ЕЛ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТСЕҢ, ХАЛҚЫҢ СҮЙМЕК...

Адам баласы сияқты табиғаттың да өзіне тән ерекшелігі, өзіне тән мінезі бар.

«Желтоқсанның желі, қаңтардың қаһары, ақпанның ашуы басылып, күлімдеген әз көктем де жетті-ау» деймін ішімнен. Уақытқа тоқтау болған ба? Дөңгеленіп жатқан өмір. Жыл мезгілдерінің, күн мен түннің, өлім мен өмірдің алмасып тұруы тіршіліктің заңдылығы екені баршаға аян. Десек те, кеше ғана  жаныңда жүрген жақсының, еліне елеулі болған азаматтың жалған дүниеден ертерек кеткені көңілге сыймайтынын,  жұп-жұмыр жүректің  оны өлдіге қимайтынын қайтерсің. Адамзат бүгін адам, ертең топырақ дегенмен,  табиғаттың заңдылығына бағыну бір бөлек те, өмірден кеткен жақыныңды іздеп, іштей сағыну бір бөлек.

Қашан да жақсы адамның  артында  өшпестей ізі, өлместей ісі қалары сөзсіз. Сол істерге, сол іздерге қарап, адамзат баласы сабырлық танытып, шүкіршілік жасайтыны да шындық. Өмірден өзі өткенімен, жасаған жақсылықтары «менмұндалап» тұратын  асыл  жандар қаншама?!

Солардың бірі Сыр еліне есімі жақсы таныс абзал азамат Қуанышбек Сәдібекұлы болатын. Көңілі көктемдей нұр шашып, бойынан адамгершілік қасиеттер атойлап тұратын азамат  тірі болғанда, биыл  70 жасқа келер еді.

Қуанышбек Сәдібекұлы 1948 жылдың 16 наурызында, яғни, күн күліп, жер жылынған, тіршілік атаулы түгелдей оянған мезгілде, Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты «1-Май» кеңшарында дүниеге келген. 1972 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін, 1991 жылы Мәскеу кәсіподақтар  жоғарғы мектебін бітірген ол бар ғұмырын туған елге, өз халқына қызмет етуге арнады.

1972-1996 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, хатшы, төраға қызметтерін атқарып, облыс ауыл шаруашылығы экономикасын өркендетуге, жұмысшы қызметкерлердің әлеуметтік мәселелері мен мұқтаждықтарын шешуге үлкен үлес қосты. Қайран, дүние-ай! Ізіне ерген қос қарындасы ағаларын сағына еске ала отырып: «Әттең, бүгінгі күнге аман жеткенде ғой, Қуаныш  ағамыз 70 жасқа толып, ортамызда қуанышқа бөленіп отырар еді-ау» – дейді. Жақсы адам өмірден өткенде, дүние кеміп қалғандай сезілмей ме? Қазаққа тән қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі, басшыға тән талапшылдығы мен табандылығы, ағаға тән  адалдығы мен ақкөңілділігі бір бойынан табылатын Қуанышбек ағамыздың орны қашан да ойсырап тұрары сөзсіз.

1996 жылдың ақпанынан өзі өмірден озған 2012 жылға дейін облыстық кәсіподақтар кеңесіне басшылық жасаған ағамыз Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесі атқару комитетінің алқа мүшесі болды.  Арал өңірі халқын экологиялық апаттан сақтап, одан әрі әл-ауқатын жақсарту және заңға сай өтемақылардың төленуін сақтау жолында Үкімет пен Парламент алдында тиісті ұсыныстар қойып, оның іске асуына өз үлесін қосты. Қуанышбек ағамыздың Сыр елі халқы үшін жасаған еңбегі еш кеткен жоқ. Ол «Еңбектегі үздігі үшін» медалімен, кәсіподақтардың бүкілодақтық, республикалық органдарының «Құрмет грамотасымен» бірнеше рет марапатталды.

Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,

«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.

Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес,

Неше мың жыл өтсе де, тарих білмек, – деп жырлаған екен Сұлтанмахмұт ақын. Иә, Қуанышбектей ұлын сүйген Сыр елі халқы, ұжымдастары, ел ағалары  оның атын да, еткен еңбегін де өлтірмейтіні ақиқат. Өткенді ұмытпау, өткенді ұлықтау – тірілердің парызы!

«Отбасы – тәрбие ошағы» демей ме? Сәдібек ақсақал да, Ұлған анамыз да күннің атуы мен батуына дейін үй  шаруасы, қолөнер тірлігі, мал шаруашылығы, егіншілікпен айналысқан жандар еді. Олар балалары Қуанышбек, Қонысбек, Жүнісбек, Нүрия, Розаға еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін кішкентайынан ұғындырған тәлімгерлер болатын. Сөзбен емес, өз істерімен тәрбиелей білген ата-анадан үлгі алған  балалары да бақытқа тек еңбек арқылы ғана қол жеткізуге болатынын жақсы түсінді. Олар жоғары білімді, білікті, адамгершілігі мол азаматтар болып жетілді. Әрбірінің жеткен жетістігі ата-ана үшін үлкен мәртебе, үлкен қуаныш еді. Қуанышбек Сәдібекұлы Сыр бойына танымал тұлға болса, Қонысбек ағай талай жылдар бойы өскелең ұрпаққа математиканың қыр-сырын ұғындырды. Жүнісбек аға Қызылорда қаласының сән-сәулетін, салтанатын көтеруге атсалысты. Нүрия Сәдібекқызы қаладағы №253 мектепте  40 жылға жуық білім беріп, соның  20 жылында  мектеп директоры  қызметін атқарды. Роза Иманқызы танымал кәсіпкер қыздардың бірі. Ол «Қызылорда қаласының құрметті азаматы», «Үздік құрылысшы» төсбелгісінің иесі. Міне, бұл – Сәдібек қария мен Ұлған анамыздың  өз балаларына дұрыс тәлім-тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар берген еңбегінің жемісі.

Осындай отбасында тәрбиеленген Қуанышбек ағамыз өте бауырмал, ағайын-туысқа қайырымды, отбасының тірегі, шаңырағының шырайы болатын. Жұбайы Нүрипан екеуі 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірді. Көз қуаныштары болған балалары жоғары оқу орындарын бітіріп, елге қызмет ететін айтулы азаматтарға айналды. 

Кешегі күннің естеліктері ертеңгі күні тарихқа айналары сөзсіз. Көзден кеткенмен, көңілден кетпейтін жандар қаншама?! Қуанышбек ағамыздың әлі де алға қойған мақсаттары, биік-биік армандары, алар асулары бар болатын.

Бірі кем дүние деген осы. 

Сұлушаш СҰЛТАНОВА,

ТАҒЫЛЫМ 18 наурыз 2018 г. 870 0