« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы Жолдауларында құқық қорғау саласын жетілдіру, жаңғырту мәселесі жиі көтеріледі. Әсіресе, сот төрелігін жүзеге асыру үдерісін оңтайландыруға баса мән беріледі. Бұл «Қазақстан-2050» стратегиясында да, 100 қадамнан тұратын ұлт жоспарында да негізгі бағыттың бірі ретінде қарастырылған.
Саналы ғұмырын заң саласына арнаған Молдабек Меңлібайұлы Ахметов осы үдеден шығу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде Қызылорда облыстық сотының судьясы қызметін атқаратын оны жас мамандар үлгі тұтады.
Тәжірибелі заңгер Молдабек Меңлібайұлы 1955 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында өмірге келген. Ол орта мектепті 1972 жылы бітіріп, еңбек жолын Ақтөбе облысының Шалқар ауданында қарапайым жұмысшы болып бастаған. Молдабек Меңлібайұлы 1978 жылы Шымкенттегі медициналық училищені бітіріп, Жалағаш және Қармақшы аудандарындағы ауруханаларда еңбек еткен. Кейіннен Қармақшыдағы ауруханада кәсіподақ ұйымын басқарады.
Әділдік бар жерде шындық болады. Молдабек ағамыз осы бір түйінді негізгі қағида етіп ұстанатындай көрінеді. Ол өтірік атаулыны жек көреді. Шындық іздегенді қашанда қолдауға дайын. Ал, бұл жол оны медицина саласынан мүлдем басқа бағытқа алып барды. Тіпті, өмірін жаңа арнаға бұрды. 1991 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін аяқтап, сот саласына қызметке келеді.
Әңгіме арқауына айналып отырған Молдабек аға 1992-1994 жылдары Қармақшы, 1994-1996 жылдары Жалағаш аудандық сотында судья болса, 1996-2002 жылдары Сырдария аудандық сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Бұл жылдары өзін кәсібилік жағынан білікті маман екенін көрсетті. Оның ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Сырдария аудандық сотының ескі ғимараты жаңартылды. Ол үшін аудан орталығындағы ауыл шаруашылығы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізген. Сондай-ақ, соттың материалдық-техникалық жағдайын жақсартып, сот әділдігін жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосты.
Тәжірибелі заңгер ақиқат салтанат құрған жерде ел азаматтарының жүрегінде келешекке деген үміт болатынына кәміл сенеді. Білікті судья 2002-2007 жылдар аралығында Қызылорда қалалық сотының төрағасы, 2007-2010 жылдары облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі аппелляциялық сот алқасының төрағасы қызметтерін атқарды.
Демократиялық жолды таңдаған зайырлы мемлекетімізде халықтың құқығы мен бостандығын қорғау басты міндеттің бірі саналады. Сот ісінде әділдік салтанат құрғанда Ата заңымыздың абыройы асқақтайды. Ұзақ жылдар судьялық қызметті атқарған Молдабек аға бұл жолда барын салып келеді. Тіпті, 2002-2008 жылдары Қызылорда облысы Судьялар Одағының филиалының төрағасы болды. Бұл кісі спортқа да біртабан жақын. Саламатты өмір салтын ұстанатын М.Ахметов Жоғары Сот жанындағы Судьялар Одағы ұйымдастырған спартакиадаларда топ жарып жүр. Мәселен, 2015 жылғы спартакиадада күміс медальді олжаласа, 2016 жылы бас жүлдені қанжығасына байлады.
Сөз басында Мемлекет басшысының Жолдауларында сот төрелігін жүзеге асыру үдерісін оңтайландыруға баса мән берілетінін атап өттік. Республика Президентінің «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және жедел жаңару жолында» деп аталатын 2005 жылғы Жолдауында сот жүйесі мен азаматтарды құқықтық қорғау реформасы сөз болады. Ал, 2011 жылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауда сот жүйесінде елеулі өзгерістер жасалып жатқаны айтылады. Мұның барлығы, түптеп келгенде, сот жүйесін жаңғыртумен байланысты болатын. «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауда «Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады» деп айтылады. Бұл мәселе 100 қадамнан тұратын ұлт жоспарында да негізге алынады. Өзі сол саланың маманы болғаннан кейін Молдабек ағамыз Елбасы көтерген мәселелерге уақытында ден қойып отырады. 2005 жылы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен судьялар одағының съезіне делегат болып қатысып, сот реформасына байланысты баяндама жасады.
Молдабек Меңлібайұлын жұртшылық қауым заңгерлігімен қоса, білікті ұстаз, тәжірибелі ғалым ретінде жақсы біледі. Еліміздің Жоғары Сот төрағасы болған Қайрат Мәмидің өкімімен Молдабек Меңлібайұлы билер тарихын зерттеу жөніндегі жұмысшы топтың мүшесі болады. Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Атыру, Батыс Қазақстан облыстық соттарымен бірге Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған конференцияның ұйымдастырушысы болып бекітіледі. Осылайша, елге белгілі Х.Әбжанов, Б.Кәрібаев, А.Ағыбаев, Т.Дайрабай сынды ғалымдарды шақырып, ғылыми-теориялық конференцияның өз деңгейінде өтуіне үлес қосады.
Сот жүйесіндегі елеулі еңбектері үшін М.Ахметов ҚР Әділет министрлігінің «Алғыс хаттарымен», Судьялар Одағы Орталық Кеңесінің «Құрмет грамоталарымен», ҚР Конституциясының 10-15 жылдық, Астананың 10 жылдық медальдарымен марапатталады. Сонымен бірге, ҚР Жоғары Сот төрағасының «Құрмет грамотасымен», Қызылорда облысы Судьялар Одағы филиалының және сот төрағасының грамоталары мен алғыс хаттарын иеленген. Ол Қазақстан Республикасының Судьялар Одағы тарапынан берілетін еліміздегі сот жүйесі үшін ең жоғарғы награда – «Үш би», «Сот жүйесінің үздігі» төс белгілерінің иегері. Тәуелсіздіктің 25- жылдығына орай Молдабек Меңлібайұлына Қазақстан Президентінің «Құрмет грамотасы» берілді.
Бүгінде «ұлын–ұяға, қызын–қияға» қондырған Молдабек Меңлібайұлы немерелерінің сүйікті атасы болып отырған жайы бар. Алпыстан асып, ақсақалдық жасқа жеткен сот саласының маманы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік және Болашақ университеттерінде студенттерге сабақ береді. Сонымен қатар, республикалық басылымдарға құқық мәселесі мен билер туралы мақалалар жазып тұрады. Ғылымға ден қойғанының арқасында заң ғылымдарының кандидаты болса, қаламгерлігі арқылы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанды. Белгілі этнограф, зерттеуші Дайрабаей Тиышбекпен бірге «Сыр елінің билер сөзі» және «Сыр елінің ескерткіштері» атты тарихи деректі кітаптары жарыққа шығып, оқырман қауымға таратылды.
Өмірін өнегемен өрген Молдабек Меңлібайұлындай тәжірибелі заңгердің саналы ғұмыры өскелең ұрпаққа қашанда үлгі болып қала бермек.
Э.АХМЕТОВА,
Қызылорда қалалық сотының судьясы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |