Ғасырдан ұзақ ғибратты ғұмыр

Биылғы қыс ұзақ та қытымыр болғаны әмбеге аян. Наурыз айы орталанса да салқын ызғардың әлі де пәті қайта қойған жоқ. Десе де «таң атпаймын дегенмен, күн қоймайды» деген бар. Күн райы сәл жылт етсе маңайдан көктем лебі байқалады. Бұл -  тіршілік заңы. Ұлыстың ұлы күні жақындаған сайын ел арасында мерекеге дайындық қызу жүргізілуде. Үлкен де кіші де көтеріңкі көңіл – күй жетегінде атаулы күнді ақ тілегімен қарсы алуға қарбаласып жүр. «Қарттың батасы қабыл» деген оймен Аралқұм елді мекеніне хабарласты. Неге деймісіз?. Осынау тіршілігі отыны мол жағылған қазандай қайнаған, берекелі де құтты қоныста Тәжігүл Еңсепова (құжат бойынша Ензепова) есімді абыз әже тұрады. Бір әулеттің ғана емес, тұтас ауылдың анасы атанған, бүгінгі таңда 102 жастағы Тәжігүл әже теңіз төскейіндегі ең жасы үлкен адамның бірі саналады. Өзінің осынау ғибратқа толы ғұмырының жүз екінші көктемін қарсы алып отырған әжеміз әлі тың. Аллаға шүкір, әлі күнге құлағы айтқан сөзді қалт жібермей есітіп, жанары жарық ғаламды көріп, пікірін нық түйіндеп жеткізіп, далаға өзі кіріп – шығады.  Мұны білгенде кеудемді «Шегені дәл осындай рухы мықты жандардан жасаса, ешқашын майыспас еді. Неткен, асыл сүйекті адам!» деген сүйсіну сезімі биледі.
Өмірдерегіне көз салсаңыз ұзақ жасаудың сырын да ұғынардай боласыз. Тәжігүл әже жарық ғаламның есігін қазақ даласы дүрбелеңге толған 1916 жылы ашыпты. Баршаға мәлім Көкарал деген жерде өмірге келген Тәжігүлдің қабырғасы еңбекпен қатайып, бұғанасы бекіген. Өзге де балықшы қауымының перзенттеріне тән дағдымен Кәрібөгет маңында жылымда балық аулап, қамыс шауып жұмыс істеді. Арада жылдар өтті. Төреғұл Еңсепов есімді жігітпен шаңырақ көтерген Тәжігүл берекелі жанұяның парасатты отанасы атанды. Тәкең болса балықшылар қосынының бригадирі болатын. Жалпақ жұртты есеңгіреткен Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлі – зайыпты Еңсеповтер «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген жалынды ұранды басшылыққа алды. Уақытпен санаспай еңбек етті.
-Бұл бір өте қиын кезең болатын. Аш құрсақ жүріп тынымсыз жұмыс істедік.Таңның атысы, күннің батуын елемедік. Шаршау деген ұғым бізге мүлде жат еді. Әрі соғыс кезінің талабы да солай тұғын. Тәулігіне бір – екі сағат көз шырымын алатынбыз. Басымыздан небір қысталаң шақ өтсе де сабырлы қалпымнан танған емеспін. Ешкімнің адал жібін аттағаным жоқ.  Несібемді ғұмыр бойы адал еңбегіммен таптым –дейді Тәжігүл әже Еңсепова.
«Адал еңбек ердің досы, бақ іздеудің жолы осы». Анамыздың өмірлік жары Төреғұл аға болса балықшылықтан бастаған кәсібін кейін сауда саласында жалғастырды. Осынау қиын да қызықты салада ұзақ жыл қызмет атқарып зейнеткерлік демалысына шықты. Өзі дүниеден өткенше ортасына, ағайын – туысқа сыйлы болды. Тәжігүл ана мен Төреғұл көкеміз алтын асықтай тоғыз перзент сүйді. Балаларын ержеткізіп, өмір аталатын ұлы көшке қосты.
Тәжігүл әже өте байыпты мінезді, парасатты жан. Жалпақ тілде айтсақ, «жер сілкінсе, қозғалмайтынның» нақ өзі. «Алла тағала сабырлыны сүйеді» дейді ескіден жеткен есті сөз. Анамыздың ұзақ жасап, ұрпағының, ел – халқының оған деген қошеметі, шынайы ықыласын көргенде еріксіз осындай пікір түйесің.  Әжеміздің тағы да бір жайсаң ісін кейінгі келіндерге үлгі қыла кетсек. Тұрсынкүл ана өзінің қайын енесіне қоса қайын апасы Ұмсынды ғұмыр бойы бағып – қағып, қабақтарына кірбің шалдырмады. Жастайынан ауыр дертке шалдыққан қайын апасының ұзақ жылдар бойы күтімін жасап, құдды перзентіндей қызмет жасады. Сырқаттың зардабын тартқан Ұмсын дәл иек қағарда «Тұрсыным, аман бол. Саған екі дүниеде разымын. Көгеріп, көкте. Ұрпағыңның рахатын көр, алтыным!!» деп әлсіз үнмен алғысын жаудырған – ды. Тектіден тараған қайынапасы шын ниетімен алғысын арнаған екен. Ал батамен ер көгеретіні тағы мәлім. Бәлкім, Тұрсын әженің ұзақ жасауының сырының бір ұштығы халқынан естіген ризашылықтарында жатқан шығар.
Нақты кезеңде Тұрсынкүл әже бауыр етінен өрбіген перзенттерінен 40 немере, 70 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Шөпшегінің алақанынан май жалаған адам жұмаққа барады деседі. Рас болғай!. Әжемізге ұлы Елухан мен келіні Күләш риясыз қызмет жасауда.
Айтпақшы, әжеміздің ортаншы қызы, кәзіргі таңда өзі де жетпіс жасқа жақындаған, Сексеуіл кентінің тұрғыны Айнамкүл анасының  «теледидарға түсірген балалар мені әлі күнге дейін экраннан көрсеткен жоқ. Неге кідіріп жатыр екен?» деп күн сайын көгілдір экранға қарап, жанары талатынын жеткізді. «Адам үлкейгенде бір бала» деген.
Жұмабек Табынбаев,
Арал ауданы.
Аралқұм елді мекені.
ТАҒЫЛЫМ 19 наурыз 2018 г. 997 0