Бүгінгі күні табиғи су қоймаларында балық қорының азаюына байланысты балама аквакультураны дамыту маңызды болып саналады.
Дәстүрлі балық түрлерінен басқа өнім ассортиментін кеңейту қажеттілігіне сәйкес жаңа аквакультура нысандарын игеру қажеттілігі туындауда. Ал енді осы салада болашағы мол өнімнің бірі – көксерке балығы.
Қазіргі уақытта коммерциялық құнды балық – көксеркенің құрып кету тенденциясы байқалады. Оның еті дәмділігі және пайдалылығы жағынан жоғары бағаланады. Соңғы жылдары экологиялық таза өнім ретінде дүниежүзілік нарықта оның бағасы күрт көтерілді. Әсіресе көксеркенің қатырылған сүбесіне (филе) сұраныс жоғары. Көксеркенің Еуропаға экспорты айтарлықтай өсті. Соған байланысты Қазақстандағы барлық су қоймаларында осы балық түрін аулау қарқыны күшейді және соның әсерінен – санының азаюына, көлемі мен салмақ көрсеткіштерінің кемуіне, жастық және жыныстық құрамдарының теріс өзгерістерге ұшырауына әкеліп соқтыруда.
Айта кету керек, Қамыстыбас балық өсіру питомнигі жыл сайын тұқы, шөп қоректілер сияқты балық шабақтарын өсіріп, теңізге, көлдерге жібереді. Алайда, әсіресе көлдерде, көптеген майда балықтардың қоректеріне ортақ болып, уылдырық шашатын орындарын басқалардың басып алуына байланысты тұқы, шөпқоректілердің өсіп-өнуіне кедергі жасайды. Ал көксерке ашық суда жүретін, арқасы биік емес майда балықтармен қоректеніп, оларды құртады. Көксерке 1 кг өсуі үшін 5-7 кг майда балық пайдаланады.
Ал тыран, тұқы, дөңмаңдай сияқты құнды балықтар биік арқалы болғандықтан және көксеркенің негізгі қорегі майда балықтар болуына байланысты тез арада оған жем болудан құтылады. Тауарлы көксеркені бағалы балықтармен бірге биомелиоратор есебінде өсіру осы принцип бойынша негізделген.
Көксерке майда балықтармен қоректенуі себепті тұқы, шөпқоректілер сияқты құнды балықтар қорегіне бәсекелес болмай, көлдердің балық өнімділігін көбейтеді. Сол арқылы Қамыстыбас балық питомнигінің құнды балықтарды өсіріп, балықтандыру жұмыстарының тиімділігін арттырады.
Көптеген Еуропа елдерінде көксеркені көлдерде, балық өсіру шаруашылықтарында кеңінен пайдаланады.
Бұл жағдайда ішкі және сыртқы нарық сұранысын қамтамасыз ету және табиғи популяциясын, аулап алу қарқынын бәсеңдету үшін осы балық түрінің тектік қорын сақтап қалу маңызды. Оны өсіру жолында кең көлемде жұмыстар жүргізу Арал-Сырдария бассейнінде балық шаруашылығын дамытудың негізгі талабы болып табылады.
Жақын және алыс шетелдерде аквакультурада көксерке балығын өсіруді игерудегі нәтижелер қуантады. Осыған орай Алматы облысы (Қапшағай НВХ-сы, Шелек тоған шаруашылығы) жағдайында Қазақ балық шаруашылығы ҒЗИ-дың зерттеу жұмыстарының оң нәтиже беруі Арал-Сырдария бассейні жағдайында ғылыми жұмыстар жүргізуге негіз болды. Бүгінде ғылыми-зерттеу жұмыстары Арал-Сырдария бассейнінің Қызылорда облысында-Қамыстыбас балық өсіру питомнигінде жүргізілуде. 2014 жылы Қамыстыбас балық өсіру питомнигі Тастақ бөлімшесінің тәжірибелік тоғанында орташа салмағы 70 г болатын 850 дана жаздық көксерке шабағы өсіріліп шықты.
Жасалған жұмыстар нәтижесінде, болашақ көксеркенің Кіші Арал теңізінде өнеркәсіптік өнімділігін арттыру, сонымен бірге аймақтың басқа су қоймаларында құнды балықтармен бірге биомелиоратор есебінде тауарлы көксерке өсіру үшін балықтандыру мақсатында, Қамыстыбас балық өсіру питомнигінде және бейімделген кішігірім су қоймаларында көксерке шабақтарын өсіріп шығару технологиясы енгізілді.
Бүгінгі таңда көксерке балығын қолдан ұрық алу, шабақтарын өсіріп шығару және табиғи су айдындарына жіберу бағытындағы ғылыми-зерттеу жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда.
Бұл жоба бірінші кезекте Сырдария өзені аяғындағы көлдердің экологиялық тазалығы мәселесін шешуге, көлдердегі құнды балық өнімділігін арттыруға, бағалы балықты мөлшерін молайтуға бағытталған.
Қ.ЖҰБАНОВ,
Қазақ балық шаруашылығы ҒЗИ ЖШС
Арал филиалының қызметкері.