Облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен жаңа жыл қарсаңында бір топ тыл және еңбек ардагерлерінің отбасында болудың сәті түсті. Сол абзал жандардың бірі – 91 жастағы еңбек ардагері Ғазима Фатихқызы Байдосова. Осы жасында талай өмір өткелдерінен сүрінбей өткен ғазиз жанның ғұмыры өнегеге толы екен.
Тағдыр айдаса пенде қайда бармайды. Уфа қаласында тұратын он алты жасар татар қызы Ғазима отызыншы жылдардың соңында Орал вагон зауытында еңбек етеді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда бұл зауыт қайта жасақталып, әскери құпия орынға айналады. Ғазима майданға қару дайындайтын осы зауытта уақытпен санаспай еңбек етті. Содан соң соғыста зардап шеккен Украинаға екі жыл мерзімге келісім-шартпен барып, ондағы қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.
– Несін жасырайын, «бос қалған үйлерде тұрасыңдар, бауырларыңды қастарыңа алуға болады» деген соң бардым, – деп еске алады кейуана. – Алданғанымызды барған соң бір-ақ білдік. Қысы суық, ызғарлы, күз-көктемі жаңбырлы жермен жексен болған қала орнында вагонда тұрдық. Тізеден су кешіп жүріп, бел жазбай тапсырылған жұмысты уақытылы орындауға тырысамыз, өлер қонаға ішке келіп, киіз байпағымызды шешкенде ішінен лай су сарылдап төгілетін. Онсыз да жылуы мардымсыз пешке шұлғауымызбен қаз қатар тізіп қоятынбыз. Таң қараңғысынан қайта жұмысқа жегілетін ек. Ішер тамағымыз, өлместің асы әйтеуір.
Келісім-шарт мерзімі аяқталған соң Ғазима қазақ жерінде молшылық дегенді естіп, Қазақстанға келеді. Шындығында қазақ даласы өмір сүруге қолайлы екен. Алматы облысының Қызылту ауылына тұрақтаған бойжеткен туған жерінен іні-сіңлісін алдырады. Сөйтіп жүріп қазақ жігіті Құрманбек Байдосовпен бас қосады. Бұл тек айтуға ғана. Әйтпесе Ғазиманы өзіне келіндікке таңдаған Құрманбектің бірге туған апасы Уәзипа еді. Өмір көрген ол талай қиындықты басынан өткерген, қимылы ширақ, тазайын Ғазиманы қызметкер інісіне тең көріп, екеуінің бас қосуына себепкер болады.
Сәл шегініс жасасақ, Құрманбектің әкесі әскери қызметте болған Іскендір кезінде князь тұқымы, атаман Дутовқа қарсы ұйымдастырылған операцияда ерекше көзге түсіп, тарихта аты қалған Қасымхан Шадияровтың (негізі Шанышов) қарындасы – Махибпен көңіл жарастырады. Князь әулеті өздерінің мәпелеп өсірген қыздарын қайдағы бір қазаққа беруге арланып, оны аңдуда ұстайды. Махаббат деген сезім қай кезде де өз дегенін істетеді емес пе, Махиб ақыры Іскендірмен қашып кетеді. Алайда, Құрманбектің екі жасында әкесі Іскендір қайтыс болады да көзі ашық, көкірегі ояу Махиб баласын бес жыл Қазандағы медреседе оқытады. Көз жанарынан ерте айырылған Махиб баласының 12 жасында өмірден өтеді. Еті тірі, рабфакты бітірген Құрманбекті кеңес үкіметін нығайтуға атсалысқан Ораз Жандосов өз қамқорлығына алады. Алматыдағы қамыс зауытының директоры болған, мыс-кен байыту зауытында басшы қызметте жұмыс істеген Құрманбек Байдосовты көпшілік ерекше батылдығы үшін құрмет тұтады. Ашаршылық жылдары Қазақстанның сол кездегі бірінші басшысы Голощекинге тайсалмай кіріп, аштықтан бұратылған халық үшін астық жаздырып алған. Сөйтіп талай жанның аман қалуына өз септігін тигізген екен. Сонымен басшы қызметте болған соң зауытқа келген комиссия мүшелері де, тексерушілер де, басшылар да ат басын көп ретте Құрманбектің отбасына бұрған көрінеді. Өйткені, оның жары Ғазима әрдайым келген қонақты жылы шыраймен қабылдап, олардың барлық жағдайын жасап отырған.
– Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» кітабының желісі біздің әкеміздің айтқан әңгімесінен өрбіген көрінеді, оны беріде білдік,– деп еске алады Ғазиманың қызы Нафиса.– Бірде теледидардан Мұрат Әуезовті көріп отырып, апам «мынау әкесінен айнымай қалыпты» деді. Содан кейін барып әңгіме тиегін ағытты. Сөйтсек, ұлы жазушы өзінің орыс әйелімен бірге біздің отбасында жиі болып тұрған екен.
Өмір жолы тақтайдай тегіс емес, оның бұралаң-бұлтарысы, ойы мен қыры болатыны ақиқат. Тұқым қуалағаны болар, бертін келе Құрманбек те екі көзінен айырылды, сөйтіп отбасының негізгі ауыртпалығы жары Ғазиманың басына түсті. Құрманбектің апасы Уәзипаның ұлы Батай Ырысов қызмет бабымен Қызылордаға ауысады. Сонда ол көзі көрмей отырып қалған нағашысын отбасымен бірге ала келіп, №11 разъезге орналастырады. Құрманбек ересек болып қалған балаларын ертіп, балық аулайтын, отын жинайтын, шөп дайындайтын. Шағын егістік алқапты баптап, картоп, сәбіз, жуа, бақша өнімдерін егетін. Өздерінен артылған өнімдерді базарға шығаратын. Әрине, оның қасында қашанда жары жүретін-ді. Бұған қоса өзі де бейнеткеш, ерінуді білмейтін Ғазима үй жанында 500-600-дей тауық ұстап, 10-15 ешкі бақты. Базарға жұмыртқа, сүт, қатық сатты. Он саусағынан өнері тамған Ғазима біреудің киімін жөндеп берді, енді біреудің киізін басып, көрпе-көрпешесін көктеп берді. Сөйтіп жүріп өз балаларын жетілдірді. Үлкен ұлы Марат Ақтөбеде темір жол саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, зейнетке шықты, қазір әйелі Сәулемен бірге төрт баласын тәрбиелеп, немере сүйіп отыр. Екінші ұлы Ермұрат Шымкент қаласында тұрады, келіні Сара енесіне төрт немере сыйлады. Ғазима ана екі ұлынан төрт шөбере сүйді. Ал қызы Нафиса мен күйеу баласы Мұхтар аналарының қас-қабағына қарап, баладай мәпелеп отыр. Олардың қыздары, Қорқыт ата университетінің студенті Ақбота әжесінің көзі мен құлағы десе болғандай. Ол әжесінің бар өтінішін орындауға пейіл. Өз анасы кезінде Ғазима әжесінің өздері үшін қалай еңбектенгенін, өздерін адалдыққа, тазалыққа қалай баулығанын тамсана айтып отырады. Басқасын былай қойғанда, жастайынан бейнетті белшесінен кешкен Ғазима Фатихқызы осы кезге дейін зейнетақы алмапты. Балалары зейнетақы алуға құжат дайындайын десе, аналары сонау соғыс жылдары өзі жұмыс істеген құпия зауыт туралы жақ ашпайтын көрінеді. Кеңес үкіметі келмеске кетсе де, айтатыны: «сол кезде мен екі жерге қол қойдым, ол туралы айтсам, сендерге кесірім тиеді». Міне, адалдық, берген уәдеге беріктік деген осы. Қарапайым ғана қазақ әйелі қанша қиналса да, өмірінің соңына дейін өзінің осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын берген уәдесінде тұрды. Кейде кей басшылардың, атпал азаматтардың, халық қалаулысы болған кей жандардың бүкіл ел алдында кеше берген уәдесінен бүгін тайқып кеткенін көріп, қарның ашады. Олардың қасында Ғазима ананың шоқтығы қашанда биік қалпымен қалары хақ.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
Қызылорда қаласы.