« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өзінің саналы ғұмырының 27 жылдың құқық қорғау органдарына арнаған Байтукаев Примбет Тұрмаханұлы атамыздың өмір жолы кейінгі ұрпаққа, өзі ұзақ жылдар қызмет еткен Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасына сабақ алар мектеп. Бүгінде қалалық ІІБ-нің Ардагерлер кеңесінің мүшесі, зейнеттегі милиция майоры Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрметті ардагері ақпан айында 90 жасқа толды.
Қазақта: «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқысы сонда жүреді» деген жақсы сөз бар. Расында да, адамдар өмірі алдыңғы толқын ағалардың, артқы толқын – інілеріне көрсетер келісті үлгі-өнегелерінің әсерімен жаңа арнада жалғасын таба беретіндігі даусыз дүние. Қызметке келген, әлі оң-солын дұрыс білмейтін жас мамандарға өз тарапынан қамқорлық көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп, қабілеттерін ұштап өмір ағымына ілесуде қол ұшын беріп жүрген ардагер атамыз. Примбет Тұрмаханұлы ортамызда әрқашан сыйлы.
Прімбет аға 1928 жылы 23 ақпанда Жалағаш ауданы Бірлік савхозында дүниеге келген. Инженер-механик мамандығы бойынша жоғары білім алған атамыз еңбек жолын 1944 жылы Қызылорда поровоз депосында электрдәнекерлеуші болып бастаған. 1953 жылы Сталинград қаласында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін теміржол бойы стансасындағы жүк қабылдаушы жұмысын комсомол ұйымынын хатшылық қызметімен қатар алып жүрді. Сол кездегі коммунистік партия шақыруымен 1958 жылы мемлекеттік қауіпсіздендіру комитетіне оперативтік машинада жүргізуші болып жұмыс істеді. Кейіннен 1962 жылы Қызылорда қалалық Ішкі істер бөлімінде көлік инспекторы қызметін бастады. Сол жылы елді елең еткізіп автобазада орын алған өрт туралы ардагер ата қызмет атқару жылдарындағы естеліктерінің бірі ретінде айтып берді. «Техника құралдары жетіспей, тіпті өрт сөндіруге келген сусыз машиналар да болды. Осылайша екі күнге созылған тілсіз жауды ауыздықтау үлкен қиыншылық туғызды. Дегенмен, жұмыла атқарған жұмыстың нәтижесінде өрт сөндіріліп, зардап шеккен ешкім болмады» - деп еске алды Примбет ата. Бұл үшін еткен еңбегі елеусіз қалмай құзырлы органдардан «Автобазадағы өртті сөндіруге қатысқандығы үшін» алғыс хатымен марапатталды.
1977-1981 жылдары көлік инспекторы, ҚІІБ қарасты арнайы комендатурада басшы лауазымында қызметтерін абыройымен атқарып, сенімге селкеу түсірмеген. «Біз қызмет атқарған жылдары жұмыс күші жетіспейтін. Бірде қала орталығындағы тұрғын үйден шақыру келіп түсті. Мен ол кезде кезекші болып қызмет атқаратынмын. Оқиға орнына жедел келгенімізде үй сыртында қолында кішкентай баласы бар әйел қорқып жүр. Мән-жайды сұрастыра келе келесі үй иесінің қолында аңшы мылтығы мен бензин құйылған ыдысы бар екендігін және есікті ішкі бетінен жауып алғандығын білдік. Өз-өзіне қол жұмсауды көздеген үй иесі біздің сабыр сақтауға шақырған сөзімізді тындамады. Мұнан әрі күтудің қажеті жоқ екендігін біліп, тұрғын үйдің көше беттегі терезесін сындырып, ішке кірдім. Үй иесін бар күшіммен қапсыра құшақтап, есікті ашып жібергеннен кейін сырттағы тәртіп сақшыларының кіруіне мүмкіндік болды. Осылайша, бір үйдің отағасын аман алып қалдық. Кейін жүргізілген жұмыстардың барысында кәріс азаматының мұндай келеңсіз жағдайға баруына отбасында туындаған келіспеушіліктер әсер еткендігін білдік. Біз қызметте жүргенде қандай қиыншылық пен қауіп-қатер кездессе де, әрқашан санамызда берген антымызға адал болу, халыққа қызмет ету жүретін», - дейді өткен күндердің естеліктеріне шолу жасаған Прімбет ата. Осылайша, қызметін адал атқарып, қарапайымдылығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында ұжымда үлкен құрмет пен жоғары беделге ие болған Прімбет Тұрмаханұлы 1981 жылы аға учаскелік инспектор қызметіне тағайындалды.
