ЕҢБЕК ЕТКЕН – МҰРАТҚА ЖЕТКЕН

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Сол ұлтарақтай жерді ұлы мекенге айналдыру елін сүйетін патриоттардың ғана қолынан келеді», – дейді. Өскен өңіріне махаббатын, сүйіспеншілігін елеулі еңбегімен, қажырлы қызметімен білдірген сондай азаматтар Сыр өңірінде баршылық. Шыққан биігімен ауыл ғана емес, аудан абыройын асқақтатып жүргендердің қатарында Әлімбайдың ұлы Қасқырбайдың да аты аталады. Ол туған жерді түлету жолында жастайынан байыпты тірлік, жүйелі жұмыс істеп келеді. Биыл жетпіс жастың биігіне шыққан Қазалы ауданының құрметті азаматы Қ.Әлімбай «Жалаңтөс», «Қазалы несие» серіктестіктерін басқарады және аудандық Қоғамдық кеңеске төрағалық етеді.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білім­нен емес, мінезден» деген Әлекеңнің (Әлихан Бөкейхан) сөзі Қасқырбай Әлімбайға да қаратылып айтылғандай көрінеді. Пәлсінген пенделіктің, тапсынған тасырлықтың сөзін сөйлемей, қандай істі қолға алмасын алды-артын бағамдап, артық-кемін салмақтап барып жұмысты жүзеге асыратын және онысы нәтижелі болатын. Атаның қанымен, ананың сүтімен біткен ақырын жүріп, әр қадамын нық басатын осы мінезі, жеті рет өлшеп, бір рет кесуге үйреткен экономистік білімі елдік істе өрге жетеледі. Сөзіміз салмақты болуы үшін Қасекеңнің өмір жолына шолу жасап, аз-кем айта кеткен абзал.

Сонымен, әлқисса! Қасқырбай 1948 жылы көктемде егіс даласында еңбек қыз-қыз қайнай бастаған шақта дүниеге келген. Ал әкесі Әлімбай шаңырақ құрмай тұрғанда түс көріп, осындай қамшыұстары өмір есігін ашатынын сезіпті. Түсімде бір ақсақал келіп: «Ер балалы боласың, аты Қасқырбай болсын» деп аян береді. Бұл аянның тегін түс емес екенін аңдаған ол мұны сүйінші жаңалыққа балайды. Асыл жары Ұрқиямен отау тіккен соң тұңғышы қыз болып, ол Көбейсін деген есімді еншілейді. Үш жылдан кейін алтын асықтай ұл өмірге келгенде, әлгіндегі түсіндей, Қасқырбай деп ат қояды.   

Техниканың жұмыс жағдайын жүрегімен түсіне білетін Әлімбай Бірлік елді мекенінде МТС-та механизаторлардың бригадирі болып, сол кездегі К.Маркс, Майдакөл, Түктібаев, Энгельс, Өркендеу, Бозкөл совхоздарының жерін айдап, егінін егіп, өнімін жинауға жетекшілік еткен. Тағдырдың жазуы шығар, жарқылдап тұрған жас шағында кенеттен қаза тапты. Әкесі бақилық болғанда Қасқырбай тоғыз жаста болатын. Жұбайы Ұрқия бес баланы бауырына басып, жанарын жасқа жудырып қала берді. Сөйтіп, Қасқырбай анасы мен нағашы әжесі Жарқынайдың қолында өсіп, тәрбиесін көрді және ерте есейді. Бала болып асыр салып ойнамады, жастайынан тыным таппай тірлік жасап, анасына қолғабыс етті.

«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген бар емес пе, әкеден ерте айырылса да, Әлімбаймен замандас азаматтардың қамқорлығын қай заманда да сезініп жүрді.

«Мен «Түктібаев» совхозына директор болып барғанымда әкеммен бірге жұмыс істеген Жамала, Айдай апаларым мен Ақайдар, Ақжігіт, Мұратбай ағаларымның ерекше ықыласына бөлендім», – деп өткен шақты еске алды Қасқырбай Әлімбайұлы.

№25 Жданов атындағы орта мектепті үздік бітірген соң 1965-1970 жылдары Энгельс совхозында жұмысшы-механи­затор болды. 1970 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденді Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түсіп, 1975 жылы «экономист-агроном» мамандығын мең­герді.

Қасекеңнің оқуға түсуінің өзі үлкен оқиға болды. 1965 жылы орта мектепті тәмамдап, ауылда бір жыл шаруашылықта жұмыс істеген бозбала арман қуып Алматыға аттанды. Алайда, өзімен бірге барған қатарласы Рахман Жұмағанбетов жоғары оқу орнына түсіп кетті де, Қасқырбайдың бағы жанбай ауылға оралды. Бірақ табанды да қайсар жігіт «экономист болсам» деген мақсатынан айныған жоқ. Төрт жыл қатарынан институтқа емтихан тапсырды. Төртеуінде де балы жетпей, салы суға кеткен еді. Алайда, үмітін үзбеді.

Өсіп-өнген жеріне келіп, еңбекке қайта араласты. Әуелі совхозда құрылысшы болды, кейін шынжыр табанды трактордың рөлінде отырды. Уақыт осылай сырғи берді. Жетпісінші жылдың маусымында «Шаншар» учаскесінде қас қарайғанша жұмыс істеп жатқан Қасқырбайды бригадирдің «Сені директор шақырып жатыр» деген даусы елең еткізді. Алып-ұшып барған жігітті директор Жарылқасын Шәріпов жылы қабылдады. «Сенің оқуға түсе алмай жүргеніңді білемін. Бізге бір адамға шаруашылық атынан оқытуға Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне жолдама келіп тұр. Соны саған берейін деп отырмын», – деді Жәкең. Алды-артын саралап, соңғы сөзін айтатын Қасқырбай емес пе, әуелі анасымен ақылдасты. Мұратбаев ауылындағы Балмағамбет молдаға да барды. Қария «Жолың оңғарылады, балам» деп батасын берді.

Тағдыр осы жолдамамен қатар, талапты азаматқа бақыт кілтін де бірге ұсынғандай. Жігері жасымаған арманшыл жас жоғары оқу орнының студенті атанды. Институт қабырғасында есеп-қисаптың қыр-сырына қанығып қана қоймай, спортпен де шұғылданды. Оқу ғимаратының табалдырығын аттаған күннен еркін күрес секциясына жазылды. Білекті балуан боз кілемде белдесіп, атой сала бастады. Қазақстанның басты қалалары мен Ресей, Дағыстан, Украина, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстанның астаналарындағы жарыстарға барып, күш сынасты. Оқуын оқып, спортымен машықтанып жүріп, демалыс күндері ет комбинатында жұмыс істеп, ізінше оқуға түскен қарындастары Алтын мен Алтынайға қарайласты.

Айта кетейік, ғылым-білімге құштар Қасқырбайдың қабілетін экономика факуль­тетінің деканы Рахымжан Аутов жоғары бағалайтын. Бесінші курста әскерден шақырту алғанда үздік шәкіртімен қоса өзі қатты қиналды. Армияға жібергісі жоқ. Сол кездегі тәртіптің қатаңдығына қарамастан, ол басын бәйгеге тігіп, абыройын бұлдап, тілегін жоғары жаққа жеткізеді. Шенділер өтінішін мақұл көріпті. Декан: «Повесткаңды» жыртқызып тастадық. Армияға да бармайсың. Оқудан да шықпайсың» дегенде әрі-сәрі күй кешіп жүрген студенттің мойнынан ауыр жүк түскендей болды.

Көзді ашып-жұмғанша бес жыл да өте шықты. Қолына дипломын алып, Қасқырбай Әлімбайұлы ауылына оралды. Өзімен бірге Күләш есімді Алматының айдай аруын алып келгенде анасы Ұрқияның қуанышында шек болмады...

Елге қызмет – мәртебелі міндет

Сүйікті кәсібін меңгерген Әлімбайұлы Қасқырбайдың ендігі мақсаты – туған жерге қызмет ету. Ол уақытта есеп-қисапқа жүйрік маман тапшы болатын. Сондықтан, басшылық тарапынан жас қызметкердің алдына совхоз-колхоздардың жұмысын жүйелі жүргізу бағытында зор міндеттер қойылды. Әуелі «Энгельс» совхозында еңбекке ақы төлеу жөнінде экономист болып, өзінің біліктілігін дәлелдей білді. Бұдан кейін «Қызылту» совхозында бас экономист, Абай атындағы колхозда басқарма төрағасының орынбасары, партия ұйымының хатшысы қызметтерін де абыроймен атқарды. Пайым-парасаты биіктей түскен, тәжірибесі толысқан маманға «Түктібаев» совхозының тізгінін сеніп тапсырды. Мұнда жаңа директор совхоздың жұмысына соны серпіліс әкелді. Ауылда жаңа балабақша, мектеп, аурухананың бой көтеруіне, туберкулезге қарсы диспансер филиалының ашылуына ұйытқы болды. Сонымен бірге, елді мекенде спорт зал ашып, балаларды еркін күреске баулыды. Тіпті, оларды баптайтын спорт шеберін Алматыдан алдырды. Осының алдында Қожабақы ауылында да үйірме ашып, балаларды спортқа тартқан болатын. Бұдан бөлек, Түктібаев елді мекеніне үлкен телеантенна орнатқанының арқасында халық көк жәшіктен республиканың жаңалықтарын көретін күнге де жетті. Егіс көлемін еселеп ұлғайтқан Қасекең совхозды облыста ғана емес, республикада озат шаруашылықтардың қатарына қосты. Талдықорған облысымен байланыс жасап, 450 гектарға жетерліктей жүгері тұқымын алдырып, аймақтағы шаруашылықтарға таратты. Ірі қара өсіруден де облыста жүлделі орында болды. Сондықтан, совхозда бірнеше мәрте республикалық, облыстық семинар өтіп, шаруашылық басшылары іскер, жаңашыл жас директордың тәжірибесімен бөлісті. Мұндай айтулы шараларға облыс басшылары да келіп қатысты.

Атағы алты қырдан асқан совхоз директорының бастамаларын жұрт көпке үлгі етіп айтып жүрді. Елдің алғысын алған азамат 1985 жылдан облыстық партия комитетінің пленум мүшесі, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі және аудандық советтің депутаты болып бірнеше рет сайланды. 1988 жылдан аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі Советінің төра­ғалық қызметін қоса атқарды. Сонымен қатар, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерінде де өз биігінен түскен жоқ. 1991-1995 жылдары «Құмжиек» совхозына директор болды. Осы жылдары Қазақстан Тәуелсіздігін алып, кеңестік қалып жойылып, нарықтық жүйе орныққан еді. Колхоздар ыдырап, балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп жатты. Ел елең-алаң күйде тұрғанда егемен елдің ертеңін болжай білді. Осылайша, бос әсершілдікке бой алдыра бермейтін қырықтың қырқасына шыққан азамат батыл шешім қабылдап, «Жалаңтөс» серіктестігінің басшылығына барды.

«Мамандық таңдаудан қателеспегеніме қуанамын. Экономист болғандықтан нарық­тың қыр-сырын тану қиынға соқпады. Елдің еңсесін кешегі күннің тәртібімен тіктеу мүмкін емес, жаңа заманға бейімделу керек деген шешімге келдім. Оның үстіне, сол кездегі аудан басшылығы «бұрын қызмет істеген жерің Жалаңтөс ауылын қарауыңа ал» деп қолқа салды. Бұл уақытта банктер қаңырап бос тұр. Техникалар тозған, талан-таражға ұшыраған. Барлық жерде осындай қиындық бар. Соған қарамастан, ауыл тұрғындарының, ел азаматтарының қолдауымен жұмысты жалғап кеттік», – деп сыр шертті Қасекең.

«Ащы тамырдың тәтті жемісі» демекші, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда тәуе­келге бел буғанның арқасында қазіргі Жалаңтөс ауылының ажары адам танымастай өзгерді. Елді мекен келбеті келісті, көрікті ғимараттармен толыққан. Мұнда жаңа мектеп, аурухана, клуб, балабақша, мешіт және Жалаңтөс батыр атындағы алаң бой түзеген. Ауыл әкімшілігі екіқабатты ғимаратта орналасқан. «Жігіттің түсіне қарама, ісіне қара» деген осы. «Әлбетте, бұл бір өзімнің қолымнан келетін шаруа емес. Ең алдымен, облыс әкімінің қолдауын айрықша атап өту керек. Ауылды көркейтуге қатысты ұсыныстарды айтқанда біреуін де жерде қалдырған жоқ. Екіншіден, ауыл халқының бірлігі де тірліктің баянды болуына себеп болды», – дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар, 10 жылдан астам уақыт аудандық мәслихат депутаты болып келе жатқан жауапкершілігі жоғары, тіршілікке тиянақты Қасқырбай Әлімбайұлының Жалаңтөс ауылынан бөлек, Басықара, Құмжиек, Абай, Жанқожа батыр елді мекендерінің заманға сай көш түзеуіне үлес қосып келеді.

Сөзіміздің басында, Қасқырбай Әлімбайұлының қолға алған ісін аяқтамай тыным көрмейтін қасиеті барын айтқан едік. Расында, солай. 2012 жылы ел азаматтарының өтінішімен жұмысы тоқтап қалған «Қазалы несие» серіктестігінің басшылығына келіп, мекеме қызметін қайта түлетті. Соның нәтижесінде, несие беру кәсіпорны ауылдық жерлерде кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюіне септігін тигізуде. Дәл осылай тоқсаныншы жылдары жұмысы жүрмей, тұралап қалған «Жалаңтөс» серіктестігінің тамырына да қан жүгіртті емес пе?! Бүгінде сол шаруашылық жыл сайын 700 гектар күріш, 250 гектар жоңышқа, 150 гектар бидай егеді. Жүзге жуық ауыл тұрғыны осы серіктестіктен нәпақа тауып отыр. Жалақылары да қолдарына уақытылы тиеді. Шаруашылық жыл сайын Басықара, Құмжиек елді мекендері мен Әйтеке би кентіне мал азығын даярлап, халыққа тиімді бағада сатуда.

 Қызметте қарапайым қалпынан таймаған Қасекең атақ-даңқтың ізін қуған емес. Керісінше, түпкілікті оймен тыңғылықты іс атқаратын азаматты мақтанның өзі іздеп табатын. Сондықтан, оған «Құрмет» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары, ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл, ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл, ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл мерекелік медальдары құрметпен тағылды. Бірнеше рет Одақ көрмелерінің медальдарымен марапатталды. «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы да талассыз берілді. Туған жердің дамуына дем беріп келе жатқан Қасқырбай Әлімбайұлы былтырдан бері Қазалы аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағалығына сайланып, аймақтың қоғамдық-саяси тірлігіне белсене араласуда.

Бүгінде бес баланы өсіріп, немерелерінің шаттығына бөленіп отырған белгілі кәсіпкер қазақтың «аштықта жеген құйқаның дәмін тоқтықта ұмытпа» деген тәмсілін жүрегімен түйсінген. «Менің бағындырған белестерім – марқұм анам Ұрқияның өнегесінің, көнекөз қариялардың, елдің ақ пейілінің нәтижесі», – деген кәсіпкердің сөзінен кішіпейілдіктің келбетін көргендей болдық.

Туған жерге деген сүйіспеншілік Қасқырбай Әлімбайұлын осылайша, игі істерді атқаруға жетеледі. Елбасы айтқан «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламасына әрбір азамат жұмыста қажымай, жан-тәнін аямай қимылдап, осылай үлес қосса, Қазақстанның әрбір жері гүлдене берері ақиқат.

Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ,

журналист.

Қазалы ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 31 наурыз 2018 г. 2 219 0