ШУАҚТЫ ШАҢЫРАҚ

 Бәрі де күтпеген жерден өрбіді. Әрбір тұрақты жұмысы бар адамның жылына бір мәрте берілетін еңбек демалысын тағатсыздана тосатыны бар. Сол демалысқа алдын ала түрлі жоспар жасап қоятынымыз тағы рас. Осындай сәтті кезеңде Орал қаласына жолымыз түскен болатын. Құдамыздың жалғыз қызы тұрмысқа шығып, отбасымызбен қыз ұзату тойына барғанбыз. «Той – Алланың қазынасы, мал баланың – шашуы» деп ұғатын қазекеңнің дархан пейілі қытымыр қыстың ызғарының өзін жұмсартып  жібергендей. Той өте жоғары деңгейде өтті. Асаба жігіт те ділмарлығының үстіне «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтіндей өнерлі жан екен. Әрбір тілек айтушыны мақтауын келістіре жеткізіп, сөз кезегін ұсынып жатыр. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, бәрі де мәре-сәре. Кезек маған келгенде әлгіндей қошеметтен соң, «Сыр өңірінен, қасиетті Қазалы жерінен арнайы келген құдамыз!» деп көпшілікке таныстырып өтті. Той иелеріне, екі жасқа ақ тілегімізді білдіріп, сыйлығымызды тапсырдық.

Үзіліс кезінде жаныма келген жастау келіншек «Ағай, сіз Қазалыдан екенсіз ғой. Мен Алматы облысынан келген құдаша боламын. Менің өзім үлгі тұтатын, көпшілікке аса сыйлы әрі жақсы танымал Ғалия Жұмабайқызы деген бір апайым бар. Ол кісі де Қазалының тумасы. Айтпақшы, менде екеуміздің түскен суретіміз болуы керек»деп ұялы телефонынан бірнеше адам түскен суретті көрсетті. Мына қызықты қараңыз. Орта тұста, жылы жымиып тұрған әдеміше жүзді  әйел көзіме оттай басылды. Иә, бұл менің ауылдасым әрі кластасым Ғалия Жұмабаева (қазір жолдасының тегіне өткендіктен, Әліпбаева екенін жаңа танысымнан естідім) болатын. Өзіне жақын адам менің де жақсы танысым болғандықтан шығар, алматылық құдаша да  Ғалия туралы жақсы пікірін білдіруден жалықпады. Менің де кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.

Мен Ғалияны мектеп бітіргелі кездестірмеген едім. Одан бері де 40 жылға жуықтапты. Осы аралықта кешегі сыпайы мінезді, оқуға алғыр, көрікті, ақ бантикті балауса бойжеткен салиқалы да білікті басшы, үлгілі отанасы, аяулы жар, ардақты әже, оған қоса аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі атанса, қалайша масаттанбассың?!.

Арада  күндер өтті. Бірде құдаша қалдырған телефон номері бойынша құрдасыма қоңырау шалдым. Тұтқаның арғы жағынан Ғалияның байсалды, құлаққа жағымды даусы естілгенде «Адамның мінез-құлқын сөйлеу мәнерінен, үнінен ажыратуға болады» деген даналық сөз есіме түсті.

Аз-кем тілдесу барысында «Еее, құрдасым сол баяғы ақ көңіл мінезің екен. Осыншама атақ, ұзақ жылғы  лауазымды (өмірде сәл қызметі көтерілсе, бағыныштыларын адамға санамайтын дүмбілездер аз ба?!) қызмет, түзу тұрмыс ежелгі қарапайым дағдыңды  өзгерте алмаған сынды. Бұл қасиет – саған берген әуелі Алланың сыйы. Мұнан соң асқан мейірімді жан, анаң Ақбала апамның, ауыл-аймаққа өте сыйлы, өзің «бапа» деп атайтын сырбаз азамат Қаршыға бауырыңның тағылым-тәрбиесінің жемісі де. Бар бол, кластасым!» деп іштей тебіренгенімді несіне жасырайын?!

Ғалия Жұмабайқызы Әліпбаева бүгінгі таңда Алматы облысы, Балқаш аудандық коғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарады. Әрі бұл лауазымға кездейсоқ келген адам емес. Осы мекемеде жұмыс істегеніне биыл 34 жылға қадам басты. Өз кәсібінің қыр-сырын терең меңгерген, нағыз майталман маман. Ал ұжым тізгінін ұстағалы да біршама уақыт болды. Шүкір, бедел-абыройсыз емес. Сондай-ақ қоғамдық негізде аудандағы аналар кеңесінің төрайымы. Жолдасы Айдар Әліпбаев болса, Бақанас обаға карсы күрес бөлімінің басшысы. Балқаш аудандық мәслихаты депутаты, Ғалия да, Айдар да ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі. Қос үздік бауырынан өрбіген қызы мен ұлдарынан немерелер сүйіп отырған, бақытты ата-әже. Перзенттері де жоғары білімді, парасатты жандар. Айтпақшы, Әліпбаевтар сәл уақыт бұрын  облыс орталығында өткен «Үлгілі отбасы» байқауына аудан атынан  қатысып, облыс әкімінің марапатын иеленіпті. Шуақты шаңырақтағы осы қуанышқа мен де мерейлендім.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Қазалы ауданы.

Жанқожа батыр ауылы.

ТАҒЫЛЫМ 31 наурыз 2018 г. 806 0