« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ел көлемінде қоғам санасын рухани жаңғыртуға байланысты жүйелі қадамдар жасалуда. Осы ретте ұлт мұраты тұрғысынан мәні мен маңызы ерекше «Туған жер» бағдарламасы аясында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізіп, орта мектепте туған жердің тарихын оқыту ісіне барынша қарқын беруіміз қажет. Жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда алмағайып замандарда туған жері мен елін сақтап қалу үшін аянбай күрескен тұлғалардың өмір жолы мен жарқын істерін насихаттаудың рөлі айрықша болмақ. Бұл қатардағы ардақтыларымыздың бірі – Өтетілеу би Кетебайұлы (1765 - 1845 жж.) дер едік.
Мемлекетіміздің төл тарихында XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы оқиғалардың орны елеулі. Патша отарлаушылары экспансиялық саясатын жалғастырып, елдің батыс, солтүстік, шығыс аумақтарын қамал-бекіністермен құрсап, дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйесін жойды. Сырдария өзенінің төменгі ағысын мекендеген қандастарымыз ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін Қоқан және Хиуа хандықтарына алым-салық төлеп, олардың жосықсыз езгісін басынан кешірді.
Осындай озбырлыққа қарсы шыққан Жанқожа батыр Нұрмұхаммедұлының Хиуа хандығының Сыр бойындағы бекіністерін талқандағаны, Кенесары ханның Қоқан хандығы иелігіндегі Қосқорған, Ақмешіт, Жаңақорған, Жөлек, Сауран, Созақ қамалдарын алғаны тарихтан белгілі. Осынау ұлт каһармандарының патша үкіметінің отаршылық езгісіне қарсы ұлт-азаттық көтерілістері халық қолдауына ие болды.
Аталған кезеңде ел басқарған Өтетілеу бидің Орта Азия хандықтарымен саяси қарым-қатынас мәселелерін тиімді шешуге және азаттық туын көтерген ұлт перзенттері Жанқожа батыр мен Кенесары ханның қасына қазақ ауылдарын топтастыруға белсене атсалысқаны жөнінде ауыз әдебиеті мен ұрпақ жадында сақталған мәліметтер өте көп, жазбаша деректер де аз емес. Бұлардың бірқатары азды-көпті жарияланып та жүр. Сол себептен бұрынғы жазылғандарды қайталамай, оларда жоқ мағлұматтарды айналымға қосуды мақсат тұттық.
Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының ел қамын өзінің жеке мүддесінен жоғары қоя білген азаматтардың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан қайраткерлік іс-әрекеттері жырланған толғауынан үзінді келтірейік:
...Жолайдан би Кетебай және туған
...Жесірге – ер, жетімдерге ана туған.
Ер туып ол кісіден Өтетілеу,
Төрт жүйе Шөмекейге болған тіреу.
Бұл сөзді мен емес, халық айтады,
Асылдан келе жатқан шықпай іреу.
* * *
Бақпаған ол кісідей ешкім ұлтын,
Жаратқан Хақ тағалам түзу құлқын...
...Дұшпанды өз отына күйіндіріп,
Дос-жарды қай кезде де иілдіріп...
...Үш жүзді өткен солай сүйіндіріп...
(«Жолай Алмасқа» атты толғау, 1902 жылы Сөйінұлы Бекет бидің рухына арнап берілген аста жырланған).
1834 жылы Бұхараға сапар шеккен патша офицері И.В.Виткевич өз жазбасында: «...1824 жылға дейін хиуалықтар қазақтарды жыл сайын тонап отырды, бірақ арнайы алым түрі жоқ болатын. Кейіннен тонаушылық шектен шыға бастайды. Сол тұста Шөмекейлер Хиуа ханына (Мұхаммед-Рахым-Қ.О.) арнайы елші жіберіп, зекетті өздері апарып тұратын болып келіскен-ді. Бұл келісім 1832 жылға дейін созылады. Өтетілеу би 1832-1833 жылдарда Хиуа ханына (Аллақұл хан-Қ.О.) жолығып, бұдан былай зекетті өздері келіп жинауын ұсынады. Осыны күтіп отырғандай, Хиуа бектері Сырдария бойына еркін ене бастады» – деген дерек келтірген.
Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы, ақын, фольклортанушы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының (1858-1931 жж.) көптомдық мұрасының 6-томында Өтетілеу биге қатысты бөлік бар. Кітаптың 132-133 беттерінде: «Кіші жүзден шыққан Өтетілеу би заманында төрт Шөмекей, бес Жаппасқа қараның ханы болған» делінген. Сонымен қатар, бидің тағылымға толы сөз бастары, әкесі Кетебай би және Әз Тәйтеке би арасында орын алған оқиғаға қатысты ғибратты сөздер топтастырылған. (Көпейұлы М.Ж. Қазақ фольклоры, ауыз әдебиет үлгілері. – Алматы: Алаш, 2006. –Т.6. –296 б.).
ХІХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы Кенесары Қасымұлы басқарған ұлт-азаттық көтерілісіне қазақтың үш жүзінің де ру-тайпалары, оның ішінде Кіші жүзден: Әлім, Шөмекей, Алтын, Жаппас, Табын, Тама, Жағалбайлы, т.б. рулары қатысқан. Біздің қолымыздағы деректерде Өтетілеу бидің есімі Кенесарының күрес жолында оған қолынан келгенше көмек жасаған жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың қатарында аталады.
Ресей империясы Бас штабының офицері Л.Мейердің құрастыруымен 1865 жылы жарық көрген «Киргизская степь Оренбурского ведомства (СПб.: Типография Э.Веймара и Ф.Персона. – 386 с.)» атты кітабының 59-бетінде: «... в 1840 году Султан Кенисара, гонимый со всех сторон, находился в незавидном положении. Дела его, однако, скоро поправились: сильный род Чумекеевцев принял его с почетом, отдал за него замуж дочь лучшего бия, а вслед за тем другие роды – Дырткаринский и Чиклинский – также признали его власть, так что он не совсем без основания называл себя Ханом.» деген жолдар бар. Бұл жерде «лучший би» дегені Шөмекейдің төбе биі – Өтетілеу Кетебайұлы екені күмәнсіз. Бүгінде ҚР Орталық музейінде сақталған жеке мөрінің күші Ресейдің Орынбор шебі мен Бұхар әмірлігі арасындағы аумақта мойындалған. Оның өз уақытында Сыр бойының төменгі ағысындағы қазақтарды басқарған Қасым хан Бөлекейұлының Орда биі атанып, кейін халыққа Кенесарының қайынатасы ретінде белгілі болғандығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал жырау Алмас Алматовтың «Қазына» атты дастанындағы мәліметтер растай түседі.
1841 жылғы 7 қыркүйекте Қарақұмда өткен құрылтайда Шөмекей, Әлім, Жаппас, т.б. қазақ рулары хан сайлаған Кенесары қазақ даласында сот-құқықтық реформасын қолға алды. Бұл тұрғыда атақты тарихшы-ғалым Е.Бекмахановтың «Казахстан в 20-40 годы ХІХ века» (Алма-Ата: Қазақ университеті, 1992.–400 с.) атты монографиясының 285-ші бетіндегі: «...Уличенных в злоупотреблениях биев Кенесары немедленно отстранял и назначал на их место пользующихся доверием масс новых биев... Кенесары назначил почетным бием чумекеевцев Утетлява Китебаева...» деген Өтетілеу биге қатысты мәлімет назар аударарлық.
Тағы бір деректі ортаға салайық. Ақын Мұхаметжан Сералиннің 1898 жылғы 12 сәуірде жазған «Топжарған» поэмасы әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс (Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1985.). Поэмаға арқау болған Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың Сыр өңіріндегі кезеңіне байланысты бір оқиға. Басты кейіпкер – ауыр қылмыс жасап, өз елінен бой тасалаған маңғыстаулық жас жігіт. Көтерілісшілер мекені – Қарақұм өңіріне атының басын бұрған қашқын Кенесары ставкасындағы сындарлы сынақтардан сүрінбей өтіп, хан жасағына қабылданады. Шығарма желісінде Өтетілеудің Кенесары ханның қайынатасы екені бірнеше рет айтылады. Енді аталған кітаптың 36-37 беттерінен үзінділер келтірейік:
...Келеді ханға қарай жігіт салып...
Алдына Кене ханның тұрды барып.
Қасында Өтетілеу-хан атасы,
Еңкейді оған қарай жігіт басы....
* * *
Сәске түсте киіз үй іші салқын...
Ордасында Кене отыр қалпағы алтын.
Сыйлы-сыйлы Кененің жігіттері,
Ордаға жиылысқан ердің бәрі.
Хан атасы төрде отыр, Өтетілеу,
Босағада топталған нөкерлері...
1844 жылы Наурызбай батырдың 100 адаммен Ресеймен байланысы бар Алтыбай Көбеков пен Жанғабыл Төлегеновке қарайтын ауылдарға зекет жинауға барғаны, олар ұйымдастырған қастандықтың нәтижесінде 95 жасақшы өлтіріліп, Наурызбай батырдың 5 адамымен қашып құтылғаны тарихтан азды-көпті белгілі. Бұл оқиғаның салдары туралы орыс тыңшылары өз қожайындарына 1845 жылы 31 наурызда: «Қыста Кенесары Шөмекей руының биі Өтетілеудің екі туысы мен өзінің екі адамын Сырдария бойында көшіп жүрген Жанғабыл Төлегеновке жұмсады және Кенесары одан қаза тапқан жақтастарының барлығы үшін тек үш кісінің (батырлар: Байтабын Дербасов, Қанай Байғұланов, Төлеген Қожабаев.-Қ.О.) құнын талап етті» – деп, мәлімет түсіреді.
Өтетілеудің тұлғалық бейнесі, қадір-қасиеті, тарихи рөлі, тамыры терең тектілігі туралы мәліметтердің дарабоз жырау Базар Оңдасұлы бастаған Сыр сүлейлерінің шығармашылығында көптеп кездесуі де оның өз заманында ұлт саңлақтары қатарында болғанының жарқын дәлеліндей.
Дүлдүл ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының келесі жыр жолдары осыны меңзейді:
Өтетілеу, Талқанбай
Дана еді, жұртты жөндеген,
Желмаядай жүйткуші еді,
Олар мінсе жөн деген,
Туралық туын тұтқан соң,
От-көмір болды сөнбеген.
Өтетілеу бидің замандастары Қожажанұлы Сейітпенбет әулие, Құрманұлы Марал ишан сынды қазақ қоғамының көрнекті діни қайраткерлерімен сыйластығы өз алдына бөлек әңгіме.
Қарт Өтетілеу би Кенесары бастаған көтерілісшілерді отарлаушылар әскері жан-жақтан қыспаққа алған 1845 жылы Қарақұмның Арқа жақ тұсында өмірден озды. Бұл жөнінде Орынбор губерниялық хатшысы Беглов 1846 жылғы 12 наурыздағы баянатында: «...Беделді би Өтетілеу өткен жылы жазда қайтыс болған соң, оның орнын баласы Пірәлі басты. Ауылдары жазда біздің шепке жақын жерде көшіп жүрді...» – деген мәлімет келтіреді. Сұрапыл кезеңде бақилыққа аттанған оның мүрдесін ел-жұрты аманат айтып, биік сексеуілдің басына киізге орап, қойып кетеді. Ел басындағы дүрбелең сәл саябырсыған 1849 жылы Пірәлі би әкесінің мәйітін елге жеткізіп, оның көз жұмар алдындағы өсиетіне сай Сейітпенбет әулиенің қасына жерлейді. Қорым Сырдария өзенінің сол жақ бетіндегі Қарақ тауының (Қармақшы ауданы, Т.Көмекбаев ауылының аумағы) маңында.
Өтетілеу Кетебайұлы жаугершілік заманда да, бейбіт уақыттарда да халқының жоғын жоқтап, мүддесін қорғап аттан түспеді. Осынау қасиетті де қастерлі жолға бар өмірін арнаған қазақ қоғамының белгілі қайраткерінің елге еткен еңбегі лайықты бағасын әлі ала қойған жоқ. Сондықтан, оның есімін ұлықтау жұмыстары Сыр өңірінде соңғы жылдары атқарылып жатқан игілікті істердің жасампаз жалғасы болар еді.
Қали ОМАРОВ,
ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар
академиясының мүшесі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |