МӘРТЕБЕ БИІГІНДЕГІ МҰҒАЛІМ

Елбасы биылғы Жолдауының 7-басымдығында білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейтіп, жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңыздылығын атап өтті.
Қаладағы, Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында 2016-2017 оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру  мазмұнына көшу сатысы басталып, оқушыларды кең ауқымды дағдыларға үйретуге, функционалдық сауаттылықтарын  арттыруға, адами, рухани  таным деңгейін дамытуға ден қойылып отыр. Дәлірек айтсақ, жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушыларды сындарлы оқытуға үйрете отырып, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, инновациялық білім негіздерін терең меңгерту.
Ғұлама Абай: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық»-деген екен. Осы тұрғыдан қарағанда, ғылымдардың атасы – математиканы терең меңгеріп, талай білім бәсекесінде биіктен көрінген, еселі еңбегімен шәкірттерінің жүрегінен шынайы орын алған білікті ұстаз Шаймағанбет Жиенбаевтың есімі аймақ жұртына етене таныс. Ол алғашқы еңбек жолын Қызылорда педагогикалық институтынан бастап, одан әрі №13 кәсіптік –техникалық мектебінде және №15 мектепте қызмет атқарған. Ал 2010 жылдан бастап, бүгінге дейін Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.
Білуімізше, математика ғылымы – екінің бірі еншілеп алатын оңай сала емес. Күрделі ғылым, тұңғиық таным. Әйтсе де білікті ұстаз Ш.Жиенбаевтың осы саладағы бірнеше жылдық тәжірибесінен байқағанымыздай, қиын пәндердің бірі десек те, оқушылардың математикаға деген қызығушылығы арта түскен. Соның нәтижесінде, оқушылар пәндік олимпиадалардан, ұлттық бірыңғай тестілеуден үздік нәтиже көрсетіп, бүгінде  еліміздегі шоқтығы биік жоғары оқу орындарының студенті атанды. Зейінді де зерделі шәкірттердің бірқатары бүгінде Ресей, Түркия елдерінде білім алуда. Әрине, бұл уақытпен санаспай, шәкірт жанынан табылып, күрделі ғылымның қызығы мен қиындығын бірге бөліскен, міндетіне шын берілген мұғалім еңбегінің мерейі.
Жас ұрпақ тәрбиелеудегі жемісті еңбегіне орай Ш.Жиенбаев 2011 жылы ұстаздар үшін ең жоғары құрмет – Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды. Ал 2014 жылы математика пәні мұғалімдерінің арасында өткізілген облыстық олимпиадада бас жүлде – автокөлікті  иеленді. Екі турдан тұратын бұл олимпиадаға 1000-ға жуық үміткер қатысқанын ескерсек, ұстаздың жылдар бойы жинаған тәжірибесінің текке кетпегенін аңғаруға болады. Сондай-ақ, 2016 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен ІV халықаралық математика пәні бойынша шығармашылық байқауда жеңіс тұғырынан көрінсе, биылғы оқу жылында Алматы қаласында өткен математика, физика және информатика пәндерінің мұғалімдері мен олимпиадалық резерв тренерлерінің ашық республикалық шығармашылық байқауының мұғалімдер лигасында ІІІ- дәрежелі дипломмен марапатталды.
Иә, білікті ұстаздың күнделікті сабақ барысында жаңалықты ізденіп, оны оқушының зердесіне жеткізуге  асығатын жақсы қасиетін ұжымдастары үлгі тұтады. Мектеп басшылығы да ұстаз еңбегін үнемі насихаттап, әріптес абыройын жоғары бағалайды.
       Бүгінде озық ойлы, жаһандық көзқарасы бар тұлға қоғамның идеалына айналуы тиіс дейтін болсақ, бұл орайда жаңашыл көзқараста, бәсекеге қабілетті, зияткер мамандар қалыптастыруда математика ғылымының орны ерекше. Олай болса, осынау маңызды міндетті атқаруда мәртебе биігінен көрініп жүрген Шаймағанбет Жиенбаев сынды ұстаздар еңбегі қашанда құрметке лайық.

Ғазиза ӘБІЛДА,
                                                                                           «Сыр бойы».
ТАҒЫЛЫМ 27 наурыз 2018 г. 810 0