КАНДАГАРДАҒЫ ҚЫРҒЫН

 Терең шатқал, құз тастар тым заңғар,

Қалды иесіз қанша орден, сан медаль.

Қалғып кетсем сен түсіме енесің,

Қанға бөккен қаралы тау, Қандағар...

Осынау өлең жолдары кім-кімді де елең еткізері анық. Отты да мұңды жыр шумақтарының әр сөзінен сақылдаған автомат, гүрс-гүрс жарылған мина дауысы, өлім тырнағына ілінгендердің  шыңғырған жанайқайы, алаулаған жалын, зарлана жоқтаған ана, безектей еңіреген баланың үні, жауынгерлердің қаһарлы атойы естілгендей күй кешесің. Төбе-құйқаң шымырлап, елімізде бейбіт күндердің  ұзағынан болуын Жаратқаннан жалбарына тілейсің.

Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепте алғашқы әскери даярлық пәнінен сабақ беретін  Алмат Аралбаев ұстаздығына қоса  көпшілікке мықты спортшы,  дарынды өнерпаз ретінде есімі жақсы мәлім. Алмат білім беру ұйымдары арасында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай ауыл түлегі, интернационалист жауынгер, запастағы аға лейтенант, марқұм Нұржан Әзиевті еске түсіруге арналған аудандық турнир өтетінін айтып, сол шараға қатысуымды өтінді.

Еске алу... Қандай ауыр сөз. Алайда тағдыр солай жазса амал қанша?! Есіме тірлігінде өзіммен тонның ішкі бауындай аралас-құралас жүрген, туғанымдай сыйласқан Нұржан інім түсті. Еріксіз ауыр күрсіндім. Жігіттің  сұлтаны деуге лайықты әнші, спортшы, сөйлер сөзге шешен сол азаматтың нағыз қамал алар кезінде, небәрі қырық жасында өмірден өтуі қандай өкінішті?! Өзегің өртене  түсіп, «атың өшкір, соғыс, неткен қатал едің?» дегенді сан мәрте қайталайсың.

Нұржан Жанқожа батыр атындағы елді мекендегі орта мектепті бітірген соң ауылда құрылысшы болып жұмыс істеді. Бір күні ауылдық кеңес хатшысы  әскерге шақыру қағазын әкеліп берген еді. Жазда пішен орып, бақша егіп дегендей, қара жұмыстың көрігінде шыңдалған  жігіт аудандағы, облыстағы дәрігерлік тексеруден сүрінбеді. Әскерге жаңадан келгендер Қырғызстанның Ало-Тоо деген жеріне келіп тоқтады. Тағдыр дегенді қойсаңшы. Көрші ауылда Ауғанстандағы ұрыс қимылына қатысуға тиісті арнаулы бөлімше орналасқан екен. Нұржандар бос уақытында соларға барып, арнаулы бөлімше жауынгерлерінің жаттығуларына қызыға көз тастаушы еді. Сүйсінгені соншалықты, осы бөлімшеге сұранды. Сынақтан сүрінбеді. Енді арнаулы бөлімше құрамында дайындық жаттығуларына қызу кірісті. Тәртіп  қатал.  Таң ағарғаннан түн жарымына дейін тыныштық жоқ. Алуан тәсілдерді меңгерді. Пышақ қадау, қолма-қол айқасқа машықтанды. Кейін бөлімшені Орта Азия әскери округінен жиналған жауынгерлермен біріктіріп, батальонға айналдырды. Жауынгерлердің дені қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік ұлтының балаларынан құралған болатын. Мұнан соң арнаулы батальон Түркіменстанның Гюк-Төбе қаласына жеткізілді. Енді жаттығудың күрделі түріне көшті. Парашютпен секірді. Нысана көздеді. Бұғаудан босанудың әдістерін үйренді. Жазық далада өскен Нұржанды  тауға өрмелеу қатты қинайтын. Бірақ өжет ауыл баласы мойымады. Өзгелерге қарағанда шөлге, суыққа төзімді болатын.

Ақпан айының бас кезінде арнайы жабдықталған батальон Термез арқылы Ауғанстан территориясына енді. Өмір мен өлімнің белдесуі басталды.  Бірде батальонға Кандагар қаласына баруға пәрмен берілді. Бұл сапар екі аптаға созылды. Жорық жолында талай рет дұшпандардың тосқауылына ұшырады. Ысқырған оқтар. Жарылған мина. Алғашқыда көңілге үрей ұялатқанымен, кейін бой үйренді. Минаға түсіп бірнеше техника істен шықты. Жараланғандар мен қаза тапқандар да болды. Көп қиындықпен Қандағарға да жетті. Сәл тынықтырып, ең қызу соғыс нүктесіне жұмсады. Бұларға Гелмент өзенінің жанындағы қыстақты азат ету тапсырылды. Қыстақ қолдан-қолға екі мәрте өткен екен. Батальон жауынгерлері бар күштерін салды. Алайда дұшпанның ірі күші шоғырланған аймаққа ұзақ уақыт кіре алмады. Шығын да көп. Біраз жігіттер оққа ұшты. Саяси жетекші Садықов жараланып госпитальға түсті. Ақыр соңында батальон қыстаққа басып кірді. Аула шайқасына көшті. Бір үйдің жанынан жүгіріп өте берген Нұржан қалт тоқтады. Жан түршігерлік көрініс. Есік алдында қанға боялған келіншек пен жігіттің денесі жатыр. Олардың жансыз мүрдесін құшақтап, егіле жылап кішкентай қыз отыр. Нұржанның көзі қарауытты. Алқымына өксік тығылды. Бір сәт бар дүниені ұмытқан. Қалшиып тұрып қалыпты. Взвод командирінің «Әзиев, жат!» деген жанұшырған дауысынан есін жиды. Көзіне еріксіз құйылған жасты сүртіп жата қалып,  алға қараған-ды. Қаба сақалды сарбаздар қоршап, жүгіріп келе жатыр екен. Кіжіне түсіп, автоматынан ұзақ оқ боратты. Санасын жаңағы сұмдық оқиға жаулап алған. Осы мезетте қарулас достары да көмекке келіп үлгерді. Көптеген сарбазынан айрылған қарсыластар қаша жөнелді.

Тағы бірде Нұржан мен қарулас серігі Мұрат Байсынов түнгі қарауылға тұрды. Екеуі өзен жағалауындағы окопта алма-кезек тынығады. Алдары өзен. Арқа беткейі таулы жартас. Әр жерден су арнасы мүжіген үңгірлер қарауытады. Қаруын қолына ұстап арлы-берлі адымдап жүрген Мұрат кенет кілт тоқтады. Іле-шала барыстай қарғып үңгірге кірді. Жанталасқан айқай өзен жағалауын жаңғыртқанда Нұржан көмекке ұмтылды. Сондағы көргені. Бір ауған сарбазы жерде  жатыр да, Мұрат екіншісінің тура алқымына мылтығын тіреп  тұрғаны болды. Тұтқындарды сыртқа алып шықты.  Бұл екеуін күндізгі ұрыс кезінде тосқауылға қалдырған екен. Түнде  қарауылды өлтіру, негізгі қолға жол ашу тапсырылған. Бірақ  ойлары іске аспады. Қырағы қарауылдардың арқасында солдаттар ажалдан аман қалды. Сап алдында Нұржан мен Мұратқа алғыс жариялаған батальон командирі екеуін наградаға ұсынғанын жеткізді.

Бір жолы взводқа тау шатқалындағы ауғандықтардың қару-жарақ қоймасын жоюға тапсырма берілді. Алайда тау ішінде взвод тосқауылға тап келді.  Жартастарға бекінген жау қорғасын оқты қарша боратқанда көптеген солдат мерт болды. Бірақ, бастаушы танктің үстіндегі Нұржан салқынқандылық танытты. Бөлімшесін қарсы ұрысқа көтерді. Қиян-кескі соғыс қас қарайғанша созылды. Ауа райының, түсер орынның қолайсыздығынан  десант тобы көмек қолын соза алмады. Алда тосқауылды бұзып өтіп, қалай да тапсырманы орындау міндеті тұрды. Шабуыл үдей түсті. Бұйрық  орындалды. Жау қоймасы отқа оранды. Сол күнгі шайқаста Нұржан ауыр жарақаттанып, ұзақ емделді. Елге  оралып, қызметке араласты. Шаңырақ көтеріп, перзент сүйді.

Өмір жалған! Ауғанстанда алған ауыр жарақатының зардабы запастағы аға лейтенант Нұржан Әзиевтің өмірін қиып кетті. Десе де, оның жарқын бейнесі туған жерінде мәңгі сақтаулы. Өзі білім алған №94 мектептің шәкірттері жерлесінің есімін мақтаныш тұтады. «Ер есімі – ел есінде!».

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 17 ақпан 2018 г. 980 0