ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР

Арман қуып Алматыға барған 1975 жылы жолымыз болып, оқуға түсіп кеттік. Қаланың іргесіндегі «Қорам» кеңшарында бір ай темекі жапырағын теріп, оқуға оралдық. Қызылордадан оншақты студент екенбіз. Оның ішінде Марат пен Серік үшеуміз бір ауданнан болып шықтық. Марат университеттің дайындық бөлімінен түскен екен, тез тіл табыстық.

Атақты ҚазГУ қалашығының алғашқы қоныстанушылары ретінде студенттік жылдар басталды. Журфактың бесінші жатақханасы өзгелерден аурасы бөлек болатын, мұнда болашақ журналистер, ақындар, жазушылар тұратындықтан болар өмір қыз-қыз қайнап жататын.

Мәкеңнің көшбасшылық қабілеті алғашқы кездерде-ақ байқалып қалды. Ересектер тобының старостасы болғандықтан, деканат пен топ арасында біраз терлеуге тура келетін. Бірде құрметті профессордың емтиханында бір қулар қымызға «ащы су» қосып жіберген бе, топтағы 20 студент бестік алып, арты шуға айналғаны бар.  Содан кейін емтихандар деканаттың бақылауымен өтетін болды.

Университет бітіріп жолдамамен елге оралдық. Марат Жүрсінбаев Арал кеме жөндеу зауыты комсомол комитетінің хатшысы қызметіне кірісті. Бұл зауыт Кеңес одағына белгілі өндіріс орны еді. Кейін мәлім болғандай, мұнда сүңгуір қайықтардың бөлшектері шығарылады екен. Мамандары Ресейдің жоғары оқу орындарында оқып, токарьлар мен дәнекерлеушілері қазіргі Санкт-Петербургтің кеме жасау зауыттарында тәжірибеден өтетін. Осындай тарихи орында жастар жетекшісі болып тәжірибе жинақтаған ол бұдан кейін аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, инспекторы, аупарткомның саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.

Нарық экономикасы басталған тоқсаныншы жылдары Марат кәсіпкерлікке бет бұрды. Тыңнан түрен салған жаңа кәсіпті табысты меңгеріп, жекешелендіру кезеңінде елге оралған еді. Бұл жылдары «Аралбалық» АҚ президенті, атқарушы директоры болды. Экономикалық байланыстар үзілген өтпелі кезеңде алып өндірісті сақтап қалу мүмкін болмады. Алға қойған мақсатына жетуді көздеп «Ақнұр» фирмасын құрып, балық кәсіпшілігін жалғастырды. Бұл сыртқы нарыққа, ауданнан Ресейге өнім шығарған алғашқы фирмалардың бірі еді. Туған жердің мәдениеті мен өнерін дамытуға үлес қосып, бірнеше жыл аудандық мәдениет бөліміне басшылық жасады.

Сала жанданып, экономика аяққа тұра бастаған жылдары облыста балық шаруашылығының мекемесі құрылды. Ол 2005 жылы Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік басқармасының Арал балық инспекциясы бөлімінің бастығы болды. Мәкең осы саланың ыстық-суығына күйіп, оның қыры мен сырын жақсы танып қалған еді. Ол байырғы кәсіптің жаңа заманға сай нарық қажет ететін талаптар тұрғысында жаңғыруының бастауында болды. Балықты аулап қана қоймай, оны өсіру мен қорғау және өңдеу секілді заманауи талаптар бірлесіп, қолға алынғанда ғана саланың өркендеуі өріс алатын еді. Сондықтан Арал балық қорғау инспекциясы көл мен теңіздің көлденең табысқа айналуына тосқауыл қоюмен қатар, оны қорғау, қолдау шараларына айрықша мән берді. Сол жылдардан бастап инспекция ұжымы балық шабақтарын құтқару акцияларын өткізіп, аулау лимитін белгілеу, балық қорын зерттеу мәселелері жөнінде ұтымды ұсыныстарға бастамашыл болды. Табиғат пайдаланушылар жұмысты жолға қойды. Көп жылдай дау-дамайға айналып, табысы аз сала саналатын балық кәсіпшілігі жүйелене бастады.

Қыс ортасында Қамбаш көлінде мұз астынан балық аулау маусымы басталатын. Ауданның жылым бригадалары осында жиналып, бөлінген жерлерінен береке теретін. Сол 2008 жылдың қысы бірде суық, бірде жылып, ақпанда жылымық кездер көбірек болған сияқты. Мұндайда әсіресе қалың қамыс өскен аумақтар қауіптірек келеді. Осындай қауырт та қарбалас науқан кезінде Марат мінген «УАЗ» автокөлігі мұз астына кетіп, қайран ер қапылыста қаза тапты. Азамат нағыз дер шағында, өмірі мен тәжірибесі толысқан, еліне, кәсібіне берері мол кезде қапияда мерт болды. Балықшы ағайынның бақыты да, берекесі де, қаупі де қара су деп отыратын үлкендер. Бұл жолы қара су қасірет әкеліп, қалың елдің қабырғасын қайыстырған еді. Міне, содан бері тіршілік толқытқан 10 жыл өте шығыпты. Қазіргі балық шаруашылығының жетістіктерін көргенде қар кешіп, мұз жастанған сол есіл ерлердің еңбегі қайтты-ау деп шүкіршілік етеміз.

Марат Жүрсінбаев туған жерімен терең тыныстаған, оның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан қоғамшыл азамат еді. Жаны жайсаң жанның мінезге бай, өмірге құштар бекзат болмысы қатарластарынан ерекшеленіп тұратын. Қай істе, қай қызметте болмасын ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, көпшіліктің құрметіне бөленіп жүруші еді.

Әкесі Бұрқан ақсақал сауда саласында қызмет еткен елге беделді адам еді. Ұлы Отан соғысының ардагері қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленовтің майдандас досы болатын. Алматыға барған сайын ақынмен кездесіп тұратын. Бүгінде анамыз Күлпаш тоқсанның төріне шығып, шөбере-шөпшегінің қолынан су ішіп отыр.

Міне, осындай әулетті Мәкеңнің сүйікті жары Ғалия шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңейтіп жалғастырып келеді. ҚР Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз – бүгінде аудандағы белгілі білім ордасының басшысы. Қиындықтарға қайыспай Мәкеңнің көзі де, өзі де болатын балаларын жеткізіп, шаңырағын шаттыққа бөлеп отыр.

«Адам ұрпағымен бақытты» дейді дана халқымыз. Абзал азамат өмірден ерте кетсе де оның жарқын істері мен өнегелі ғұмыры ұрпақтары арқылы жалғасып, елімен бірге жасауда.

Жұматәли ӘБДІРАМАН,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

ТАҒЫЛЫМ 17 ақпан 2018 г. 886 0