді. Соның нәтижесінде өзі де, қызмет дәрежесі де үнемі өсу үстінде болды».
Қаратай Тұрысов, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1984-1986 жылдардағы хатшысы:
«Әр адам өзінше бір әлем ғой. Әрине, олардың жан дүниесін, терең қатпар сырларын бірден ұғына қою да оңай емес. Дегенмен, солардың ішінде де алғашқы кездесуден-ақ бірден жүрегіңе жақын сезініп, бұрыннан таныс-білістей ортақ тіл табысып кететін, жатырқап-жатсынуды білмейтін жайсаңдары болады. Міне, сондай жаны таза, көкірегі адал жақсы-жайсаңдардың бірі – Әбекем, Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев еді».
Сыр елінде «сыйлаған елдің құлы бол, құлы бол да пірі бол» деген жақсы бір сөз бар. «Еліңе құл болып еңбек етсең, ертең елің өзіңді пір етеді» дегендей, Әбубәкір аға – елінің құлы болып адал еңбек етті. Қазір халқы пір тұтады, ешқашан ұмытпайды.
Әбубәкір Әлиұлының Отан алдындағы сіңірген еңбегі үшін «Ленин» орденімен, үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Халықтар достығы» орденімен және медальдармен марапатталды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі атағы берілді. Уақытында IX сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің, сондай-ақ, IX және X сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Атақты жазушымыз Әбдіжәмил Нұрпейісов айтатындай, Әбубәкір аға осы өмірде өзінің бойына ештеңе жимай, маңдай тер, табан ақысымен тапқанын бір тал суыртпақ болса да халқының бойына жапсырып, тек халқына қызмет етті.
Бар болмысымен, бітімімен дара туған жан өмірден өткеннен кейін оның есімін мәңгілікке қалдырудың шаралары қолға алынды. Нәтижесінде Алматыдағы К.Байсейітова көшесінің бойындағы өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Қазалы ауданының Әйтеке би кентінен көше аты берілді және осы аудандағы кезінде өзі салғызған «Басықара» су тоспасы Ә.Тыныбаев есімімен аталады.
Халқының ерекше құрметіне бөленген ардақты жан, Сыр елінің перзенті Әбубәкір Әлиұлы Тыныбаев туралы ой-толғамымызды түйіндей келе оның туғанына 90 жыл толуына байланысты облыста іс-шара ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді деген ойымызды да жеткізгіміз келеді.
Бақытбек Смағұл,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |