Иә, қырық жылға таяу ғұмыр жасын қоғамдық тәртіп сақшылығына сарп еткен полиция подполковнигі Досмайыл Қошқарбайұлы Нұрбаев есімі бұл саладағы аға буын өкілдерінің әлі күнге есінде.
Қызылорда қаласының іргесіндегі бұрынғы төртінші ауылда шаруа отбасында 1928 жылы жарық дүниеге келген Досмайыл Қошқарбайұлы анасы Ақбалдақпен бірге өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңында туған ағасы Смайылдың қызмет бабымен барған Өзбекстанның Термез қаласына қоныс аударған болатын. Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі бұл қала кеңестік адамдарға мүлде жұмбақ Ауғанстаннан ат терлетер, таулы өлке Тәжікстаннан таяқ тастам жерде қоныстанған шағын шаһар болатын. Сауысқандай сақ, қырандай қырағы кешегі кеңестік кезеңнің өзінде бұл аймақ аса мазасыз өңірдің бірі саналушы еді.
Бір айта кетерлігі, қазақы тәрбиенің қайнарынан қанып ішкен Ақбалдақ әжеміз кейінірек баласы Досмайылмен бірге елге оралады. Сексен үш жасқа келіп бұл фәниден өткенше өзінің кіндігінен тараған балаларының бала-шағасын бағып-қағып, тәлімді тәрбие беруге ат салысады. Әжелерінің осы жақсылығын көзі көрген немерелері әлі күнге абзал жанды шынайы ризашылықпен еске алып отырады.
Термездегі педучилищені ойдағыдай тәмамдап, әуелі қалалық комсомол ұйымдарында еңбек жолын бастаған Досмайыл аға 1951 жылы, жиырма үш жасында Ташкент қаласындағы Ішкі істер министрлігінің офицерлер мектебін ойдағыдай бітіріп шығады.
Иығындағы погонында лейтенанттың кішігірім қос жұлдызы жалт-жұлт еткен Д.Нұрбаев жолдамамен көп ұзамай Қазақстанға қарай құстай ұшады. Әуелі Қарағанды облыстық ішкі істер органдарында қызмет атқара жүріп, кеншілер қаласындағы қылмыскерлер тобын құрықтауға атсалысады, мол тәжірибе жинақтайды.
Қазақта «Ер туған жеріне» деген атышулы тәмсіл атам заманнан бар. Қайда жүрсең де, қандай биік лауазым тұтқасын ұстасаң да, әуелі ойыңда кір жуып, кіндік кескен атажұртың тұрады. Түнде түсіңнен, күндіз есіңнен шықпайтын бұл неткен құдірет десеңші?!
Өзі туып-өскен Сыр бойына сонау 1954 жылы оралған Досмайыл Қошқарбайұлы облыстық ішкі істер басқармасындағы жауапты қызмет саласында бірнеше жыл жұмыс атқарғаннан кейін шені жоғарылап, басшылық сеніміне ие болады. Талай жедел қимыл тобын бастап қоғамдық орындардың, көпшіліктің мазасын алған көше бұзақыларын құрықтап, сала басшылығы тарапынан сан мәрте марапатқа ие болады.
Қоғам алдындағы өз жауапкершілігін жете сезінген Досмайыл аға қырықтың қырқасына таяғанда КСРО Ішкі істер министрлігінің Мәскеу қаласындағы жоғары милиция мектебіне оқуға аттанады. Одақтас республиканың тұс-тұсынан осында ағылған алуан түрлі ұлт өкілдерімен бірге сабақтан қолы боста милиция қызметінің қыр-сырына жатпай- тұрмай қанығады. Оның пайдасын елге оралып, кәнігі қызметіне қайта кіріскенде көрді. Оның берері мол екеніне көзі жеткеннен кейін жас әріптестеріне жалықпай үйретіп, ішкі істер басқармасында зор беделге ие болады. Көп кешікпей басқарманың сол тұстағы басшылығының ұйғарымымен Досмайыл Қошқарбайұлы Жаңақорған, Қазалы аудандарында ішкі істер бөлімдерін біліктілікпен басқарды. Бұл қызметтерде де ол өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Әділ, талапшыл, жаны таза азаматты Жаңақорған, Қазалы аудандарының халқы әлі күнге дейін сағынышпен еске алып отырады.
Адал еңбек абыройға бөлейді емес пе? Сол жылдары қоғамдық тәртіп тыныштығын сақтауда жеткен жетістіктері Д.Нұрбаевтың омырауына «Қызыл жұлдыз» орденіне қоса жеті бірдей медальді тағып мерейін үстем еткені қазір арамызда жүрген аға буын әріптестерінің есінде болар. Тіпті бір жылдары «Милиция қызметінің үздігі» төс белгісі омырауында жарқыраған Досмайыл Қошқарбайұлын бұл қызметтің табалдырығын енді ғана аттаған жас әріптестері мақтан тұтып, бір-біріне алғыр басшы, ержүрек қоғамдық тәртіп сақшысының өнегелі істерін аңыз етіп айтатын.
– Жақсыдан тәлім дегендей, қоғамдық тәртіп сақшыларының қатарына қосылған жастар Досмайыл ағаның іс-тәжірибесін өздеріне үлгі ұстанды, өнеге тұтынды. Әсіресе, қылмыстық іздестіру бағытындағы батыл қадамдарына, іскер шешімдеріне соншалықты ыждағаттылықпен зер салды. Оны кезінде Досмайыл ағамен қызметтес болған ардагер қоғамдық тәртіп сақшылары жыр қылып айтады.
