« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бала болып, алаңсыз ойнаған кезі есінде қалмапты. Оның есесіне, майданға аттанған үлкендердің орнын басып, еңбек етті. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұран аясындағы қауырт жұмыс өзі секілді көгенкөздердің көмегімен атқарылатын.
Бүгінде тоқсанға таяп қалған Оразбай аға кешегісін ойлағанда көз алдына балалығын соғыс ұрлаған қатарлары келе қалатыны бар.
Баяғыны еске салатын сол бейнелермен қатар Мұқағали ақынның:
Онда мен он жастамын, он жастамын,
Соғыспай-ақ, сұрапыл жол басқанмын.
Атаңнаң қалып қойған мұраны мен,
Әжеңмен бірге жүріп қорғасқанмын, – дейтін өлеңі де еске түсе қалады.
Сырдария ауданының «Қызылегінші» колхозында туған Оразбай аға соғыс басталған шақта он бір жасты енді толтырып еді.
– Біз шаршау дегенді білген жоқпыз. Қанша қалжырап тұрсақ та, ертеңгі күннің қамы көсіліп жатуымызға мұрша бермейтін. Қан майданда қару асынған аға, көкелеріміздің орнын жоқтатпауға тырыстық. Бір уыс бидаймен өзек жалғап, Жеңіске тамшыдай болсада үлес қостық,– дейді ардагер кешегі күн туралы үзік-үзік сыр бастағанда.
Соғыс тек жеңіспен бітпейді екен. Жауды талқандағаннан кейінгі тұралаған ел тұрмысын түзетуге қатысты. Бұл да майдан. Қолына қару алып, жауға кезенбегені болмаса, бейнетті белден кешті. Қызылорда қаласындағы №11 теміржол училищесіне түскенде ғана бозбаланың алдағы өмір сапарына бір жарық сәуле түскендей болған.
Училищеден кейін депода слесарь болып жұмыс істеді. Қанаты қатайып, үлкен ағаларымен иық тіресе еңбектенді. Мұнан кейін паровоз, локомотив депосында абыройлы қызметтер атқарды. Елуінші жылдар барлық салаға да жаңалық ене бастауымен есте қалды. Солардың қатарында Қызылорда локомотив депосы тепловоз тартымына көшіп еді. Оразбай Әбішев осы жаңадан құрылған тепловоз жөндеу цехына ауысты. Бір мекемеде табан аудармай 35 жылға жуық еңбек етті. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Шойынжолда шираған маманға басшылық тепловоздың электрлі қозғалтқыш құрылғыларын жөндеуді сеніп тапсырды. Бұл істі де еркін еңсеріп, электроцехтан көтерме цехына ауысты. Еңбекқорлығының арқасында аз уақыт ішінде 6-шы санатты тепловоз жөндеуші-слесарь атанып, рационализаторлық ұсыныстарын ұтымды пайдаланған Оразбай Әбішұлының аты бүкіл Одақ теміржолына тарады. Ізденгіш те, іскер маман дайындау цехының бригадирі, тепловоз жөндеудің аға слесарь-сынақшы мамандықтарын мінсіз атқарып, өндіріске 50-ден астам рационализаторлық ұсыныс енгізді. Экономиканың күретамыры саналатын салаға сіңірген еңбегі үшін Оразбай Әбішев 1981 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Ғұмырының 52 жылын теміржолға арнаған маман иеленген марапаттар қатарында екі «Ленин» ордені, «Қызылорда қаласының құрметті азаматы», «Құрметті теміржолшы» атағы, Қазақстан Республикасы Инвестиция және даму министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі бар.
Жалпы, Сыр бойы еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда теміржол көлігімен ерте таныс болған аймақ. Сол себепті Кеңестер Одағы кезінде Сыр бойынан шыққан мамандар қарым-қабілетімен ерекше бағаланды.
Осы саладағы санаулы ғана Социалистік Еңбек Ері қатарындағы ағамызбен қызметтес болған үзеңгілестері ол туралы «Адалдық пен адамгершілікті бірінші орынға қоятын, парасатты еңбек иесі» дегенді айтады.
Бүгінде тоқсанның төріне жақындаған Оразбай ақсақалдың үлкен ұлы Сәрсенбай өзге мамандықты таңдапты. Ал қыздары Рахия, Сәрсенкүл және Сайлаукүл әке жолын жалғап, теміржол саласында еңбек етіп келеді. Ұл-қыздарынан 10 немере, 4 шөбере сүйіп, қызығын көруде.
Оразбай аға Сыр елі теміржолшылары үшін ерен еңбектің символына айналды. Ізбасарларына бар білгенін үйретумен келеді. Осы бағытта өтетін барлық іс-шараларға белсене араласып, кейінгі буынға өнегелі әңгіме шертеді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |