Сыры мол Садық ахун

«Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық – балаларының болашағын да қамдай алмақ».

Н.НАЗАРБАЕВ.

Сыр елі тарихы ишандар мен ахундар есімінен кенде емес. Ишан – әулие, яғни уәлі, Алланың досы деген мағына берсе, халық ішінде уағыз-насихат арқылы дін ақиқатын таратушылар – ахунның тікелей анықтамасы. Айтқожа, Марал, Құлболды, Қалқай, Молдашер, Мырзабай, Ораз, Тапал, Қалжан, Алдашбай, Садық секілді ишандар мен ахундар ел аралап діни білім алып, туған ауылына келіп  шариғат шарттарын үйретумен айналысқан. Әңгіме басында мына бір нәрсені айта кетсек, біздің ишандар мен ахундар кімдер еді деген ойымызды орнықтыра түседі.

Бірде Сыр еліне жолы түскен павлодарлық дінтанушы Олжас Сәндібек осы сапары жөнінде мынадай пікір қалдырыпты: «Біз келген үй иелері намаз оқып болған соң, «ишан атамыздан қалған дүниелер еді» деп біраз кітаптарды әкеліп көрсетті. Мен олардың ішінен грамматикалық, фикх, ақида кітаптарын көрдім. Қазір бұл кітаптардан сабақ беруді айтпағанның өзінде, оларды ежелеп оқи қоятын біреу бар ма екен?» Осы сөзден-ақ ишандар мен ахундардың оқыған-тоқығанын бағамдай беріңіз. Бүгінгі тілмен айтсақ, олардың білім дәрежесі профессор не академик атағынан кем емес, бәлкім артығырақ.

Дәл осы бағаны Садық ахун Қодарұлына қарата айтуға әбден болады. Ол кісінің басқа ахундардан айырмасы білім алуда «Көкілташпен» ғана шектелмеген. Садық ахун Иран мен Франция елдеріне барып, бірнеше жыл медицина оқумен шұғылданып, осы саланың ғылымын меңгерген. Тіпті, білімде алғыр, ісінде шебер Садықты француз ғалымдары сол жақта қалып, медицинаны дамыту жолында бірге еңбектенейік деп үгіттеген. Бірақ, ахун туған ауылына келіп, жиған білімін ел-жұртының игілігіне жұмсауды мақсат еткен.

«Ісінде шебер» деген теңеуді айтып отыру себебіміз, емшілік Садықтың бойына ата қанымен келген. Оның өз әкесі Қодар батыр болса, арғы аталары атақты емшілер екен. Садық ахунның ауыр науқастарды, оның ішінде экзема, простатит сияқты аурулардың асқынған түрін емдеуі, көзге түскен ақты алып түсетін дәру табуы – емшілігінің тек оқумен қонбағанын көрсетеді. Қазір тауық союға қолы дірілдейтін балалардың медоқу бітіріп, ем-дом жасаймын дегенін адам тағдырына селсоқ қарауымыздың бір көрінісі екенін айтпай, ауруымызды жасырып жүрміз. Бұл – әрине, өкінішті.

Ал, ахунның баласы да, немересі де, шөбересі де ақ желеңді абзал жандар атанып, дәрігер мамандығын алып, еліне қызмет етті, әлі де қызмет етіп жүр. Ата қанымен келген мамандықты игергендіктен де халыққа пайдалы, сыйлы бола білді. Ахунның немересі Бектұрған Тәждинұлы туған ауылында отыз жыл дәрігер болса, бүгінгі жұрт жақсы білетін облыстық медициналық орталық дәрігері Жандос Бектұрғанұлы – Садық ахунның шөбересі.

Кеңес өкіметінің дін өкілдерімен дүрдараз болғаны белгілі. Сондықтан ишан-ахундар мен молдалар қызыл өкімет қуғынын көрді. Құдайсыздар қоғамы аталған сол заманның зауалымен күрескен әрі батыр, әрі ишан Жолай Ақмырзаны намаз оқып отырған жерінен құрбандыққа шалған қызылдар мешіттерді бұзып, діни кітаптарды өртеп жіберді. Ақмырзамен байланысың бар деп Садық ахунды да Ақмешіт түрмесіне жапты. Ахун түрме бастығының әйелін емдеп жазып, сол кісі Алматыға қайта-қайта барып, жоғарғыдағыларға Садық халық жауы емес, халық емшісі деп ақыры дәлелдеп, қамаудан босаттырған. Түрмеден шыққан ахун 1920 жылдан кейін туған ауылына келіп, өмірінің ақырына дейін ауру шалған адамдарға дәремет дарытып, балаларға білім беріп, бар күш-қайратын халқының салауаттылығына арнады.

Тәуелсіздігімізді алып, рухани қазынамыз бен елім деген ерлердің атын қайта жаңғыртқан тұста Жалағаш, Сырдария аудандарындағы «Ленин» совхозына Тұрмағанбет, «Мәдениетке» Мырзабай ахун, «Калининге» Бұхарбай, «18 Партсъезге» А.Тоқмағанбетов, «21 Партсъезге» Қалжан ахун деген атаулар берілді. Бұл жергілікті жұртты қуантып қана қоймады, ұрпақ тәрбиесінде ерекше рөл атқарған ізгілікті іс болды. Сол кезде, 1993 жылы «Ақжарма» ауылының 360 тұрғыны қол қойып, ауыл атын Садық ахунның атына беру туралы аудан басшылығына өз өтініштерін білдірген болатын.

Міне, бүгін сол бастама халық тарапынан тағы да қозғалып отыр. Осы тұста біз Садық ахунның халық алдындағы еңбегін еске түсіріп өтуді жөн санадық.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

ТАҒЫЛЫМ 10 ақпан 2018 г. 1 516 0