Жақсының жаттығы болмайды. Досмайыл аға қай ауданда басшылық қызмет атқарса да, жергілікті тұрғындармен тонның ішкі бауындай араласып, лезде тіл табысып кететін. Мұның сол жерде күнделікті болып жататын ірілі-ұсақты қылмыстардың дер кезінде ашылуына, анықталуына зор пайдасы тиіп жатушы еді. Оның үстіне аудандық ішкі істер бөлімі басшысы ретінде Досмайыл Қошқарбайұлының Жаңақорған мен Қазалы аудандарында қызмет атқарған жылдарғы беделі бір кісідей болатын. Жергілікті билік басшылары, ел-жұрт кісілігіне қылау жұқтырмаған, адал, білікті милиция басшысына әрдайым зор сенім артатын. Тіпті аупарткомның пленум мүшесі ретінде сол аудандардың қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысатын Досмайыл туралы көзі тірі қатар-құрбылары, көзкөргендер аңыз етіп айтудан жалықпайды.
Бірде Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы милиция подполковнигі Досмайыл Қошқарбайұлы Нұрбаевтың кабинетіне кезекші милиция қызметкері құлқын сәріден үсті-басы кір қожалақ, жас шамасы он бір-он екідегі баланы жұлқылап кіргізеді. Досекең байқап отыр. Баланың шашы өскен, киімі көнетоз, көңілі пәс. Демек, қамқоршысы жоқ бала. Кезекшінің айтуынша, теміржолдың арғы бетіндегі шағын ауданнан жазылған арыз бойынша бөлімге жеткізілген. Кінәсі көршісінің тауығын ұрлаған жерінен қолға түсіпті.
Тауық ұрладың, банк тонадың, бәрібір. Қылмыстың аты – қылмыс. Қылмыс жасадың ба, жазасын тартуға тиіссің, тек бұл арада ақ пен қараны ажырата біл!
Досмайыл Қошқарбайұлы алдында көзін жерден алмай бүгежектеп тұрған балаға бір уақыт қарап отырып, нағыз қылмыскер басқа екенін жазбай таныды. Содан ба, мына балаға деген іштей аяушылық сезімі оянған милиция басшысы одан суыртпақтап жөн-жосық сұрай бастады:
– Атың кім, айналайын?
– Оқисың ба?
Бала сәл тосырқап тұрды да өзіне жылы ұшырай қараған погонды кісіге көзін төмен салған күйі кібіртіктеп жауап қайтарды:
– Бесінші сыныпта.
– Ата-анаң бар ма?
– Әкем жоқ, анам қыдырып кеткен...
Онан әрі Досмайыл Нұрбаев бала тағдырының қилы-қилы екенін жазбай таниды да астыртын түрде мекен-жайын, кімнің баласы екенін сұрастыра бастайды. Көп кешікпей көкейін тескен сауалына жауап табады.
Баланың әкесі түрмеде, анасы болса ішкілікке салынып кеткен көрінеді. Содан қараусыз қалған әлгі баланы бұзақылар қолғанат етіп, ұрлық-қарлыққа үйрете бастаған беті екен.
Көп ұзамай баланы баукеспелікке баулып жүрген әккі қылмыскер тобымен қолға түсті де, кішкентай Дәурен балалар үйіне жөнелтіледі. Болса да маскүнем анасы аналық құқығынан айрылған болатын.
Тағдыр дегенді қойсаңшы. Қазалы аудандық ішкі істер бөлімін басқарған тұсында Досмайыл Нұрбаев аяушылық танытқан сол кішкентай баланың әкесі кейін түрмеден жазасын өтеп келіп, түзу жолға түседі. Анасы болса ішкіліктен біржолата арылып, балалар үйіндегі ұлдарымен қауышып, ерлі-зайыпты екеуі қайта табысады.
Жылдар өте келе сол бала Мәскеуде оқып, еліміздегі беделді мекеменің білікті маманы атанды.
Облыстық ішкі істер саласында отыз жылдан астам жемісті еңбек еткен Досмайыл Нұрбаев өмірлік қосағы Гүлбану апай екеуі ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, құрметті демалысқа шыққаннан кейін, осыдан 19 жыл бұрын 20 наурызда 71 жасында мәңгілік сапарға аттанды. Артында қалған ұл-қызы әке жолын қуып, ішкі істер саласында жұмыс атқарып полковник, подполковник шендерінде зейнетке шықса, немерелерінің өздері кіріс департаментінде және прокуратура, ішкі істер саласында қоғамға ақ адал қызмет көрсетуде.
Өткенсіз бүгінімізді, бүгінсіз ертеңімізді көз алдымызға елестету әсте мүмкін емес. Тәуелсіз еліміздің жаңа ұрпағы арқылы дария абыз аталар мен алтын қолды әкелер еңбегін естен шығармауы тиіс. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Осынау сөз бәрімізге өнеге болса нұр үстіне нұр болмақ.
Ішкі істер саласының ардагері, кезінде Қызылорда қаласында және аудандарда қоғамдық тәртіпті қас қақпай күзеткен Досмайыл Нұрбаевтың есімі өзі өмір сүрген туған шаһарындағы бір көшеге әбден сұранып тұрғанын тиісті орындар кешіктірмей ескерсе екен дейміз. Бұған Досмайыл Қошқарбайұлы лайықты тұлға.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
ҚР Жазушылар
одағының мүшесі.