« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғаларының бірі де бірегейі, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Еділ Ерғожаұлы Ерғожин ширек ғасырға жуық уақыт ішінде Химия ғылымдары институтын басқара отырып, қазақ ғылымының дәрежесін көтеруге орасан зор еңбек сіңірді.
1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітірген Еділ Ерғожин қиындығы мен қызығы қатар жүретін ғылым жолын таңдап, жиырма бес жасында КСРО Ғылым академиясының академигі С.Р.Рафиковтың жетекшілігімен «Стирол мен дивинилбензолдың сополимерлері негізіндегі тотығып-тотықсызданатын синтездеу мен зерттеу» тақырыбына кандидаттық диссертациясын, 1974 жылы «Жаңа ионалмастырғыштар және тотығып-тотықсызданатын полимердің синтезі мен түзілу заңдылықтарын зерттеу» атты докторлық диссертациясын қорғады. Отыз үш жасында мұндай жетістікке сол кезеңде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандардың қолы жететін, ал қазақ жастарының арасында бұл тіпті сирек құбылыс еді. Жоқ десе де болатын.
Білім және ғылым жүйесіндегі сан-салалы, қым-қуыт қарбалас жұмыстарда жүріп, талантты ғалым, ұлағатты ұстаз «Бұлақ көрсең - көзін аш» деген қағидамен талай жастың болашағына бағдар беріп, талпыныстарын қолдап, тың ойлармен қанаттандырудан жалыққан емес.
1988 жылы тамызда Е.Ерғожин ҚазКСР ҒА Химия ғылымдары институтына конкурстық негізде директор болып сайланды. Ол Қазақстанның жетекші институттарының бірі – ҚазКСР ҒА Химия ғылымдары институтындағы көптеген мәселелерді шешуге қайрат-жігерін аянбай жұмсады. Оның жетекшілігімен аталған институт республикадағы химия саласындағы ғылыми бағыттарды дамытуда, жоғары білікті мамандар дайындауда, зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуде, сан қырлы ғылыми және іскерлік байланыстарды орнатуда жаңа екпін алды. Химия және химиялық технология саласындағы шетелдік жетекші ғылыми орталықтармен байланыстардың нығаюына, ғылыми қызметкерлердің жаңалықтарын шет елдерде патенттеуге, халықаралық симпозиумдар мен конференцияларды ұйымдастыруға, тұтастай алғанда елімізде химия ғылымының дамуына ерекше үлесі қосты және бүгінгі күні де белсене атсалысып келеді.
Ғалым әлемдік ғылыми қауымдастыққа кеңінен танымал, жоғары молекулалық қосылыстар химиясы мен ионалмасу бағыты бойынша Қазақстан химиктер мектебін құрды. Ол осы уақытқа дейін 13 ғылым докторы, 95 ғылым кандидаты, 4 философия докторын (PhD) даярлап шығарды. Осынау ғылым жолын таңдаған шәкірттерінің қазір еліміздің ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жемісті еңбек етіп жүрген жайы бар.
Ғылыми кадрлар әлеуетін арттыру Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қызметінің стратегиялық басымдығы. Осы ретте Ә.Б.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтымен әріптестік байланыстың орны ерекше. Е.Е.Ерғожиннен дәріс алған, ғылымның қиырына бастар жолда бағыт-бағдар алып, зерттеу жұмыстарын нәтижелі жүргізген бірнеше ғылым кандидаттары университетімізде жемісті еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда академиктің бұл химик-шәкірттері Сыр өңіріндегі іргелі білім ордасының шынайы мақтаныштары.
Жақында академик Е.Е.Ерғожин өзінің құнды ғылыми еңбектерін, монографиялары мен оқулықтарын Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кітапханасына сыйға тартты. Академиктер Б.А.Жұбанов, Қ.Д.Піралиевтердің редакторлығымен жарық көрген 2 томдық еңбекте көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, ірі ұйымдастырушы Е.Е.Ерғожиннің өмірі мен қызметі, кәсіби өсуінің ұмытылмас белестері туралы баяндалып, хронологиялық тәртіппен сонау 1964 жылдан бастап жарияланған мақалалары мен очерктері жинақталған. Ғылыми құндылығы өлшеусіз болып табылатын еңбекте іргелі, қолданбалы және инновациялық зерттеулердің, сондай-ақ, отандық жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелер мен өнеркәсіптер үшін жоғары сапалы мамандар даярлаудың басым бағыттары кең көлемде қарастырылған.
Е.Е.Ерғожиннің «Термопластар негізіндегі көп функциялы композициялық полимерлер» атты монографиясында полимерлердің механохимиялық синтез саласындағы жаңа термоэластопластар және олардың негізіндегі көп функциялы композициялық материалдарды алу технологиясының теориялық және эксперименттік зерттеу жұмысының нәтижелері жинақталған. Зерттеулерде термопластар негізіндегі көп функциялы композициялық полимерлерге ерекше назар аударылған. Өнеркәсіпте полимерлер өндірудің көлемдерін ұлғайту мақсатында олардың ерекше физикалық-химиялық қасиеттеріне жүргізілеген зерттеулердің маңызы айрықша. Бұл қатарда полиэлектролиттер мен комплексондардың химиялық құрамын, қасиеттерін өзгерте отырып, қажетті өнімді синтездеудің жаңа мүмкіндіктері зерттелген. Сондай-ақ, түрлі саладағы өнеркәсіптерде негізгі материалдар және құрылымдық модификаторлар ретінде термоэластопластар мен олардың негізіндегі композициялардың қолданылу келешегі жан-жақты көрсетілгенін айтуымыз керек.
Ғалымның «Полиэлектролиттер мен комплексондар» атты монографиясында заманауи қалдықсыз сорбциялық технологиялардың негізі ретінде - ионалмастырғыш, тотығып-тотықсызданатын полимерлер мен комплексондар қарастырылған. Оларды синтездеудің тиімді жолдары туралы құнды теориялық және эксперименттік зерттеулердің нәтижелері баяндалған. Полиэлектролиттер мен комплексондардың практикалық қолданылуына келетін болсақ-өнеркәсіптік суларды тазартуда, гидрометаллургияда түсті металл иондарын бөліп алуда өте тиімді.
Сыйға тарту етілген кітаптар бейорганикалық және органикалық заттардың химиялық технологиясы, жоғары молекулалық қосылыстар химиясы, мұнай-газ химиясы, органикалық синтез, гидрометаллургия, қоршаған ортаны қорғау салаларында жұмыс жасайтын ғылыми және инженерлік-техникалық қызметкерлерге, бейінді кафедралардың профессор-оқытушылары, РhD докторанттары, магистранттары және студенттері үшін таптырмас құнды ғылыми еңбектер жиынтығы десек артық айтпаймыз.
Акамедиктің «Менің ғылымдағы өмірім. Ғалымдармен 21 сұхбат» атты кітабында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі, А.Бектұров атындағы химия ғылымдары, Д.Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институттарының жетекші ғалымдарымен жүргізілген сұхбат материалдары берілген. Бұл сұхбаттардың арасында «Мен ызғарлы көктемнің перзенті едім» деген тақырыпта өзінің естелігі баяндалған. Сұхбатта ғалымның балалық шағы, ғылымға келген жолы, түрлі кедергілер мен қиындықтардан өту тәжірибесі сияқты сауалдарға жауап алынған. Бұл кітаптағы материалдар еліміздегі ғылыми интеллигенцияның қалыптасуы мен өсу жолдарына қатысты толыққанды тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді.
Ғалымның «Ғылым және ғалымдар туралы мақалалар» (Статьи о науке и об ученых) атты кітабында әр кезеңдердегі ғылымның мәселелері, олардың талқылануы мен дер кезінде қабылданған оңтайлы шешімдері, ғалымдардың өмір жолдары мен еңбектері туралы құнды материалдар жинақталған.
Қазақ ғылымының әлеуетін көтерудегі мемлекет алдындағы еңбегі өлшеусіз, ғылым саласындағы жетістіктері орасан зор тұлға болса да Еділ Ерғожаұлы өмірде өте қарапайым. Адамгершілік қасиеттері және жайдары жаны айналасын өзіне баурамай қоймайды. Оның үлкен ғылыми зерделілігі, ғылыми бағыттарының ауқымдылығы, жаңалықтарға сезімталдығы, шығармашылық қабілеттілігі, қажырлы қайраты –әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беруде. Егемен елімізідң ертеңі жан-жақты білімді, зерделі ұрпақ десек, келешек жастардың жарқын болашағы мен игілігі үшін ұлт руханиятының асыл қазынасындай шығармалары мен туындыларын тарту еткен академик Еділ Ерғожаұлына айтар алғысымыз шексіз.
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ұжымы
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |