Ұлы жолдан қиыстау құм құшағында жатқан туған жер – Қармақшы ауданындағы Қуаңдария ауылы әр Наурыз мерекесі жақындағанда ерекше серпіліп қалады. Бұл Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы әдеттегі қарбаласқа қарағанда басқаша. Туған жер перзенттеріне құшақ ашқан мейірімді ананың келбетіне еніп, жан-жақтан ағылған түлектерін бауырына тартатын сәт осы. Соңғы он жылдан бері Қуаңдариядан түлеп ұшқан, еліміздің әр түкпірінде тұратын азаматтар Наурызды туған ауылда атап өтуді әдетке айналдырды.
Өткен ғасырдың 60-жылдары шөл және шөлейт жерді игеру арқылы мал шаруашылығын дамыту науқаны кезінде бұл ауылдың атағы аспандап тұрды. Қызылқұмның етегін ала орналасқан мекенді елдегі белді шаруашылықтардың біріне айналдырған аға буынның біразының бүгінде көзі жоқ болғанымен, өнегелі ісі қалды.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тек мал шаруашылығына сүйеніп өмір сүрген ауыл тірлігін біраз құлдыратып кеткенін әсіресе, сол кезде ес жиып, етек жинаған біздің тұстастырмыз сезінді. Тұрғындар шалғайдағы елді мекеннен аудан, облыс орталығына, үлкен қалаларға қоныс аударды. Бір кездері берекесі тасыған туған жерге барған сайын айдалаға келгендей, көңіл құрғыр ұлып қайтатын. Ауылға кіреберістегі төбе – әруақтар мекенінің тұсынан бетімізді сипап, туған ауылымыздың қайта айналып келгенше аман тұруын тілейтінбіз.
Тілегіміз қабыл болды. Туған жеріміз дағдарыс кезеңінен өтіп, өзінің жарты ғасырлық тарихын түйіндеді. Ауылға апаратын тастақ жол асфальтталғалы бері мұндағы тіршілік басқа арнаға бұрылды. Ауыл адамдары жеңіл көлік сатып алып тасымалмен айналысуға, атакәсіп – мал бағуға, кәсіпкерлікке ден қойды. Былтыр қуаңдариялықтардың талай буыны түлеп ұшқан алтын ұя – мектебіміз жаңа ғимаратқа көшті.
Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2008 жылы 1962-1963 жылы туған түлектер Наурыз мерекесінде ауылға жиналып, ата-баба әруағына, өмірден өткен құрдастарына ас беру рәсімін бастаған еді. Бұл игі бастама жалғасып, кейінгілер іліп әкетті. Жыл сайынғы үрдісті одан әрі өрбіту 1970 жылғы қыз-жігіттерге келгенде, олар тек ас берумен шектелмей, ауылға өз қолтаңбаларын қалдыруды жөн деп тапты. Сөйтіп, олар ауылдың кіре-беріс қақпасын көркейтіп, арка жасатты. Ал, 1972 жылы туған түлектер бір көшені жарықтандырып, ауылдың айнасына айналдырды. Келесі 1973 жылғылар ауыл орталығына балаларға арналған ойын алаңын салып берді. Былтыр 1974 жылы туғандар ауылға мерекелік шаралар өткізуге арналған алып сахна апарды. Ал биылғы ұйымдастырушылар – 1975 жылғылар ауыл балабақшасына арнап ойын алаңын салып берді. Ал Жасөспірімдер арасындағы Нанкин олимпиадасының чемпионы Бауыржан Жауынтаев мектеп оқушыларына арнап күрес кілемін сыйға тартты. Айта кетейік, Бауыржан – биылғы Наурызды ұйымдастырушы жігіттердің бірі Сабыржан Нұртаевтың тұңғышы, Қуаңдарияда туып-өскен өрен. Қазір бүкіл ауыл Бауыржанды мақтан тұтады, алдағы Токио олимпиадасында еліміздің көк байрағын көкте желбіретуіне тілекші болып отырады.
Ұлыстың ұлы күнін дүбірлі той етіп өткізу эстафетасын алдыңғы аға-әпкелерінен былтыр қабылдап алған 1975 жылғы түлектер жыл бойы дайындалды. Мектеп бітіргелі ширек ғасыр өтсе де, бір-бірімен достық байланысын үзбеген жігіттер мен қыздардың ауызбірлігі көп шаруаны дөңгелетуге жарады.
Алдымен 21 наурыз күні ауыл мешітінде марқұм болған жолдастарына, ата-аналарына арнап ас берді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші үлкен істің басы өткенге салауат айтумен басталды. Ауылдағы имандылық үйіне жиһаз бен дыбыс күшейткіш аппаратура сыйлап, ақсақалдардың батасын алды. Осы күні 1969 жылы туған түлектер де туған жерде ас беру шарасын атқарды. Жастары төртінші мүшелде тұрған азаматтар мешітке сый-сияпатымен, тағы бір жақсы бастамаға жол ашып келіпті.
Түс әлетінде мектепте өткен "Туған жерге тағзым" акциясына осы ұядан әр жылдары түлеп ұшқан азаматтар жиналды. Оқушылармен кездесу сұрақ-жауап, емен-жарқын әңгімелесу сипатында өтті. Акциядан соң түлектер мектеп оқушыларымен бірге жаңа мектеп ауласына жас көшеттер отырғызды. Болашақта бұл жер «Түлектер аллеясына» айналуы тиіс. Наурыз күні егілген жас көшеттер жасыл баққа айналады деген сенім бар. Ләйім солай болғай.
Сол күні қазақ күресінен мектеп оқушылары мен ауыл жастары арасында «Түйе палуан» сайысы өткізілді. Жаңа кілемде күш сынасқан жас палуандар демеушілер тіккен бағалы сыйлықтарға, ақшалай жүлделерге ие болды. Мұнан бөлек ҰОС ардагері Жанжігіт Наурызбаевтың ұрпақтары мектеп оқушылары арасында мүшәйра ұйымдастырып, дарынды балаларды жүлдемен марапаттады. Кешке ауыл тұрғындарына термешілер, облыстық филармония өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты. Ауыл түлегі, алматылық кәсіпкер Нағашыбек Тоғызбаев жерлестеріне мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін қазақ эстрадасындағы әдемі әндердің орындаушысы Қанат Үмбетовтің концертіне демеушілік жасапты. Туған ауыл түні бойы әсем әуеннің құшағында қалықтап, жан-жақтан жиналған дос-жаран, туыс-туғанды бауырына басты.
Ертесіне 22 наурыз күні ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік дастархан жайылып, наурызкөже таратылды. Алыстан сағынып жеткен түлектер атынан елімізге белгілі тележурналист Жайна Сламбек жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады. Жақсы үрдісті жалғастырған ізбасар іні-сіңлілеріне алғыс білдірді. Ақсақалдар ауыл тұрғындары мен мерекені ұйымдастырушыларға баталарын берді. Мерекені ауыл мекемелерінің, ұйымдастырушылардың және олардың балаларының концерті тіпті түрлендіріп жіберді.
Наурыз тойы ауыл ипподромында аламан, құнан, тоқ бәйге және тай жарысымен қорытындыланды. Жоғарыда атап өткеніміздей, барлық өнер мен спорт сайысының жеңімпаздарын 1975 жылғы түлектер мен ауыл азаматтары, отбасылар демеуші болып, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Мереке соңында биылғы ұйымдастырушылар келесі жылдың Наурыз тойын өткізу кезегі – «Наурыз – Қуаңдария» туын 1976 жылғы жігіттерге салтанатты түрде табыстады.
Үлкен істі бітіріп, көңілі жай тапқан соң ұйымдастырушылардың бірі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Алтынбек Жарылқасыновты әңгімеге тарттық.
– «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген сөздің жаны бар. Қуаңдария – қайда жүрсек те сағынып жететін, арқа-жарқа болып, ағайынмен қауышатын қасиетті мекеніміз. Туған ауылымызға өнегелі ізімізді қалдырсақ деген мақсатымызға жеткендейміз. Мерекелік шаралардың жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысқан Қуаңдария ауылдық округі әкімдігі мен барлық мекемелерге, ауыл тұрғындарына, демеушілік жасаған азаматтарға алғысымызды білдіреміз, – дейді ол.
Мереке соңында Қуаңдария ауылдық округінің әкімі Асқар Дәндесов тойға алыс-жақыннан жиналған барша жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі дәстүрді жалғастырған ұйымдастырушыларға, туған жерге тағзым етуге келген барша азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Екі күн бойы балаларына бар мейірімін төккен туған топырақ, ата-ана мен ағайын-туыс барша перзенттеріне тағы да қол бұлғап, артта қалды. Барлығына амандық тілеп, ауылды ұмытпай айналып соғып тұруларын тапсырды. Олар оралады, міндетті түрде оралады... Өйткені туған жер, ондағы адамдардың ақ пейілі сағынтпай қоймайды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
Қуаңдария ауылы,
Қармақшы ауданы.