1985 жылы милиция майоры шенінде құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін де Прімбет Байтукаев ата қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Бүгін де басқарманың Ардагерлер кеңесінің мүшесі жеке құраммен кездесу барысында тәртіп бұзушылыққа жол берген полиция қызметкерлерін ортаға алып, ақылын айту арқылы жөнге салумен бірге, өзінің ақыл-кеңестері, бай іс-тәжірибелерімен бөліседі. Оларды Отанға адал қызмет етуге, азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғауға, халықтың сеніміне ие болуға шақырып отырады.
Прімбет ата құқық қорғау органдарындағы еңбегі ескеріліп, ІІМ-нің I, II, III дәрежелі, «Советник милицияға 50 жыл», «ҚР ІІО құрметті ардагері», ІІО мен Ішкі әскерлер ардагерлерінің қазақстандық кеңесі бұйрығымен «ІІМ құрметті ардагері», ОІІД-нің «Еңбек ардагері» медальдарымен наградталған.
Прімбет атаның 60 жыл отасқан зайыбы «Батыр ана» Зина апамыз саналы ғұмырын балаларының тәрбиесіне арнаған. Бүгін де үлгі тұтар, бақытты отбасына айналған ардақты ата мен әжеден тараған бес ұл мен екі қыз өмірден өз орындарын тауып, ел игілігі үшін еңбек етуде. Бір баласы полиция капитаны шенінде құрметті демалысқа шықса, кіші ұлы Қайрат елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқаруда.
Қазақта «бөркі бірдің, намысы бір» дейді емес пе, қартымыз қызметтік куәлікті ауыстырса да, намысты берген жоқ. Ардагеріміз басқарманың әрбір мерекелік іс-шараларында құрметті қонағы болса, қызметте арқа сүйер демеушіміз бола бермек.
Бүгінгі күні 25 немере мен 6 шөберенің қызығын көріп отырған Прімбет ата мен Зина апамыздың дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр тілеп, береке-бірлігіміздің ұйытқысы болар, өткеннің өнегесін болашақ ұрпаққа жеткізіп отырар осындай кісілер аман болса екен дейміз.
Сөзіміздің қорытындысында, құрметті Прімбет ата 90 жасты алқымдап жатқан мерей тойыңыз құтты болсын демекпіз! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз, немере-шөберелеріңіздің қызығын көре беріңіз! Ішкі істер органында аянбай қызмет етіп, бүгінгі күні ардагерлер кеңесінің мүшесісіз. Осындай еңбегіңізбен ішкі істер органында қызмет етіп жатқан көпшілікке үлгі боларлық дара тұлғасыз! Ұрпағыңыз өзіңіз секілді көпті көрген, көп жасаған дара тұлғалардан болып, үйіңізде қуаныштың таңы ата берсін!
Тағдырдың тарам жолында,
Еңбегі сіңген дарамыз!
Бәріде Алланың қолында,
Жамбылдай жүз жасаңыз!
Жүзіңіз дайым жадырап,
Бақыттың нұры кеп қонсын,
Қайратыңыз сарқылмай,
Мерейлі тойыңыз көп болсын!
Қызылорда қалалық ІІБ баспасөз қызметі
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |